Қоғамдағы әртүрлі кезеңдер мен сәттерде кез келген көмек түрін көрсетіп, қолдау күткендерге жанашырлықпен қол ұшын соза білетін еріктілер биыл елімізде орын алған індет кезінде де үлкен жұмыстар атқарды. Олар денсаулық сақтау мен құқық қорғау органдарымен қатар елімізде орын алған қиын сәтте қауіпке қарамастан қамқорлыққа мұқтаж отбасылар мен жалғыз басты қарияларға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларына белсене атсалысты. Еріктілердің тарапынан жыл бойы атқарылған жұмыстар көпшілікке мәлім. Өткен аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаев жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысына қатысып, қарасайлық волонтерлердің бір жылда атқарған істері жайлы тындап, белсенділік танытқан еріктілерді марапаттады.
Аудан басшысының төрағалығымен өткен жиында күн тәртібіне сәйкес алдымен аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова ағымдағы жылы жастар саясаты саласында Қаскелең қаласы мен ауылдық округтерде атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Ол өз сөзінде жастарды қоғамдық жұмыстарға қатыстыру мақсатында Елбасы бастамасымен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмыс жасап жатқан еңбек жасақшыларының көмегімен биыл ауданымызда «Таза өзен», «Жастар таза қала үшін», «Гүлдене бер, туған ел!», «Таза Қарасай», «Таза аймақ» сияқты бірқатар акциялар өткізілгенін жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер мен «Nur Otan» партиясы, «Kusto group», «Наурыз жәрдемі», «Халық» қайырымдылық қоры сияқты бірқатар ұйымдар мен компаниялармен бірігіп, карантин кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түліктер, вирустан қорғайтын қорғаныш заттар таратылған. «Сақтықта қорлық жоқ» акциясы аясында еріктілер өз қолдарымен тігіп, 10 000-ға жуық бетперделер үлестірілген. Мұнан бөлек бір жылдын ішінде ауданымыздың жастары жоғарыда атап өткендерден басқа спорттық, діни, мәдени бағытта көптеген іс-шараларды да ұйымдастырған.
Мұнан кейін жастарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова баяндап, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында не істелгені жайында кеңінен айтып өтті. Жұмыспен қамту орталығы басшысының мәлімдеуінше, биыл ауданда 8 жас жұмыссыз азамат кәсіби оқыту және қайта даярлау курстарына жіберілген. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 10 азамат шағын несие алып, «Бизнес бастау» арқылы 17 жас мемлекеттік грантқа ие болған. Сондай-ақ, жастар тәжірибиесіне жоғарғы және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген 113 жас маман жіберіліп, 22 азамат әлеуметтік және 562 азамат қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген. Жалпы, жыл басынан бері ауданымызда 1676 жас тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова сөз алып, волонтерлік жұмыстың қоғамдағы маңыздылығына тоқтала отырып, әр кезде қайырымды істердің басы-қасында жүретін жастарға шын жүректен алғысын айтты.
Санитарлық талапқа сай өткізілген жиын соңында аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы «Біз біргеміз!» жалпыұлттық акция аясында ерікті ретінде белсенділік танытқан жастарға ризашылығын білдіре отырып, бірқатарына өз атынан Алғыс хат пен «Жыл еріктісі – 2020» деп аталатын сыйлықты табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.