Таяуда өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев облыс аумағын аралап, заманауи талаптарға бейімделген бірқатар аграрлық кешендерде болды. Олардың жұмысына ден қойып, инновациялық даму деңгейіне баға берді. Жаңашылдықты қалай меңгеріп жатқандықтарына назар аударып, алдағы уақытта орындалуы тиісті өзекті мәселелердің жай-жапсарларын анықтады. Сондай-ақ, жұртшылықты 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Ұлттық стратегиялық тұжырымдамасымен де таныстырды.
Жалпы, Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласын көргеннен соң, министрдің іс-сапары біздің аудандық мәдениет үйіндегі үлкен жиында қорытындыланды.
Айта кету керек, Өмірзақ Естайұлы өңір әкімі Амандық Баталовпен Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы тиісті бағыттар бойынша атқарылатын шаралармен танысу мақсатында ең алдымен Еңбекшіқазақ ауданына болды. Ондағы егіс алқаптарына, интенсивті бақтарына және жеміс ағаштарын кесуге арналған заманауи арнайы техникаға жақсы бағасын берді. Алайда, министр қазіргі кезде бақ өсіруді дамытуда жүйелі жұмыс қажет екенін, зәкірлі кооперация қалыптастыру керектігін де атап өтті. Мұнан кейін, вице-премьер Қапшағай қаласындағы жылыжай кешеніне болып, іс барысымен танысып, Іле ауданындағы құс фабрикасына барды.
Ал, Қаскелең қаласындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кең ауқымды жиынға Амандық Ғаббасұлы бастаған облыстық тиісті мекеме басшылары мен кәсіпкерлер, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев және аудандық ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері қатысты. Онда, вице-премьер облыс басшылығының ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарына оң баға беріп, Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенінің даму жетістіктерін атап өтті. Ал, өз кезегінде облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы көрсетіліп отырған қолдаулар үшін ризашылығын айтып, өңірдегі асыраушы саланың дамуы әлі де белсенді түрде жалғаса беретінін жеткізді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.