Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі №19-20 үйдің халқы іргелес жатқан моншаның қожайынына наразылықтарын білдіруде. Айтуларынша, бизнес өкілі осы аталған үйдің аумағы арқылы қосымша есік орнатып, өзінің кәсібін тиімді түрде жүргізбекші. Бұрын дәл осы есік арқылы моншадан шыққан демалушылардың арасында жанжал, айғай-шу болған екен. Осы жағдай тағы қайталанбас үшін тұрғындар байбалам салып, алдын ала қарсылық танытуда.
– Қазіргі уақытта моншаның есігі жабық тұр. Бірақ осыдан екі жыл бұрын бұл есік айқара ашық тұрған. Түннің бір уағында демалушылар ішімдікке сылқия тойып алып, №19-20 үйдің маңайында шу шығарып, тіпті, дәл тереземіздің түбінде төбелес шығарған болатын. Бұл жағдайдың тағы қайталанғанын қаламаймыз, – деп ашынуда №19 үйдің белсендісі Ольга Қуанышева. Көршісінің сөзін қарама-қарсы орналасқан №20 үйдің тұрғыны Нұржан Жұматаев та растап отыр. Оның айтуынша, бұл есік қазір жабық тұрғанымен, алдағы уақытта ашылады деген сыбыс бар.
– Егер ол ашылатын болса, онда кәсібін жүргізгісі келетін басқалар да соны жасайды. Бұлай жалғаса берсе, біздің аумағымыз бен көрші ауылдың арасын бөліп тұрған қоршаудың орналасудағы мақсаты қандай? – дейді тұрғындардың сөзін жақтаған Н.Жұматаев.
Наразылықтарын айтудан жалықпаған тұрғындардың қай-қайсы болса да өздерінің мүдделері үшін соңына дейін баруға дайын. Өйткені тыныштықты қалайтын асылармандықтар «бұл есік арқылы әртүрлі адамдар келуі мүмкін және олардың бәрін қадағалай алмаймыз», деп шырылдауда. Осындай пікірдің бірін №19 үйде тұратын Айнұр Тулақова айтып, өз жерін қорғау үшін ештеңеден тайынбайтынын жеткізді.
Туындаған мәселенің шешілуіне бір ықпал ететін жауапты мекеменің бар екені анық. Осы ретте Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Өміржан Апсаматовтың да ойын білуді жөн санадық. Жергілікті әкімдік өкілі бұл жайттан хабардар екенін айтып, тұрғын үй кешеннің ішкі жұмыстарына жауапты «Сервис Комфорт» басқарушы компанияның басшысы Арғынбай Рысалдиевпен сөйлескенін түсіндірді.
– Алдағы уақытта жоғарыда аталған тек екі үйдің халқынан қол жиналады. Көпшілік қарсы болған жағдайда бұл есік ашылмайды. Сондықтан мұны тек тұрғындар шешеді, – деген Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Өміржан Апсаматов мәселенің мән-жайына қатысты төрелікті осылай түсіндірді.
Қол жинауға қатысты тұрғындар тағы бір уәждерін жеткізді. Олардың сөзіне сүйенсек, осы уақытқа дейін моншаның қожайыны бұл аумаққа қатысы жоқ басқа үйлердің тұрғындарынан көп қол жинаған. Сондықтан бұл жағдай тағы қайталанбауын талап етеді. Мұны түсінген әкімдіктің өкілі Ө.Апсаматов тек екі үйдің ғана пікірі ескерілетінін анық дөп басып айтты. Оның сөзіне сенсек, дәл осы мәселе бойынша «Сервис Комфорт» басқарушы компанияның ықпалымен ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін өтетін жиында өткізіліп, шешімін нақты белгілі болады.
Моншаға қатысты мәселе жергілікті әкімдіктің назарына ілінгендіктен алдағы уақытта асылармандықтарың пайдасына шешіледі деген үміт бар. Ең бастысы тұрғындардың үні ескеріліп, тыныштығы күзетілсе игі еді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.