Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Қазақтың дүниетанымында «ауыл» ұғымының берік орын алғаны да сондықтан. Сол ауылдың ажарлана түсуі мал мен егін шаруашылығының кеңінен өріс алуына да тікелей байланысты. Тау құшағында өмір сүріп жатқан жандардың тірлігіне тыныс беретін – төрт түлік мал. Атамыз қазақтың ықылым заманнан келе жатқан ата кәсібі де мал бағу. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан осынау игілікті іс арқылы ырысы мен берекесін кіргізіп, табысын тасытып отырған қыр қазағы шүкір, жетіп артылады.
Тәуелсіз Отанымыз ауылшаруашылығын оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүйелі жүзеге асырып келеді.
Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ ауылдық округіне қарасты Жалаулы ауылының тұрғыны, еңбекқор азамат, «Абзал» шаруа қожалығының төрағасы Қанапия Саниязов үшін бүгінгі таңдағы шаруашылық жайы берекелі болды . Оның көптен бергі ізгі арманы, биік мақсаты – асыл тұқымды архар-меринос қойын өсіру, өз төлі есебінен көбейту. Сол ойына биыл қол жеткізді. 180 бас асыл тұқымды аналық архар-меринос қойын, 7 қошқарын сатып алып, шаруасын жүргізіп келеді.
– Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры біз секілді мал шаруашылығын дамытуды көздеген жандарға қолайлы жағдай жасап отыр. Аман-есен қой басын өз төлі есебінен көбейте берсем, жағдайым жақсара түседі, – дейді «Абзал» шаруа қожалығының жетекшісі Қанапия Саниязов.
Аталған қожалықтың 25 гектар егістік, 15 гектар шабындық, «Кеген орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінен алған 100 гектар жайылымдық жері бар. Бүгінгі таңда Қанапия ағамыз қойын бағып, оған қажетті мал азығын дайындап, қауырт жұмыстармен күндерін жалғап келеді. Өмірлік серігі Айнұр Исаева – бастаған ісін қолдаушы әрі белді көмекшісі. Атамыз қазақта: «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөз бар. Өрісін қоймен көркейтіп, үлкен іске бет бұрған Қанапия ағамыздың алар асулары алда. Ата кәсіп – ерге нәсіп. Қой өсіруді қолына алған азаматтан күтеріміз көп.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Жалаулы ауылы,
Кеген ауданы.