«Алтын орда» жақтағы жолдың құрылысы бітіп, пайдалануға берілгені белгілі. Ал, осы маңда орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен шығатын көліктерге арналған «таға» тәріздес аспалы көпірдің жұмысы әлі сол қалпында. Тұрғындардың айтуынша, бірде-бір техника да, жұмысшы да байқалмайды. Расымен де, бағандары орнатылып, аяқсыз тұрған құрылысты осы жерден әрі-бері өткендер бірден аңғарады. Сонымен 25 мыңнан астам халқы бар тұрғын үй кешенінің аспалы көпірі қашан бітуі мүмкін?
Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалды осы жұмысты қадағалаушы, әрі жауапты «QazAvtoJol» АҚ ҰК-ның Алматы облыстық филиалынан жауап алуды жөн санадық. Нақты ақпаратты аталмыш филиалдың сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы Ернар Нұржауұлы жеткізіп, құрылысқа қатысты мән-жайды түсіндірді.
– Қыс мезгілі болғандықтан қазіргі уақытта жұмыс уақытша тоқтатылды. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, 2021 жылы құрылыс материалдары күрт қымбаттауына байланысты бүгінгі таңда аталған жоба қайтадан есептеліп, сараптамадан өтуде. Өйткені, құрылысқа ең қажетті болып табылатын арматура және бетон сияқты материалдардың нарықтағы бағалары артқанын айта кету керек. Жұмыстың тоқтауына кедергі келтіріп тұрған осы екі себеп, – деген Ернар Нұржауұлы құрылыстың аяқсыз қалуына осындай мәлімде жасады.
Ал, жұмыстың қашан жалғасатынын, яғни, сараптама нәтижесі қашан белгілі болатынын сұрағанымызда бас маман оны күннің жылынуымен байланыстырды. Оның айтуынша, 2022 жылдың көктем айларында жобаның қайта есептелуі нақтыланып, құрылыс қайта жалғасады. Нақты айтқанда, тұрғын үй кешеннің кіреберісінде салынып жатқан көпірдің салынуы ағымдағы жылдың соңына дейін бітеді. Дегенмен, сараптама нәтижесі тезірек шықса, аталған жоба жаз айларында бітуі мүмкін деген болжам да бар.
Жоғарыда аталған ең негізгі екі себептен басқа құрылыстың еш алаңсыз жалғасуына тосқауыл болып тұрған тағы бір кедергі, ол – осы маңдағы шағын базар. Оның орналасуы көпір құрылысының қасынан салынатын көліктерге арналған екі жолақты жол мен жаяу жүргіншілер жолағының салынуына бірден-бір бөгет келтіруде.
– Базардың қожайыны мен жергілікті атқарушы органдар арасында бастапқыда келіссөздер жүргізілген. Алайда, сатып алу мен сату бағаларына қатысты екі тараптың ойы бір жерден шықпағандықтан, қазіргі уақытта бұл іс сот арқылы шешілуде. Егер басында бұл шаруа нақты шешілгенде, осы маңдағы құрылысты бірден бастап кетер едік, – деп түсіндірді бас маман Ернар Нұржауұлы.
Құрылысқа қатысты сараптаманың нәтижесі шыққан соң, алдымен темір тұлпарды тізгіндейтін асылармандықтар үшін бұл жерде уақытша Алматы қаласына қарай тікелей шығатын жол қарастырылмақ. Яғни, қазіргідей автокөліктер Райымбек ауылдық округі арқылы өтетін тасжолды айналмай, қысқа бағытта қатынайтын болады. Бұл – осы жылдың көктем айында қолға алынатын жұмыстар.
Сонымен «Асыл арман» тұрғын үй кешені халқының игілігіне берілетін аспалы көпірдің құрылысы жақын арада бітуі екіталай. Уәде етілгендей, осы жылы нақты пайдалануға беріледі. Қысқасы, қымбатшылыққа қатысты қажетті материалдардың қайта есептелуіне байланысты.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы жобаға «Алтын орда» базары маңындағы құрылысты бастап аяқтай алмай кеткен «ДәулетДорСтрой» ЖШС жауапты. Аталған мердігер мекеме жұмысты аяқтау үшін 40-қа жуық маман мен 9 техниканы жұмылдырған. Қазір қыс мезгілі болғандықтан олардың көбісі жоқ екенін де айта кету керек.
«Алматы – Бішкек» тасжолына қатысты мәселе қозғалғаннан соң, реті келіп «Алтын орда» базары маңындағы жолдың соңғы төсемі жайлы сұрауды жөн санадық. Естеріңізде болса, өткен жылдың 25 желтоқсанында пайдалануға берілген жол әзірге асфальттың соңғы төсемінсіз іске қосылған болатын. Бұл мәселе жөнінде сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы Ернар Нұржауұлы нақты жауап берді. Оның айтуынша, технологиялық талаптарға сәйкес ауа райы жылығанда, яғни, көктем кезінде жолдың беті соңғы төсеммен тегістеледі. Оның құрылысы ары-бері өтетін көліктерге еш кедергі келтірмейді. Сондай-ақ, кептеліс те болмайды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.