«Асыл арманда» әлі күнге дейін халыққа қажеттінің бәрі де арман. Мегаполис болып саналатын Алматының іргесінде орналасқан, Қарасай ауданына қарасты бұл тұрғын үй кешеннің бүгінгі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелері жетіп артылады. Соның бірі – тасжолдың бойында бірден көзге түсетін «Асыл армандағы» көліктерге арналған аспалы көпір.
Құрылысы біраз уақыттан бері тоқтап қалған эстакаданың жұмысы осы айдың алғашқы күнінен бастап қайтадан жанданды. Алайда көптің көңіліне күмән тудырған бұл жердегі құрылысқа қатысты сұрақтар жетерлік. «Ойда жоқта тоқтап қалған көпірдің салынуы алдағы уақытта қалай жалғаспақ?» «Дәл осы қарқынмен аспалы көпір аяқталады ма?» деген сауалдар, әсіресе, тұрғын үй кешеннің халқын қатты алаңдатады.
Халықтың шағымын, өтінішін ескере отырып, жоғарыда аталған сұрақтарға жауап алу мақсатында күре жолға жауапты «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровты сөзге тарттық.
– «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі бұл аспалы көпірдің толықтай бітуіне басында «ДаулетДорстрой» ЖШС жауапты еді. Алайда осы жұмысты белгіленген уақытта аяқтай алмағандықтан, олармен келісімшарт бұзылды. Қазіргі уақытта мұндағы жол құрылысымен «Golden City DS» ЖШС айналысады. Бүгінгі таңда нысан айналасында мердігер компанияның 30 маманы мен төрт техникасы жұмыс істеуде. Аталмыш серіктестікпен жасасқан келісімшарт бойынша көліктерге арнайы салынып жатқан эстакада 2023 жылдың қаңтар айында бітеді, – деп түсіндірді Нұржан Тоқтасынұлы.
«QazAvtoJol» ұлттық компаниясы өкілінің сөзіне сүйенсек, мұндағы құрылыс қарқыны жақсы байқалғандықтан «Асыл армандағы» аспалы көпірді 2022 жылдың соңына таман аяқтау жоспарда бар. Эстакаданың үсті екі жолақты болады. Тұрғын үй кешеннен шығатын көліктердің легі осы көпір арқылы бірден «Алматы – Бішкек» тасжолына қосылады. Ал «Асыл арманға» кіретін көліктер дәл көпірдің жанындағы екі жолақты асфальтты жол арқылы жүреді. Оның қасында жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та салынады. Алайда бұл жұмыстарға қатысты ең негізгі кедергі – осы маңда орналасқан базар. Н.Таңатаровтың айтуынша, бүгінгі таңда сауда орталығының қожайынымен келіссөздер жүргізілуде. Онымен аудандық әкімдік айналысуда. Жоба бойынша базар толығымен сүрілуі тиіс.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.