«Асыл арман» халқы асыға күткен жаңа мектеп өткен аптада техникалық тұрғыдан ашылған еді. «NOMAD» деп аталатын үш қабатты білім ошағы қазіргі уақытта жаңа оқу жылына дайындықтарын пысықтауда. Ал мектеп әкімшілігі өз тарапынан оқушылардың құжаттарын қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Десе де бүгінгі таңда аталған білім мекемесінің жұмысына қатысты ата-аналардың тарапынан айтылар арыз-шағымдар жоқ емес. Әсіресе, оқушыларды ақылы немесе ақысыз негізде оқытуға қатысты сұрақтар көп. Сонымен қатар жекеменшік мектептің жаңашыл бастамалары да көпшіліктің талқысына салынуда. Алайда бұл білім ошағы «жан басына шақққандағы қаржыландыру» бағдарламасы аясында әрі мемлекеттік білім беру стандартына сай жұмыс істейтіндігін ескерген жөн. Осыны негізге ала отырып, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаевадан елді алаңдатқан сауалдарға жауап алуға тырыстық. Айтуынша, бүгінгі таңда «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде тұратын ата-аналар үшін алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл мектеп 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы, «Advennto» ЖШС және Қарасай ауданының білім бөлімі арасында үшжақты келісімшарт аясында салыну жоспарланғандықтан, балаларды тегін оқыту мәселесі бірден шешіліп қойған.

– «Асыл арман» аумағында орналасқан мектептің басты мақсаты – аталған тұрғын үй кешенде тұратын балаларға білім беру.
Әрине, бұл жекеменшік мекеме болғандықтан, мектеп басшылығы ақылы қызмет көрсетуге де құқығы бар. Бірақ олар «жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы бойынша 2000 оқушыны тегін оқытуы тиіс. Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Яғни «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен басқа жаққа барып оқып жүрген оқушыларды ата-аналарының келісімен жаңа мектепке орналастырып жатырмыз. Оның тізімі осы аптаның соңында аталған мектептің хабарландыру тақтасына ілінеді.
Бұл ретте айта кету керек, үшауысымда оқытып жатқан Кемертоғандағы және Іргелідегі Л.Толстой атындағы орта мектептерге барып оқитын балалардың құжаттары ауысу тәртібі арқылы автоматты түрде жаңа мектепке қабылданады. Ал басқа қала мен ауылдарда білім алатын оқушылардың тізімі жергілікті әкімдік арқылы жасақталады. Одан кейін ата-аналардың бәріне мектепке қабылдау жөнінде талон беріледі. Оны бұрынғы оқып жаткен білім мекемесіне апарып, құжатын алып, жаңа мектепке әкеліп өткізуі тиіс.
Ал ақылы білім беру үрдісіне келер болсақ, мұнда алдымен оқу стандартына сәйкес негізгі пәндер оқытылады. Одан кейін қосымша білім беру қарастырылады. Мысалы, ата-аналар өз баласын үйірмелерге беріп, басқа пәндерді тереңдетіп оқытуға мүмкіндіктері бар. Басты ерекшелігі осындай, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Бүгінгі таңда мектеп қолданысқа дайын болғанымен, құжаттары ресми түрде әлі реттелмеген екен. Білім туралы Заңға сәйкес, кез келген мекеме нысаналы меншігіне қарамастан санитарлық талапқа сай болып, одан кейін мемлекеттік лицензияны алуы тиіс. Осы құжаттар толық рәсімделген жағдайда жоғарыда атап өткендей, «жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы жүзеге асады. Бұл жайында білім бөлімінің басшысы Әсел Әбілеқызы жан-жақты түсіндірді. Айтуынша, бүгінгі таңда мектептің әкімшілігімен мекеменің құжаттарын заңдастыру қолға алынуда.
Асылармандықтардың тағы бір дабыл қағатын мәселесі – мектеп формасы. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, жаңа білім мекемесінде өзінің ішкі тәртібі қалыптасып, киім үлгісі де өзгеше болмақ. Ал бұл қаншалықта рас? Оның анық-қанығын білу үшін білім саласына жетекшілік ететін Әсел Әблеқызымен ашық ақпарат алмастық.
– Білім саласында Оқу-ағарту министрлігінің талабы бәріне бірдей. Жекеменшік немесе мемлекеттік мекеме деген деңгейлері маңызды емес. Министрліктің №26 бұйрығына сәйкес, мектеп формасы классикалық түрде болады. Ал белгілі бір мектептің формасын кию керек деген міндет жоқ.
Әрине, кез келген форманы қабылдауға болады. Алайда оның барлығы ата-ананың келесімен жүзеге асуы тиіс. Олай болмаған жағдайда балалар классикалық түрде киім үлгісін киюге болады, – деп түсінік берді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Оқушылардың тамақтануына қатысты мән-жайды да анықтап кеткен жөн болар. Біз сөз етіп отырған «NOMAD» мектебінде тегін және ақылы білім беру жүйесі қалыптасқандықтан, ескере кететін жайттар жетерлік. Әсел Әблеқызының сөзіне сүйенсек, бұл мектепте әрбір оқушы «жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы бойынша тегін білім алғанымен, тегін тамақтана алмайды. Бұл жалғыз аталған білім ошағында ғана емес, басқа да жекеменшік мектептерде кездеседі.
– Жалпы біздің елімізде барлық жекеменшік мектептерде тегін тамақтануға қаржы қарастырылмаған. Дәл сол сияқты Қарасай ауданында бұл мектептен бөлек, тағы 17 жекеменшік білім мекемесі бар. Олардың бәрінде де осындай жағдай. Ал бұл жайтты ата-аналар қауымына түсіндіріп келе жатырмыз.
Егер «Асыл армандағы» мектепте балаларын оқытпай, бұрынғы білім ошақтарында, яғни Кемертоған мен Л.Толстой мектептерінде оқуын жалғастырып, тегін тамақтануды қаласа, онда әдеттегідей «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен тасымалдап оқытуды жалғастыра береміз. Сондықтан бұл жерде таңдау ата-аналардың өздерінде, – деді Ә.Еркімбаева.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
