«Асыл арман» тұрғын үй кешеніне қарасты мектептің салынып жатқанына биыл 4 жыл болды. Ағымдағы жылдың басында құрылыс алаңына арнайы барып, нысанға жауапты «Advennto» ЖШС-нің директоры Ержан Майлыбаевпен тілдескенімізде білім ошағының биыл қолданысқа берілетіні жайлы ақпарат алған едік. Бұл, әрине, ақжолтай жаңалықтардың бірі болды.
Бүгінде білім ошағының бой көтеріп, көзге көріне бастағаны жергілікті халық үшін жағымды жаңалық болғанымен, соңғы уақытта оған қатысты тағы бір мәселе туындады. Бейресми деректерге сүйенсек, бұл мектеп ашылған соң, мұнда оқитын оқушылар ақылы түрде білім алмақ. Ал бұл қаншалықты рас? Осының мән-жайын білу үшін Қарасай аудандық білім бөлімінен ресми жауап алуға тырыстық. Ол жайында мекеме басшысы Әсел Еркімбаева жан-жақты жауап беріп, көптің талқысында жүрген мәселеге нүкте қойды.
«2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы, «Advennto» ЖШС және Қарасай ауданының білім бөлімі арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылған. Осы құжатта көрсетілгендей мемлекеттен әр баланың жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы барлық балалар тегін оқытылады. Бүгінгі таңда «Advennto» ЖШС-не мектеп салу үшін мемлекет тарапынан тек қана тегін жер телімі беріліп қана қоймай, инфрақұрылымы да тегін жүргізілу қарастырылған. Яғни, жол салынып, түнгі жарықтандыру орнатылады», – деп аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы жауап берді.
Белгілі болғандай, ресми құжатқа сәйкес «Advennto» ЖШС өз тарапынан мемлекет беретін қаражат есебінен балаларды тегін оқытуға міндетті. Осы бағытта қазіргі уақыта Алматы облысы әкімдігі және облыстық білім басқармасы тарапынан келіссөздер жүргізілуде.
Сонымен қатар, мектепке жауапты аталмыш компания бұл білім ошағында ақылы түрде үйірмелер ашуға құқылы. Алайда оған оқушыларды қатыстыру, не қатыстырмау ата-ананың өз еркінде.
Ал ел арасында негізсіз тарап жатқан ақпарат жалған екенін айта кету керек. Оған қатысты білім бөлімінің басшысы қосымша пікір білдіріп, әлеуметтік желіде немесе басқа да жерде тарап жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ