Алматының дәл қасында орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің бүгінге дейін шешілмей жатқан мәселелері жетерлік. Мектебін айтпағаннан бөлек, мұнда халық әр жыл сайын судың зардабын тартып келеді. Жақында пәтер тұрғындары бір апта бойы белгіленген кесте бойынша ғана сумен қамтамасыз етілді. Ал басқа уақытта су жинақталған көліктен үйлеріне шелектеп су тасуға мәжбүр болды. Бұл жауапсыз іске жұртшылық сумен қамтамасыз етуші компания «АлатауКомСервис» ЖШС-ін кінәлауда. Өйткені мұндай жағдай жиі қайталанатын көрінеді.
Ашынған пәтер иелерінің мұң-мұқтажын түсінген Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов тұрғын үй кешеніне бірнеше рет келіп, мән-жайды анықтауға тырысты. Демалыс күндері де ат басын бұрған аудан басшысы осы аптаның алғашқы күні кешкі уақытқа қарамай, «Асыл арман» халқының өтінішін тыңдауға тағы барды.
Аудан әкімін мұндағы халық асыға күткені көрінді. Олар келе сала алдымен судың үздіксіз берілуін талап етіп, мектептің жоқтығы, базардың сүрілуі, сауда орындарының көптігі, аялдаманың қажеттігі, балалар алаңдарын ретке келтірілуі, басқарушы компанияға деген наразылық, полиция қызметкерлерінің жұмысы, жертөленің қауіпсіздігі мен оның санитариялық нормасы, жағымсыз иістен арылу сияқты бірқатар мәселелерді жіпке тізіп, осыларды біржақты шешіп беруін сұрады. Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы осы аталған мәселелерге қатысты тұрғындардың пікірін тыңдап, нақты түсінік берді.
Алдымен аудан әкімі Ж.Естенов тұрғын үй кешеннің аумағындағы жөнсіз тартылған электр сымдарын сынға алып, оған жауапты «BeyAzhTrans» ЖШС-нің өкіліне ескерту жасады. Жақын уақытта бәрін ретке келтіруін талап етті. Одан кейін тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жеке тоқталып, қандай мәселе жақын арада шешілетінін, қайсысы уақыт күттіретінін анық айтты.
Аудан басшысы ең алдымен суға қатысты сұраққа тоқталды. Оны қамтамасыз етуші компанияның дерегіне сүйене отырып, апаттық жағдайға байланысты тоқтатылған судың қазіргі жағдайы жақсарғанын жеткізді. Төтенше жағдайдың салдары жойылды. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз жайт қайталанбас үшін қуатты сорғы орнатылу жоспарда бар. Сонымен қатар суды жеткізуші мердігер мекеме жақында резервтік ұңғыманы бір жақты шешуі тиіс.
Ал мектептің жоқтығы өзекті екенін аудан басшысы өзі де мойындады. Қазіргі кезде құрылысқа жауапты «Adevennto» ЖШС-не жүктелген міндеттер бар. Яғни, келісімшарт бойынша 2022 жылдың желтоқсан айына дейін білім ошағын бітіруі тиіс. Алайда Жасұлан Тоққожаұлы аталмыш мердігер мекеме жұмысты белгіленген мерзімде аяқтайтынына сенімсіздік танытатынын да жасырмады. Алдағы уақытта егер мектеп салынатындай сыртқы көрінісі байқалмаса, онда мемлекеттің бюджеті есебінен басқа құрылыс компаниясының ықпалымен жаңа нысан бой көтереді. Дәл осылай мәлімдеген аудан әкімі тұрғындардың көңіліне сенім ұялатты.
Тұрғындар мен аудан басшысының кездесуі барысында көпшіліктің наразылығын тудырған базардың жай-күйі де айтылды. Нақты дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта сауда орнының иесімен келіссөз жүргізіліп, оны жақын арада шешу жағы қарастырылуда. Талап бойынша 12 метр тереңдікте базар бұзылуы тиіс. Осыған қатысты аудан басшысы арнайы тапсырма берілгенін айтты. Одан бөлек тұрғын үй кешеннің айналасындағы басқа да сауда нүктелерінің көптігі сөз болды. Жасұлан Естенов онымен айналысу үшін және ретке келтіру бойынша округ әкімі Абылай Ысқақовқа тапсырма берді.
«Асыл арман» халқы Алматыға жиі қатынайтын болғандықтан аялдаманың әлі күнге дейін жоқтығы сөз болды. Аудан басшысы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалына арнайы хат жолданып, аялдама салу жөнінде мәселені көтеретінін түсіндірді.
Тұрғын үйдің аумағындағы балалар алаңдарына келер болсақ, бұл жиында оның айналасы қайда жаңғыртылу бастамасы көтерілді. Атап айтқанда, жан-жағы қоршалып, аумағында резеңкелі төсеніштер болады.
Аудан әкімінің алдында «Асыл арман» халқының біразы «Сервис Комфорт» басқарушы компанияның жұмысына деген реніштерін білдіріп, олардың жұмыс істеу сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді. Бұл ретте Жасұлан Тоққожаұлы мұндай қызмет көрсетуші мекемені таңдау немесе оны өзгерту тек меншік иелерінің өз құқығында екенін нақтылады.
Тұрғындардың басым көпшілігі учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту бойынша өтініштерін білдірді. Айтуларынша, қырағылық ісін атқарып жүрген сақшылар тиісті міндеттерін орындауда, алайда олардың санын арттыру қажет екен. Өйткені халқы көп шоғырланған тұрғын үй үшін 2-3 полиция қызметкері аздық ететін көрінеді. Мұны ескерген аудан басшысы Ж.Естенов Қарасай аудандық Полиция басқармасының өкіліне мобильді бекетті ұйымдастыруды тапсырды.
Тұрғын үйлердегі жертөленің мәселесі де бұл жиында ерекше талқылауға ұласты. Оның қауіпсіздігі мен санитариялық нормасын тексеру бойынша аудан әкімінің тарапынан осы салаға жауапты мекемелерге тапсырма берілді.
«Алматы-Бішкек» тас жолының бойында орналасқан «Асыл арман» халқы үшін талайдан бері жағымсыз иіс шешілмей жатқан мәселеге айналды. Жиын барысында ортақ талқыланған бұл сауалға аудан әкімі Жасұлан Естенов нақты жауабын берді. Айтуынша, қазіргі таңда Қарасай ауданы әкімдігі тұрғындарды тұншықтырған күлімсі иіске кінәлі зауытпен бірлесіп, кәріз жүйесінің жұмысын ретке келтіру бойынша жедел жұмыс атқаруды қолға алған.
«Асыл арман» халқын алаңдатқан жоғарыда аталған мәселелер осылайша жан-жақты талқыланды. Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы алдағы уақытта тағы келетінін ескертіп, барлық проблема қадағалауда болатынын айтты. Жиналған жұртшылық аудан басшысының тұрғын үй кешенінің ахуалына бей-жай қарамайтынына, бәріне көңіл бөлгеніне ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.