Осыдан төрт жыл бұрын құрылысы басталған «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің маңындағы мектеп жақында қолданысқа берілмек. Көпқабатты үйде тұратын адамдардың арманына айналған білім ошағы жаңа оқу жылында есігін айқара ашуды жоспарлап отыр. Тіпті, халықтың сенімін ұялату үшін аптаның алғашқы күні ғимараттың техникалық ашылуы өтті.
Білім ошағын салуға ниетті болған компания – «Advennto» ЖШС. Ол жобаның тапсырыс берушісі ретінде төрт жылдың ішінде түрлі экономикалық дағдарысқа ұшырап, ғимаратты белгіленген мерзімде аяқтай алмады. Алайда бүгінгі таңда «Halyk» банк пен «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлескен несиелендіру бағдарламасы аясында жаңа білім ошағын салып бітті. Енді бұл мекеме жекеменшік ретінде ашылып, «Nomad International School» деген атаумен биылғы оқу жылына дайындықтарын пысықтауда.
Ал дүйсенбі күні ұстаздар мен тұрғындардың қатысуымен жаңа мектептің техникалық ашылуы өтті. Салтанатты шараға Қарасай аудандық әкімдігінің өкілдері және демеуші жандар қатысты.
Жоғарыда атап өткеніміздей, білім шаңырағының бой көтеруіне қаржылай қолдау білдіргендердің бірі – «Halyk» банк. Аталған қаржы ұйымы әлеуметтік білім мекемесін құрал-жабдықпен де қамтамасыз етуге ықпал еткен.
– Мектептің алғашқы кірпішінен бастап, құрал-жабдықтарға дейін толығымен «Halyk» банк пен «Даму» қорының қаражатына игерілді. Біз осындай әлеуметтік жобаға қолдау көрсету арқылы оқушылардың лайықты білім алуына себепкер болып отырмыз. Осында білімді ұрпақ тәрбиеленеді деген үміттеміз, – деді «Halyk» банктің Алматы облыстық филиалының директоры Гүлмира Ахметова.
Алдағы уақытта «Nomad International School» мектебі бір ауысымда 3000 баланы оқытуды жоспарлап отыр. Оның директоры Көлбай Өмешбаевтің сөзіне сүйенсек, 2000 оқушы мемлекеттік оқу бағдарламасы негізінде тегін оқытылады. Олар – Кемертоған ауылындағы және Л.Толстой атындағы орта мектептердегі білім алушылар. Ал қалған 1000-нан астам бала арнайы тереңдетілген оқу бағдарламасымен ақылы түрде оқиды.
Сонымен қатар бұл мектеп жаратылыстану саласына басымдық беріп, математика, химия, биология, физика пәндері және шет тілдері бойынша оқу бағдарламасының озық үлгісін қолданбақшы. Одан бөлек әлемдік олимпиадаға енген киберспортқа әуестенген оқушыларды бөлек дайындайды. Осы мақсатта «Micro-Star International (MSI)» тайвандық компания ойынға арналған қуатты компьютер сыныбын жасақтап, демеушілік танытқан.
– Ғылым мен техника дамыған ғасырда қазақстандық балалар да соған сай білім алуы керек. Сондықтан жаратылыстану бағытына басымдық берген жаңа мектептің ұсынысын қуана қабыл алдық. Киберспортқа арналған ең мықты компьютерлер алып келдік, – деді «Micro-Star International (MSI)» компаниясының Ресей және ТМД бойынша бас директоры Тони Янг.
«Nomad» жекеменшік мектебінде білім беру бағдарламасына сәйкес академиялық база, технологиялар, спорт және ұлттық құндылықтар қамтылған. Басты ерекшелігі – физика мен математика пәндеріне басымдық бере отырып, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту. Сондай-ақ оқушының қалауына байланысты қытай тілін үйрету мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа білім ошағының барлық инфрақұрылымы заманауи стандарттарға сай келеді. Ғимараттың жалпы аумағы – 32 000 шаршы метр. Мұнда кең сыныптар, заманауи кабинеттер, үйірмелер мен спортзалдары бар.
Айта кетейік, бұл мектеп дүйсенбі күні техникалық түрде ашылды. Ресми түрде жұмысын 2025 жылдың 2 қыркүйегінде бастайды. Ал 2 тамыз күні, сағат 09:00-де ашық есік күні өтеді. Бұл күні ата-аналар білім беру бағдарламаларымен және ұстаздар қауымымен жақынырақ таныса алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ