25 мыңнан астам халқы бар Алматының іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің басты мәселесі – әлі күнге дейін мектептің жоқтығы. Білім шаңырағының тапшылығы көп қабатты үйлер салынғалы бері шешілмей жатқан проблеманың біріне айналды. Бүгінде мұндағы оқушылар жақын маңдағы Кемертоған, Алмалыбақ ауылдарына, одан қалса Қаскелеңдегі Алтын ауыл орта мектебіне барып оқуда. Сонымен қатар балаларының білім алуына алаңдайтын ата-аналар қауымы Алматы қаласындағы мектептерге де тасып, әуре-сарсаңда жүр.
Өткен аптаның сенбісі күні «Асыл арман» халқының мұң-мұқтажын түсініп, білім ошағының болашағына алаңдаған аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы осы жерге келіп, құрылысқа жауапты мердігер мекеменің басшысымен кездесті.
Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы ауданға басшы болып тағайындалғаннан кейін осы өңірде шешілмей жатқан мәселелерге көп көңіл бөлуде. Солардың ішінде үш ауысымда оқытатын мектептерден құтылу болса, енді бірі «Асыл армандағы» құрылысы басталып, тоқтап қалған білім ошағының бүгінгі жай-күйі. Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов аталған тұрғын үй кешенінің аумағында қазығы қағылған мектептің орнын көріп, нысанның салынуына жауапты «Advennto» ЖШС-нің басшысы Ержан Майлыбаевқа қатаң талап қойды.
– Былтыр құрылысы басталған бұл мектеп жоспар бойынша 18 айда, яғни, биыл бітуі керек болған. Ал сіздердің жауапсыздық танытқандарыңыздан халық зардап шегуде. Олай болмау керек. Істей алмасаңыздар, жерді жалға алу жөнінде келісімшартты бұзуға тура келеді. Өйткені оған толық негіз бар. Сондықтан маған нақты жұмысты қашан бастайтындарыңызды айтыңыз, – деп аудан басшысы мердігер компанияның басшысына нақты сұрақ қойды.
Ал «Advennto» ЖШС-нің басшысы Ержан Майлыбаев алдымен құрылыстың тоқтап қалғанына негізгі себептер бар екенін жеткізді. Айтуынша, мектепті салуға қажетті қаражатқа қол жеткізу үшін «Сбербанк» АҚ арқылы несие рәсімдеген. Алайда аталған қаржы ұйымы «Бәйтерек» ұлттық холдингіне өтіп кетіп, біраз қиыншылықтарға тап болған. Сонымен қатар аталмыш компания басшысы материалдар күрт қымбаттап, жоба жұмысы қайта есептелгені құрылыстың тоқтауына негізгі себептердің бірі болғанын түсіндірді. Дегенмен аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлын мұндай сылтаулар жауап ретінде қанағаттандырмады. Аталған қиыншылықтарды шешу компанияның өз мәселесі екенін айтып, қашан құрылыс жанданатынын нақты сұрады.
Мердігер мекеменің басшысы Е.Майлыбаев аудан басшысына 28 қыркүйекте құрылыс басталатынына уәде берді. Ал Жасұлан Естенов егер дәл осы күні мұнда жұмыстар қызу жүрмесе, келісімшартты бұзатынын ескертті. Одан кейін мектептің іргетасын қалау үшін бюджеттен ақша бөлу жағын қарастыратынын немесе инвесторлардың көмегіне жүгінетінін айтты.
Тілдесу соңында аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы «Advennto» ЖШС-нің басшысы Ержан Майлыбаевқа мұндай әлеуметтік жобаларға бей-жай қарамай, уақтылы өткізу қажет екеніне тоқталды.
– Түрлі бизнес жобаларға эксперимент жасауға болады, бірақ балаларға емес. Соны түсінуіңіз керек. Келер жылы бұл жерде мектеп болуы тиіс. Ол білім ошағы Сіздің ықпалыңызбен немесе басқа біреулердің қолдауымен болсын, бәрібір салынады, – деп аудан әкімі әңгімелесу барысында соңғы сөзін түйіндеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.