Еліміздің болашағы жастар десек, олардың бос уақытын тиімді пайдалануы маңызды. Бүгінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бірлік пен ынтымақты дәріптеуде түрлі іс-шаралар жүргізіліп келеді. Олардың арасында ұйымдастырылатын жайдарман ойындары – соның бірі. Ол жастарды өнерге баулу арқылы танымдық қызығушылығын, сахна мәдениетін қалыптастыруға, дарындарын көрсетуге мүмкіндік береді.
Әзілден құралған қызықты шара өткен аптанның жұмасы күні қарасайлық жастар арасында да өткізілді. Шамалған ауылында орналасқан Су шаруашылық колледжінде аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болған әзілкештер ойынының тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселеге бағатталды. Нақты айтқанда, аудандық деңгейдегі жайдарманның осы жолғы тақырыбы «Жемқорлықсыз болашақ» болды. Сондықтан қатысушы командалар сайысқа аса жауапкершілікпен қарады.
Тақырыптың қиындығына қарамастан ойыншылар өз стильдерінде ойнап, қағытпа қалжың, шымшыма әзілдерімен өзекті мәселені әзілге айналдыра білді. Олардың жоғары деңгейдегі тапқырлығы мен креативтілігі ортаны күлкіге толтырды. Көрермендер қол шапалақтап, ұнатқан әзілқой командаға барынша жанкүйер болды.
Қызу тартысқа толы сайыста қазылар алқасы қатысушылардың әзілдерін талқыға салып, сөз әдебіне, тақырыптың дұрыс таңдалуына үлкен мән берді. Сонымен қатар сахна төрінде өздерін ұстауына да назар аударды.
Шынайы күлкіге толы, көңілді әзілқойлар жарысы қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Кемертоған орта мектебінің «Қызыл ручка» командасы І орынды алып, сайыс жеңімпазы атанды. ІІ орынға «Nomad Болашақ» командасы тұрақтаса, үздік үштікті Қошмамбет құрамасы түйіндеді.
Барлық командаға Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінің атынан дипломдар, Алғыс хаттар және арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Қарасай ауданының ішкі
саясат бөлімі.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
