«Шынықсаң шымыр боласың» демекші, осы ұранды ұстанғандардың қатарында Қазақстан Республикасының құрылысшылар одағының бірқатар мүшелері де бар. Олар өткен аптада Астананың аязына қарамай, дәл осы Елордамыздан «Астана-Алматы» бағытымен супермарафонды бастаған еді. Енді, міне, сол марафонды қолдаушылар осы аптаның сейсенбісінде ауданымызға ат басын тіреп, көпке үлгі боларлықтай жақсы бастамаға себепші болды. Олар Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қарасайлық спортқа жақын жандармен кездесіп, бұл айрықша шараның маңыздылығын жеткізді.
Талай шақырымды артқа тастап, ауданымызға арнайы келген қонақтарды аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, аудандық спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов және №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дәурен Төлеген спорт мектебінің алдынан қарсы алды.
Жалпы, бұл спорттық шараны ҚР Ішкі істер министрлігі, Астана әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы, Атамекен ҰКП және Қазақстан құрылысшылар одағы ұйымдастырып отыр. 5 күнге созылатын марафонда әр 10 қатысушы 20 шақырым жерді бағындырып, келесі 10 марафоншыға табыстайды. Солардың бірі – біз айтып отырған Қазақстан құрылысшылар одағының белсенділері. Олар алдымен жақында ғана бой көтерген №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ішін аралап, ондағы жаттығу залдарымен, спорттық жабдықтарымен танысты. Өз кезегінде осы орталықтың директоры Дәурен Төлеген қонақтарға спорт мектебінің атқарып жатқан жұмыстарын айтып, алдағы уақытта жүзеге асатын істердің жоспарымен бөлісті. Одан кейін марафоншылар үлкен залда ауданның білікті жаттықтырушылары мен саламатты өмір салтын ұстанатын жандармен кездесті.
Салтанатты жиында алғаш құттықтау сөз кезегін алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат астаналық меймандарды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, марафонның сәтті аяқталуын тіледі. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әрі осы марафонның көшбасшысы, Қазақстан құрылысшылар одағының президенті Талғат Ерғалиев былай дейді: «Біз бұл марафонымызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арнадық. Сіздердің алдарыңызда тұрған жігіттер қыста да, жазда да, ыстық-суыққа қарамай жүгіретін, спортты жаны сүйетін азаматтар. Бұл аталмыш шара әрбір қазақстандықты өз мақсатына жетуге шақырады. Сондай-ақ, ерекше ілтипатын көрсеткен құрметті қарасайлықтарға, аудандық «Нұр Отан партиясы мен спорт бөліміне ерекше алғысымызды білдіреміз». Және сөз арасында Талғат Файзуллаұлы келген 10 марафоншыны жеке-жеке таныстырып, олардың жеткен жетістіктерінен, лауазымдарынан құлағдар етті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күндеріне арнайы ұйымдастырылған марафонның басты мақсаты – әркімнің өз мақсатына жетуіне, талпынуына, шыдамдылығын сынауына, әрі әрбір спорт сүйгіш жанды жеңіл атлетикамен айналысуға үндеу. Мұндай бағыты айқын Астана марафоншылар клубының мүшелері кездесу барысында Қарасай жеріне бекер келмегендерін, қуаныштарын жасыра алмады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.