Бұрыннан дос-бауыр, ағайын-туыс іргелес ағайын-жұртты жақсылықтары, жаңалықтары, игі істерімен жақындастыра түсетін, өнерін де ортақтастырып, ақ ниет-тілектеріне толы ыстық құшақтарын қауыштыра түсетін аудандардың мәденит күндері әйгілі Хантәңірі шыңының баурайындағы Кеген ауданында жалғасын тапты. Өңірі десе сұлу Көлсайы, өлмес әнге арқау болаған Үш Меркісі, Жетісу өлкесіне жарық нұрын таратып тұрған Мойнағы, қара алтынды Ойқарағайы еске түсетін, рухани дүниесі десе, ғасыр ақыны Мұқағали мен балалар әдебиетінің классигі Бердібек көз алдыға келеді.
Жақында Кеген ауданында «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күндерінің іріктеу кезеңі аясында «Кереге таулы, киелі мекен – Кегенім» атты Кеген ауданының мәдениет күндері аталып өтті. Шараны арнайы келген Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев бастаған топ көрмені аралаудан бастады. Құрметті қонақтар мұнда қазақтың ұлттық киімдерімен, тағамдарымен, жергілікті өнімдермен, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарымен таныс болды. Сондай-ақ, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталарымыз бабадан мирас болып келе жатқан дәстүрлерді дәріптеді.
Мереке барысында сөз алған Кеген ауданының әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы, ауданымыздың мәдениет саласының жетістіктеріне тоқталды. Келесі сөз кезегі Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлына берілді. Мерекелік шара ауданның көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.