Шаруам болмас басқамен,
Тіл бітірем тасқа мен.
Талай тәтті дәм татқан,
Ыстық маған Қаскелең.
Тағы міне, кеп тұрмын,
Жалындаған жаспенен, – деп тау тарланы атанған талантты ақын Еркін Ібітанов Қаскелең туралы тегін тебіренбеген. Расында да Алматыға тиіп тұрған Қаскелеңге ат басын бұрмаған танымал ақын-жазушылар мен өнер, мәдениет адамдары кемде-кем шағар. Көзінің тірі кезінде Еркін ақын Қаскелеңнің топырағынан шыққан арқалы ақындар Нұрсұлтан Әлімқұловпен, Құрманғали Ұябаевпен, сахна және кино актері Кененбай Қожабековпен, белгілі әнші Бақыт Әшімовамен, ақын, сыншы әрі жазушы Бекен Ыбырайыммен, Нөкістен Қаскелеңге көшіп келіп қоныстанып қалған, аймаңдай ақын Төлеген Айбергеновпен жақсы қарым-қатынаста болғанын жиі әңгімелеп отыратын. Шынында да кейіндеп айбынды батыр Қарасайдың атын алған Қаскелең өңірі қастерлі де қасиетті мекен ғой…
Пенде атаулының бақытты балалық шығында бастан кешпейтіндері жоқ қой. Әсіресе, өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдар тумаларының әдебиетке деген ыстық ықыласы бөлекше еді. Екінің бірі бос уақыттарында жаны сүйген кітаптарына жармасып, бас алмай жата-жастана оқып жататын. Кітап дүкендері мен кітапханаларда жабылып қалғанынша адам аяғы үзілмейтін. Кітапқұмарларды күнде осы жерден көретінбіз. Шекесінен шертіп жүріп, таңдаған кітаптарын алып, көңілдері тоғайып, қолтықтарындағы кітаптарына еміс-еміс көз жүгіртіп қойып, үйлеріне қарай бет алып бара жатушы еді.
Мектеп қабырғасында жүріп өлең жазумен «ауырмайтын» бала кемде-кем шығар. Біз де солай болдық. Өлең жазуды оңай көріп, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп оңды-солды сілтей беретінбіз. Сол жазғандарымыздың сиясы кеппей жатып, республикалық «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газетіне бірінен кейін бірін бұрқыратып жіберуші едік. Кешікпей шетінен жазғанымыздың жарамсыз болып шыққанын, көп ізденістің қажет екенін айтқан жаттанды жауаптар келе бастайтын. Біз бұл шабысымыздан түк те шықпайтынын біліп, кейіндеп кеудемізден итеріп жібергендей кері шегіндік.
Бір күні «келісіп пішкен тон, келте болмайды» дегенді ескеріп, өлең жазғыш Еркебай Жайлыбаев, Мұқаметқали Ибрайымов, Нұрберген Әміреев төртеуміз өлеңдерімізді алып, аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газеті редакциясына баруды ар санап, ақын Еркін Ібітановтың үйіне баруды жөн көрдік. «Өлеңді мықты жазатын үлкен ақын» деп елден еститінбіз. Өзі газетте істейді екен. Біз солай шешім қабылдадық. Өйткені редакцияда адам көп. Олар бізді орталарына алып, шетімізден жүндей түтетін шығар деп сескендік. Құдай біздің тілеуімізді берді. Сол күн демалыс екен. Орталықтағы көшенің аяғына таман тұратын Еркін ағамыз да үйінде болып шықты. Алтынкүл тәтеміз бізді жылы шыраймен қарсы алды.
– Ағаларың үйде. Кіре беріңдер, – деп түпкі бөлмеге қарай жөн сілтеп жіберді. Біз болсақ, тосырқаған ат сияқты бірімізге-біріміз «сен баста, сен кір» деп үлкен тақта отырған патшаның алдына баратындай кібіртіктеп тұрғанымызда арғы жақтан:
– Бұл кім ей? Сыбырласпай, күбірлеспей кірмейсіңдер ме? Есік ашық тұр ғой, – деген жуан дауыс гүж ете түсті. Біз тобымызбен қалтаң-құлтаң етіп алдына қалай жетіп барғанымызды да аңғармай қалдық.
– Мына жерге жайлап жайғасыңдар. Иә, жүрістеріңе жол болсын. Не шаруамен келдіңдер, айта беріңдер, – деп алдында жаюлы тұрған шахмат тақтасындағы тастарына қадала қарап, ойланып қалды. Тыбыр етпей біз отырмыз. Жан-жағымызға қараймыз. Үстелінің үстінде орысшасы бар, қазақшасы бар неше түрлі газеттер жатыр. Бір жағында біз түсіне бермейтін журналдар тұр. Шахмат тақтасының бір жағында жазумен айналысып жатқан болар, жазғандары мен қаламсабы жатыр. Бір кезде ағамыз жерден жеті қоян тапқандай, екі қолын алма-кезек шапалақтап жіберді. Қуанышында шек жоқ.
– Уһ, әйтеуір шешімін таптым-ау! Осы үшін қаншама рет басымды қатырдым. Бұл менің ертеңгі ойындарымда пайдаланатын тактикам болады, – деп өзінен-өзі мәз болып қалды. Бір кезде алдында жатқан темекісіне қолын созып жатып:
– Ал, батырларым, балаларым, құлағым енді сендерде. Шаруаларыңды айта отырыңдар, – деп бәрімізді шетімізден бастан-аяқ бір шолып шықты.
– Аға, жазған өлеңдерімізді әкеліп едік. Сізге тексертіп алсақ, қалай болар екен? – деп шетімізден міңгірлей бастадық.
– Бұларың жөн екен. Енді мұғалімнің алдында екілік алып тұрған енжар бала сияқты бастарыңды салбыратпай, кеудесінде жаны бар адам сияқты өлеңдеріңді түсінікті түрде жігерленіп оқыңдар. Жазғандарың жақсы болып, ойымнан шығып жатса, газетке жарияланады. Осы жағын да сендерге ескертіп қояйын, – деп бір аяғын бір аяғының тізесіне көсіп салып, дудырап тұрған шашын шалқасынан салалы саусақтарымен көсеп-көсеп қайырып тастады да, бар ынтасы мен зейінін бізге аударып, қадалып қарап қалды.
Мұндай сынақты кім көрген. Еркін ақынның қабағы да қар жауардай түнеріңкі көрінді бізге. Сапта тұрған солдаттардай шетімізден шамамыздың жеткенінше шарқ ұрып оқып жатырмыз. Ол кісі біздің қолымызды қақпады. Алып келген дүниелеріміздің түгін қалдырмай оқып бердік. Ақынның алдындағы қағазға не түртіп отырғанын да байқамадық. Бір кезде байыппен ғана ойын білдірді.
– Жаман емес, талаптарың таудай екен. Сендер өлеңді өнер деп бағалаңдар. Абай аталарың айтпады ма «өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» деп. Осы бір жол өлеңді ғана саналарыңда сараптама жасап, зейін қойып зерделеп зерттесеңдер, ұтылмайсыңдар, ұғарларың көп болады. Және бір айтарым, өлең атаулыны кітаптан, газеттен, журналдан оқысаңдар да ой жіберіп оқыңдар. Оның бәрі шынайы шабыттан туған өлең болмайды. Өздерің де жақсы білесіңдер. Қазақтың екісінің бірі өлең ұйқастырғыштар. Олардікі де өлеңге жатпайды. Сонымен бірге газеттерге шығып жатқан өлеңдерге шолуды оқысаңдар, сендер көп жайларды көкіректеріңе түйесіңдер. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дей берсеңдер сендерден ештеңе де шықпайды. «Талпынған жетер мұратқа» демей ме? Қарақтарым, ашығын айтқанның айыбы жоқ. Сендердің жазғандарың – әлі пісуі жетпеген дүние. Шала-шарпылау, – деп бізге біраз әңгімені тереңдетіп айтып, біраз мысалдар да келтіріп тастады.
Біз Еркін ақынның айтқандарының бәріне еріксізден бас шұлғумен болдық. Ар жағымыздың қуыс кеуде екенін сезіндік. Сөйтіп, сыртқа шығып келе жатқанымызда алдымыздан Алтынкүл тәтеміз шықты.
– Балаларым, асықпаңдар, шай ішіп кетіңдер. Дастархан дайындап қойғамын, – деп алдымызды орағытып азар да безер бола бастады. Бірімізге-біріміз қарап, біз тартыншақтай береміз. Жалынып жаны қалмай жатқан Алтынкүл тәтеміз бір кезде:
– Ой, балаларым-ай! «Қуыс үйден құры шықпа» деген емес пе. Ең болмаса, ағаларыңның жақсы көретін көжесінен бір-бір кеседен ішіңдер, – деп даңғарадай көк кастөрел тұрған үйге кіргізді. Не деген керемет. Өзегіңді шайдай ашар, бықырып тұрған көже екен. Таңдайымызға балдай болып батып барады. Алтынкүл тәтемізге үйіп-төгіп рахметімізді айтып сыртқа шықтық. Барлығымыз да баяғыдай емес, ойлы қалыпқа түскен сыңайдамыз. Еркін ақынның бізге өлең жайында өлтіре берген ақыл-кеңесі миымызға қонақтап қалғандай. Біз осы жағын жол үстінде сан-саққа жүгірте әңгімелеп, ақыр аяғында тағы да өлең төңерегінде өзара айтысып-тартысумен үйді-үйімізге тарастық. Сонда әлі бала екенімізді қалтқысыз мойындауға мәжбүр болдық.
Арада аялдауды білмейтін біраз уақыт өтті. Біздің барар жеріміз, басар тауымыз журналистика болғаннан кейін ізденіс жолынан қол үзе алмадық. Жүрсек те, тұрсақ та Еркін ақынның айтқан ақыл-кеңестері бір сәтке де есімізден шықпайды. Мектеп кітапханасы мен орталықтағы аудандық кітапхана біздің бас сұғып жүретін екінші мекеніміз болып алды. Қара мақаланы да қардай боратып аудандық газетке жаза бастадық. Оларымызды газетке қолымызбен апарып бермейміз, хат арқылы жіберіп отырдық. Нысанаға аларымыз ауылдағы мекемелердегі, шаруашылық жұмыстарындағы, әсіресе өзіміз бел ортасында жүрген мектептегі жылт еткен жаңалықтарды басылымдарға еліктеп-солықтап жазып жүрдік. Бекер обалдары не керек, газеттер оларымызды таза өз қолтаңбамыздағыдай болмаса да, нобайын бұзбай, ақырындап шығарып жатты. Біздер соған төбеміз көкке жеткендей мәз болып жүрдік. Бір күні орталық кітапхананың алдында Еркін ақынға бетпе-бет, жүзбе-жүз ұшырасып қалдым. Қолында кітаптары мен журналдар. Көңіл-күйі көтеріңкі екен.
– Қанат, қалдарың қалай? Сендер маған төбелеріңді көрсетпейтін болып кеттіңдер ғой. Мақалаларыңа ризамын. Өлеңнің барысы қалай болып жатыр? Соны айтшы? – деп сұраулы жүзбен елжірей қарады. Мен ол кісіге парталас достарыммен бірге өзінің айтқан ақыл-кеңестерін мүлтіксіз орындап келе жатқанымызды, там-тұмдап өлең жазып, оның ауылынан алыстап кетпегенімізді арнамнан аспай ақтарып салдым. Ол кісі менің қолындағы дүниелерінен көз алмай қарап тұрғанымды аңғарып қалған сияқты. Көп бөгелместен:
– Жүр, кітапхананың оқу залына кірейік. Мен онша асығыс емеспін, – деп қолындағысын үстелдің үстіне қойып, алдындағы орындыққа жайланып жайғасты да, ұстап жүрген дүниелерін біртіндеп ала бастады да баппен сөйледі.
– Мынау одақтың орталығынан шығатын «Новый мир», мыналар «Молодая гвардия», «Дружба народов», «Юность» деген журналдар болса, мына етжеңді газет «Литературная газета». Менің оқитындарым осылар. Мұның сыртында Қазақстаннан шығатын «Простор», «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен газеттердің бәрін қалт жібермей қадағалап, оқып отырамын. Орысшаны да жетік білген жақсы. Әйтпесе, орысша журналдар мен газеттердегі дүниелерді түсіну қиын. Олар прозадан, поэзиядан, сыннан таңдайға татитындарын басады. Көзіңді ашып, көкірегіңді оята түседі. Мен орысшаны өз күшіммен еркін меңгердім. Соның өзін ең үлкен бақытым деп есептеймін. Сендер орысшадан қағыс қалмаңдар. Жассыңдар, келешектеріңе ауадай керек болады, – деп маған қаратып біраз әңгімелердің басын қайырып тастады.
Бұдан кейін біз Еркін ақынмен қоян-қолтық араласа бастадық. Бір күні өзінің айтуы бойынша қасымдағы достарыма Еркін ағамыз: «Биыл мектеп бітіреді екенсіңдер. Сендер газетке жариялайтындай өлеңдерің болса, алып келіңдер. Көңілден шығып жатса, газеттен оқитын боласыңдар», – деді деп тосын жаңалықты естірттім. Аналар аяқ астынан аң-таң болып, қипақтады да қалды. Сөйтіп, бір-екі күннен кейін Еркін ақынның алдына барып, өлеңдерімізді беріп кеттік. Шындығы керек, біз редакция қызметкерлерін көргенде ақын-жазушылардың алдынан өткендей әсерде қалдық. Олар бізге басқаша көрінді. Былай шыққаннан кейін оларды сан-саққа жүгіртіп әңгімелеп, солар сияқты жазушы, ақын, журналист болсақ екен деген арманды арқалаумен болдық.
Арада бір апта өтпей жатып-ақ, жол-жөнекей ұшырасып қалған ауыл адамдары шеттерінен: «Өй, сендердің өлеңдеріңді Еркін Ібітанов газетке мақтап жазыпты. Осы шабыстарыңнан таймаңдар», – деп тілеулес ниеттерін білдіріп жатыр. Мынандай жан жадыратар жақсы хабарды естігеннен кейін екі өкпемді қолыма алып, пошта бөлімшесіне қарай құстай ұштым. Газет реттейтін жердің меңгерушісі біздің хат тасушының ауырып қалғанын айтып, үйге келетін газеттерді қолыма берді. Орайы келіп тұрған соң сол жерде-ақ «Советтік шекара» газетіндегі Еркін ағамыздың редакцияға түскен өлеңдерге шолу жасаған мақаласын байыппен оқып шықтым. Міне, керемет! Ол кісі төртеуміздің өлеңдерімізден жанды мысалдарды көлденең тартып, жап-жақсы дәріптеп тастапты. Пікірін де, ұсынысын да, тілегін де әділдік тұрғысынан ағынан жарыла айтыпты. Бұған риза болмасқа әбдім қалмады. Менің достарымның да мен сияқты көңіл-күйді бастарынан кешкенін көрдім.
Көп уақыт өтпей, бір күні қас қарайған шақта үйге менімен бірге өлең жазатын Еркебай Жайлыбаев келіп тұр. Қолында бес-алты газеті бар. Қуанышында шек жоқ. Өзінің, Мұқаметқалидың, Нұрбергеннің және менің өлеңдерім шығыпты. Басқалары тағы бар. Газеттің кәдімгідей әдебиет беті. «Талаптыға нұр жауар» деген айдардың астына Еркін ағамыз біздер туралы келісті ой толғап, сәт сапар тілепті. Сөйтіп, әрқайсымыздың екі-үштен өлеңдерімізді салыпты. Қарап тұруға не жорық. Еркебай екеуміз газеттерді алып, қуанту үшін ала-шапқын болып Нұрберген мен Мұқаметқалидің үйлеріне қарай тарттық. Бұл біз үшін есте қаларлықтай ерекше қуаныш болды. Еркін ағамызға деген ризашылығымыз бен алғысымыз да телегей теңіздей еді. Осыдан кейін ол кісіні жанымызға одан әрі жақын тартып кеттік.
Еркін Ібітановтың газеттерге шығып жүрген өлеңдерін жібермей оқып, сары майдай сақтап жүрдік. Жаттап алғандарымыз да жоқ емес. Бірде көшеде асығыстау кетіп бара жатқан кітапханашы Әдиша Көмекбаева әпкемізді кездестіріп қалдым. Амандықтан кейін мені тоқтатып алып: «Қанат, ертең кітапханаға келіп кетші. Мен саған Еркін ағаңның екі кітабын тауып қойдым» демесі бар ма. Осыны естігеннен кейін жаным жай таппай кетті. Сабақ арасында заулап отырып Әдиша әпкеме бардым. Айтқанындай-ақ, қолыма екі кітап ұстатты. Екеуі де Еркін ағанікі деп ойладым.
Сөйтсем, біреуі «Жырға сапар» деген ақындардың топтамасынан тұратын өлеңдер кітабы екен. Екіншісі Еркін ақынның «Қойшылар» кітабы. Жаңағы «Жырға сапар» кітабындағы ақындардың өлеңдеріне көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев кең құлашты өзінің пікірін білдіріпті. Сонда алғашқылардың бірі ретінде ақын Еркін Ібітановтың поэмасы мен өлеңдеріне өте керемет баға беріпті. Мұзафар ақын Еркін ағаның өлеңдерінен жанды мысалдарды алдыға көлденең тартып, майын тамызып тұрып марқасқа ақын болатынына ешқандай да шек келтірмепті: «Еркін поэманы болсын, өлеңді болсын адам баласы емірене оқитындай, өзінің атына затын сай етіп еркін сілтейді, еркін көсіледі. Ол өлең көшіне табиғат сыйлаған талантымен өзін бабында баптап, барынша сенім арқалап келген ақын» деп ешкім де талас тудыра алмайтындай тамаша жылы лебізін білдіргені оқырманды ойландырмай қоймайды. Ақын сол айтылған лебіз бен алған бағасын ақтап шықты.
Сол кезеңдерде аудандық газетте істейтін, одан кейінгі жерде атақ-даңқы алысқа жайылып кеткен Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Баққожа Мұқай өлеңді бұрқыратып жазатын. Олары аудандық газетте жиі-жиі жарияланып тұратын. Эрнест Тельман жайында бір кітаптай поэма жазғанының да куәсі болғанбыз. КазМУ-дің «Университет» газетіне шыққан өлеңдері де көп еді. Неге екенін кейіндеп өлеңді қойып, проза мен драматургияға бел шеше кірісіп кетті. Бір көшенің бойында тұратындықтан ба, әлде әдебиетке талпынып жүргенімді қызық көре ме марқұм мені көріп қалса, қасынан оңайшылықпен жібермейтін. Айтатын әңгімесі тек өлең өлкесі жайында болатын.
– Мен Мұқағали ағамды қалай бас алмай оқысам, Еркін ағамды да солай оқимын. Екеуіне де Құдай талант дегенді үйіп-төгіп бере салған ғой. Еркін ағамыздың алымдылығы мен шалымдылық арыны бөлекше ғой. Ешкімнің батылы барып жаза алмаған малшылар өмірін бейнелейтін «Қойшылар» поэмасымен-ақ өлеңсүйер қауымды өре тұрғызғаны, ел назарын елең еткізгені Еркіннің құдіретті ақын екендігін айқындап берді. Мен де Еркін ағамызды ұлағатты ұстазым деп есептеймін. Ол кісімен әңгімелесе қалсаң, әлемдік поэзия жайлы айтарын әріден қозғап, айызыңды қандырып тастайды. Данагөй адамның алдынан үлкен дәріс алып шыққандай күй кешесің.
Әттең, Еркін ағамыздың ауылда тұрақтап қалуы менің де қабырғама қатты батады. Шығармашылық адамдардың бәрі де Алматыға қоныстанып алды ғой. Сіз де Алматыға тәуекелдеп тартып кетсеңіз қайтеді? Бұдан да тынысыңыз кеңінен ашылып, құлашыңызды құштарлықпен сілтейтін едіңіз. Қазіргі өзіңіздің қатарластарыңыз Тұманбай, Қадыр, Сағи, Жұмекен, Өтежан, Сәкен сияқты жылма-жыл кітап шығарып, өлең өлкесінің шыңынан көрініп жүрер едіңіз ғой. Ең болмаса, енжарлығыңыз бен жалқаулығыңыздан арылып, жалықпай жұмыс жасасаңызшы. Бәрі де сіздің қолыңыздан келіп тұр. Өзіңізді-өзіңіз сергек ұстаңызшы, аға, – деп қаншама рет қақасағандай болып айттым. Бірақ, ағамыз оған қыңқ ете қоймады. Басын кесіп алса да ауылдан сыртқа аттап баспайтынын айтады да қояды. Ерекең: «ақындар ауылда туып, қалада өледі» дегенге мен үзілді-кесілді қарсымын. Менің кіндігім ауылға байланып қалған. Мені зорлық-змбылықпен апарса да менің қалада тұрғым келмейді. Маған өлеңнен келер несібем ауылдан да бұйыратын шығар. Менің өзіме берген сертім осы, – деп қысқа да нұсқа жауабымен шектелетін, – деп Баққожа Мұқай Еркін Ібітанов туралы бұдан басқа да әдемі әңгімелерін әзілге орайластырып, қағытпа қалжыңдарымен түйінді нүктесін қоятын.
Сол бір жылдарда ауданда өлең жазатындар қатары қаптап жүретін. Сонда алдыңғы буыннан Естеу Нүсіпбеков, Оралбек Шамырханов, Сақан Кәдірбекұлы, Шәймерген Әлдибеков, Әбітай Әденов, Айтақын Әбдіқалов, Мінуар Әкімханов, Даниял Әметов, Қанат Тәліпов, Нұрлан Әкімбаев, Бейбітжан Нұрәсілов, орта буыннан Алдаберген Жандаралов, Нұртан Төлепбергенұлы, Батық Мәжитұлы, Бақыт Бұқарбеков, Биғайша Медеуова, Күміс Мәмесейітова, Баян Көшкімбаева, Тұрсынжан Шапаев, Мұхтархан Қалиұлы, Жұмабек Тұрдиев, Қанат Біржансалов, Сәлім Жусанбаев, Серік Бейсембаевтармен Еркін ақын төңерегінде ауызба-ауыз әңгімелесе қалғанда не керек, олардан ақынның айбынды атына тиер бір ауыз жаман сөз бен оған тең келмейтін теріс пікір естіп көрмеппіз. Ерекеңмен қатарластарының өзі ол кісінің атына шаң жуытпай, өлеңге қатысты ақыл-кеңесін айтудан, жөн-жобасын айтып, жол сілтеуден, бағыт-бағдар көрсетуден аянып көрмегенін тым ризашылықпен тілдеріне тиек етіп, марапатты түрде мақтаныш ететіндерін мадақтай жөнелетін. Ал одан кейінгілері өлеңнен өз жолдарын тапқандарына тікелей Еркін Ібітановтың ықпалы болғанын, кеудесін кермей жас толқынның жарқырай көрінуіне жанын салғанын, әкелеріне тән қамқорлық көрсеткенін інілік ілтипатты ізеттерімен ашығынан айтуды зор мәртебе санайтын.
– Өз басым Еркін ағамды ұлылардың қатарындағы тұғыры биік тұлға деп есептеймін. Ол кісінің тәлім-тәрбиесін қолыма қалам ұстаған балаң кезімнен көп көрдім. Сондықтан да поэзиядағы алғашқы ұстазым әрі ағам деп айтудан тайсақтаған емеспін. Ерекеңнің поэзия пірлерінің бірі екеніне ешкім де таласа алмайды. Кейін аудандық газет қабырғасында ол кісмен қызметтес болып, бір кабинетте бірге отырдық. Егер Еркін ағам болмаса мен өлеңнен қол үзіп, қойып кетер ме едім. Менің бұл ойыма Еркін ағам баяғыда-ақ берік тосқауыл қойып тастады. «Мұқағали» журналының мұнтаздай болып шығуына да ол кісінің тигізген ықпалы мен ақылшы аға ретіндегі көрсеткен көмегі өте көп болды. Мен оның ежелден жасап келе жатқан жақсылықтарын ешқашан ұмыта алмаймын. Мұқағали ақындай Еркін ағамды да төбеме көтеріп келемін. Ол тарихта қалған адам. Өлеңдері өлмейді. Жатқан жері жәннатты болсын, – деп жүрегінің түбіне кір жасырмай, дәйім емірене есіне алып жүретін біздің үзеңгілесіміз, көрнекті ақын, қаламы қайраулы тұратын қағілез журналист, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, республикалық «Мұқағали» журналының бас редакторы болған Батық Мәжитұлы әркез осылай көсіледі. Оның айтқанының бәрі орынды. Миға сиымды. Бұл бір пұшпағы ғана. Батықтың ақын ағасының қыр-сырынан ұзаққа шабатынына мен ешқандай шек келтірмеймін. «Талантты талант таниды» деген осы болса керек.
Мына бір жайды мен анда-санда ғана емес, үнемі есімнен шығармаймын. Жүрегіме жатталып қалды десем де болады. Әскер қатарынан келгеннен кейін Нарынқол орта мектебінің (қазіргі Тельман Жанұзақов атындағы) директоры Кенжетай Есмолдаев пен оқу-тәрбие ісінің орынбасары, Ленин орденді ұстаз Мариям Айтленованың біздің үйге келіп:
«Қанат, сен осы мектепті бітірдің. Үлгілі оқушы болдың. Бізге аға пионер вожатыйлыққа ер бала керек. Мариям апайың сені жақсы біледі екен. Үйлеріңнің арасы да алыс емес көрінеді. Мариям апайыңның айтуы бойынша сен біздің қолайымызға жағып тұрсың. Біз саған сенім артамыз. Осы жұмысқа кел», – деп Кенжетай ағамыз өзінің қолқасын салды. Мен абыржи бастап едім, әкем мен шешем: «Ақ самайларымен келген ағаң мен апайыңның сөзін жерге тастама. Ұят болады», – деп екеуі екі жақтап мені одан әрі нығарлап жіберді. Мен болсам, «қыз баланың жұмысын қалай істеймін, егер галстук тақпай, пионер значогын тағып істе десеңіздер, сіздермен келісемін», – деп қасарысып тұрып алдым. Ақыры ол кісілер осыған келісімін берді. Мен жеңдім. Сөйтіп, аға пионер вожатый болып істеуге мәжбүр болдым.
Мектеп өмірі қашан да қазандай қайнап жатады. Оқудан тыс өтетін іс-шараларда есеп жоқ. Сонда Еркін ағаның Ерлан деген баласының елгезектігін көрдім. Ойы ұшқыр, сондай зейінді бала. Нағыз пионер. Кластағы отряд советінің председателі. Жанып тұрған, болып тұрған бала екен. Оның қабілеттілігі соншалық әрбір әдеби-музыкалық монтаждарды тақырыпқа сай етіп өзі ұйымдастыратын. Оның алғырлығына күллі мектеп қызыға қарайтын. Бір күні мектепте аудан мектептері бойынша Ұлы Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне арналған кең көлемді оқушылар байқауы өтіп еді. Содан бұрын Ерлан маған келіп, әкесінің «Боздақтар» деген поэмасын оқысам деген өтінішін білдірді. Мен де бірден келісе кеттім. Өйткені ел қастерлейтін Ұлы Жеңіс күні ғой. Бұл – өте үлкен сынақ. Ерланға деген сенім мол. Оның бұл поэманы нақышына келтіріп, тастай қатырып оқитынына шүбәсіз едім. Ерлан сол «Боздақтар» поэмасымен сахна төріне шықты. Жан-жақтан келген адамдар көп болды. Әкесі сияқты қасқайып қарайтын Ерлан қымсынып-қысылмай тізгінді қоя берді десеңізші. Зал сілтідей тынып үнсіз қалды. Ол қырандай саңқылдап, қолдарын алма-кезек сермеп, жігерленіп оқыды. Таңдайы тақылдап тұр. Ерекеңнен аумайды.
Қабырғаны қайыстырар қандай ауыр жыр жолдары. Сондағы көздері жасқа шыланып отырған адамдардың көкіректері мен сай-сүйектерін сырқыратып-ақ жіберді. Поэманы жеріне жеткізе мәнімен, мәнерімен, дикторлардың әуенімен оқыған ақынның қаршадай баласы Ерлан Ібітановтың таудай талабына ел-жұрт риза болып, бетінен сүйгіштеп, ақ неиетті алғыстарын айтып, ақ баталарын беріп жатты. Қазылар алқасы байқау қортындысын әділдік тұрғысынан шығарып, бас жүлдені Ерланның қанжығасына байлады. Сөйтіп, оның мерейі үстем болып, жеңімпаз атанды.
Осы жерде Еркін Ібітановтың бала-шағасы жайлы аздап айта кеткен артық болмас. Еркін ағамыз бен Алтынкүл тәтеміздің балалары – сымбатты да сипатты болып өсіп, өмірден өз орындарын тапқан ибалылар. Үлкендері Тұманбектің атын Ерекеңнің жан досы, қазақтың қасқа маңдай ақыны, әйгілі Тұманбай Молдағалиев қойған. «Мен Тұманбай болсам, сәбидің аты Тұманбек болсыншы. Менің атымның соңғы екпіні бай болып, Тұманбектікі бек болып тұрғаны Еркін мен Алтынкүлге ерсілеу болмайды», – депті. Бұл сөзді марқұм Тұманбай ақынның өз аузынан естіген едік. Сол Тұманбегінің ерте солған жауқазындай өмірі тым қысқа болды. Абыройлы азамат болатын. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Мұғалімдіктен, мектеп директорына дейін қызмет атқарған еді. Сүйікті жары Мира да ұлағатты ұстаз. Артында бала-шағасы қалды. Ал, жоғарыда тілімізге тиек етіп өткен Ерланы болса, КазГУ-дің қазақ тілі мен әдебиет факультетін бітірген. Зейнетке шыққанға дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясы мемлекеттік Тіл басқармасының бастығы қызметін атқарды. Лауазымы – полковник. Бұдан кейінгі Ерболы мен Айнұры Қарағандыдағы кооператив институтын бітіріп, осы сала бойынша қызмет істеп жүр. Нұрболы – құрылысшы. Бәрі де бір-бір үйдің отау иелері. Ібітанов әулетінің ғана емес, халық қадірлілері. Ата-анасының мерейін аспандатып жүрген көз қуаныштары.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей Еркін ақынмен қызметтес болған жылдарымда ол кісінің жұмбақ болып жүрген тылсым қырлары мен сырларына қаныға түстім. Ерекең аудандық «Советті шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газеті редакторының орынбасары, мен ауыл шаруашылығы бөліміндемін. Аптасына үш рет шығатын газеттің «көмекейін» толтыру Ерекең үшін түк емес еді. Өзіне тиесілі материалдарының бәрін журналистік тілмен айтқанда, машинкада диктовкамен (ауызша айтып беру) арқылы жазатын. Қолында материалға қатысты фактілері (айғақтары) ғана. Басқа ештеңесі жоқ.
Ерекең машинкаға кірді деген сөз, машинистка марқұм Секер Мұқасалиеваның саусақтары музыкалық аспапта ойнап отырғандай сатырлатып жүріп беретін. Ерекең шағын бөлмеде арлы-берлі адымдап айналып жүріп, кеудесін кернеп тұрған ой-толғамдарын төпелетіп төгіп-төгіп тастайтын. Сөйлеу екпіні мен дауыс ырғағы да бір-бірімен үндестік тауып жататын. Осы бір әдіс-тәсілмен жазатын редакциядағы газет редакторы Дәулет Желдікбаев, бөлім меңгерушілері Әбітай Әденов, Рысбек Сүгірбеков те нағыз бесаспаптар болатын. Кейін осы бағытпен жұмыс істеуді басқаларымыз да ақырындап қолға ала бастадық. Оның бәрі де алдыңғы буын ағалардың өнеге жолы.
Өлең өлкесіндегі өзіндік өрнегімен, даралық болмысымен, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігімен сол кезеңде Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әлжапар Әбішев, Дихан Әбілев, Жұмағали Саин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, бір сөзбен айтқанда, күллі қаламгерлер қауымын мойындатқан Еркін ақын тегін емес. Атақ-даңқы жер жарып жатса да желөкпелікке салынбайды. Көзіне шел бітіп, көкірек керуді білмейтін. Қатардағы қарапайым адам сияқты маң-маң басып жүре беретін. Адамдардың шен-шекпеніне, кәрісі мен жасына қарамайды. Жақсы араласады, жан сырын жасырмайды. Сондықтан болар адам баласы оған бауырмал әрі өте үйірсек болтын. Таланты мен өлеңін малданбайтын. Сабырлы қалпымен сары желісте жүретін.
Орны бөлек Еркін ағамыздың қайран қалдыратын қасиеттері жетерлік. Газет жанрларын жетік білетіндігімен жағамызды ұстататын. Газеттің бас мақаласынан бастап, шағын хабарларына дейін майын тамызып тұрып жазатын. Бұрыннан ол кісімен бірге істес болып келе жатқан газет қызметкерлерінің айтыстарына қарағанда, Ерекеңнің кейінгі өлеңдері мен кесек туындыларының басым көпшілігі газет реадкторлары Әлнұр Мейірбеков, Дәулет Желдікбаевтардың: «Еркін, алдымызда айтулы күн жақындап келеді. Сол тақырыпта қалам тартуың қажет. Алдын-ала қамыңды жасай бер. Замана ағымынан шет қалмауымыз керек қой. Жоспарға кіргізіп қоямыз», – деп қолайы келгенде қолқа салып немесе жеріне жеткізе желкелеп, есінен шығып кетпесін деп, әлсін-әлі қамшылап отыратын көрінеді. Бұл олардың Ерекеңнің еріншектігі мен жалқаулығын қаперлерінде қатты ұстайтындықтарынан болса керек. Уақыт таянғанда Ерекең: «Уәде деген Құдайдың үйі» деген емес пе. Міне, мен соны бұлжытпай орындадым», – деп жазып келген дүниесін қолдарына береді екен. Ерекеңнің екі сөзділікті жек көретін қасиетін жақсы білетін Әлекең де, Дәукең де сол кезде балаша мәз болып қалады екен.
Бірде оңашада ой құшағында отырған Ерекеңмен кеңінен отырып әңгіме-дүкен құрудың сәті түсіп қалды. Жағасын жайлауынан жіберіп отырған ағамыз «сұрағанға іздеген» дегендей, жайылып жастық, жазылып төсек болып, кеудесіне кептеліп жүрген сырларын бүкпесіз ақтарғаны әлі жадымнан кетпейді. Сонда:
– Ер-аға, елдің айтып жүргеніндей осы әңгіменің ұшығы шыныменен рас па? Сол жағын өз аузыңыздан естіген дұрысырақ сияқты. Бұған Сіз қалай жауап берер едіңіз? – деп турасынан қойып қалдым. Ерекең есіне бірдеңе түскендей, елжірей жымиып алды да:
– Несі бар. Мен ақиқаттан алшақ кете алмаймын. Әлекең мен Дәукеңнің табан астында тауып айтатын әділ шешімдеріне әркез құрметпен қараймын. Бұл адамдар менің тасымның өрге домалауын қалайды. Кейде кежегемнің кейін тартып тұратынын де бес саусақтарындай бесенеден біледі. Сондықтан да мен үшін айтқан ұсыныстары мен өтініштері әбден құптауға тұрарлық. Оларын мен қарсылықсыз қабыл аламын. Жан-тәніммен жауапкершілікпен сезінемін. Менің жалған айтуды жаным сүймейді. Айтқандары орындалмай қалса, ертеңгі күні олардың беттеріне қалай қараймын. Ар мен ұяттан ада боламын ғой. Өзің де оқыған шығарсың. Айтулы күндерге байланысты жазылған өлеңдерім мен толғауларымды мен заказ (тапсырыс) дүниелерім деп есептеймін. Бірақ, соларымның өзі жүректен-жүрекке жетіп жатқаны мені шынайы қуанышқа бөлейді. Оқырманнан сол перзенттерім үшін жиі-жиі жылы лебіз естіп жатамын. Былайша қарағанда солар өзіме «күшеншектеп» жазылған туындылар сияқты көрінетін. Нақтырақ айтқанда, ол жағынан қателесіппін. Әлекең мен Дәукеңе алғыстан басқа айтарым жоқ. Олар мені: «сергек те серпінді қалпында, шабыты шау тартпай жүрсінші», – дейді екен ғой. Сол ағаларыңның арқасында Мұқағали ағам әрі бауырым Мақатаев туралы «Хантәңірі, қайдасың?» атты тұтастықтан тұратын поэма кітабым, сол сияқты қара сөзбен жазылған «Мен білетін Мұқағали» атты эссем, сондай-ақ, өзің білесің газетте «Жортуыл Жолаушиев» деген бүркеншік атпен жарияланған сериялы фельетондарым мен «Тыныштық толғауы», «Жер туралы жыр», «Түс көрдім», «Батыр жайлы баллада», «Арылу», «Жақсы күндер келеді», «Қарасаз», «Қасіретті де қасиетті ғасырым», «Тау қыранын жоқтайды», «Құмда туған құдірет», «Мұқағали көшесі», «Сырласайық, бәйбіше…» атты көптеген толғауларым мен поэмаларым жаңағы қойған сұрағыңа берер жауабым болмақ. Осындай дүниелерімді жазып тастауыма түрткі болып, «алқымымнан» алған Әлекең мен Дәукеңдер. Егер Әлекең мен Дәукеңнің жанашырлық пейілдері мен ықыластары болмаса, халықтың сүйіспеншілік махаббатына бөленген мынандай дүниелерім өмірге келер ме еді, – деп жайбарақат қалпымен жадыраңқы жауап қайырып, тебірене терең ойға берілді.
Менің де көз алдымнан Еркін ақынның шығармашылығы жайлы жазылған, газет-журналдарда жарияланған ой саларлық мақалалар мен рецензиялар бірінен соң бірі тізбектеліп өтіп жатты. Олардан басқа «Қазақ әдебиеті тарихында», 10-шы сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығында жүруінің өзі ақындық атының шырқау шыңда тұрғанын көрсетпей ме? Сол сияқты әдебиет патшасы атанған Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» повесінің ажарын ашып тұрған бір шумақ өлеңі эпиграф етіп алынып, айдай жарқырап тұр емес пе? Осының өзі-ақ Ібітановтың інжу-маржан жырдың иесі екенінің тайға басқан таңбадай бедерлі белгісі екенін ешкім де жоққа шығара алмас. Осындайда Ерекеңнің газеттердегі әдебиет беттерінде артынан ерген ізбасарлары мен өкшебасарларына ақындыққа ақ пейілімен, ақжолтай тілеумен сәт сапар тілегендері ойға орала береді. Жас толқын мен жасөспірімдер сұранысына орай аудандық газет тарапынан Мұқағали Мақатаев атындағы әдебиет бірлестігін құрып, оған өзі текелей жетекшілік жасап, қаншама жастардың қауырсын қанаттарын қатайтты. Олардың көбі қазір Ерекеңнің ақ батасының арқасында өлең көшінің бел ортасында жүр. Еркін ақынды олар ұстазы әрі сапқа қосқан сардары санайды. Солай болып қала береді де. Ақын құдіретінің бір көрінісі осы болар.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөздің түп-төркінінде шырылдаған шынайы шындық жатыр. Еркін Ібітановтың да Қасым мен Мұқағали сияқты қашан да оқырманы көп. Оны сүйіп оқиды және сүзіп оқиды. Сүзіп оқиды дегеніміз зерделеп оқитыны. Сол оқырмандарының талайымен бетпе-бет, жүзбе-жүз сырластық та. Сонда Еркіннің шығармашылығында жамау-жасқаулы жаман дүниелер болмай шығады. Бәрі де жақсы бағалайды. Оның сыры неде? Оған берер жауабымыз да дайын. Мәселен, Ерекең жүз ақын жырлап кеткен бір тақырыпты өзіндік жаңалығымен жан бітіріп, жаңғыртып, басқаша жырлайды. Ол жаттандылық пен таптауырындықтан, еліктеу мен солықтаудан ат-тонын ала қашады. Әр өлеңінің ойлылыққа, образдылыққа, сезімталдыққа, тапқырлыққа, ешкім айтып көрмеген тосындыққа, ұтымды ұйқастарға құрылуын қалайды. Құрылымы осындай детальдарды жинақтаған өлең төрт аяғынан тік тұрған, қамшы салдырмас тайпалуды білмейтін жорғадай болмай ма? Менің ойымша Еркін ақынның ұстанымы өлеңдегі ұтқырлық пен ұқыптылық. Бұл ұстанымдар оны поэзиядағы азаматтық бағдарынан адастырмайды. Оның өлең көкжиегінен көрінуі де содан.
Бұл жерде мына бір жайды айтудың реті келіп тұрған сияқты. Ерекеңді тірі кезінде алаңдап іздеп тұратын жан досы, халықтың қастер тұтатын ақыны, аяулы Тұманбай Молдағалиев Еркін Ібітановтың соңғы «Елшенбүйрек» кітабына «Қадірлі Еркін, ақын досым менің» деп алғысөз жазыпты. Соны мен сол қалпында алдарыңызға ұсынуды жөн санадым. Өйткені, 2000 таралыммен шыққан кітап екінің бірінің қолына тие бермейді ғой. Онда Тұманбай ақын былай дейді:
«Жылдардың тез өткенін қарашы. Біз жасайтын жылдар азайды. Бейғамдық беріп жатыр сазайды. Анда-санда сені, сенің тағдырыңды есіме аламын. Анадан ақын болып туған бала едің. Бүкіл қазағыңа жақын бола алдың ба, жоқ па? Бәрі өзіңе белгілі. Өзің ойлағандай сенің ақындығыңның күш-қуаты менің ақындығымның күш-қуатынан артық болмаса, кем емес. Егер екпіндеп қиялыма ерік берсем, тең де шығармыз деп ойлаймын. Өлеңде мен жеткен атақ-дәрежеге сен жете алмадың. Жеткізбеген жаныңа, қаныңа біткен жалқаулық баяғы. Жол жүре берсең өнеді. Өнер де өршеленген сайын ашылады. Өлеңге тек он жылын мықтап берген Мұқағали ағамыз қай қияға шықты. Оны сен білесің, мен білем. Егер менің жырдағы бағым жанса, атым озса тек ерінбей еткен еңбегімнің арқасы. Бар болғаны отыз жеті-ақ жыл өмір сүрген Пушкин өз соңына қанша мұра қалдырып кетті. «Мен аз жазсам да, саз жаздым» деуіңе де әбден болады.
Егер көп жазсаң, жағаң қисайып қалмас еді ғой. Бүкіл Албан қыздарынан таңдап алған Алтынкүлің де сенің ернің күбірлеп, қолың жыбырлап, өмірің қағаз үстінде көбірек өтсе, оған қуанбаса ренжімес еді ғой, әрине. Менің осы саған айтып отырған өкпе-назым әділетсіз көңілден де шығуы мүмкін. «Маған жаратушының бергені осы-ақ» деуге де сенің хақың бар.
Мен сенің бар жазғаныңды ұнатам. Көзім шалғанын оқымай қойған емеспін. Өлең де алдымен өлең болуы керек. Оның бойынан от жарқылдап, оның ойынан нұр төгіліп жатуы керек. Өлең адамның рухани азығы ғана бола алса өлең. Әйтпесе, көрінген үлкен ақындарды оқығандарын қайтадан басқа сөзбен ұйқастырып жазып жүрген өлеңшілердің жазғанын оқығым да келмейді. Мен барлық ақынмын дегендердің жазғандарынан от іздеген адаммын. От тапсам жылындым, таба алмасам суындым. Өлеңге құмарлардың өлеңдері де қазір жиі-жиі шығатын болды. Менен сәт сапар тілеп келетін жырқұмарлар қаншама. Екеумізден жасы үлкен ағалар да қартайғанда жорға шығып жүр. Мен оларға сәт сапар да, басқа құрмет сөзін де айтпай, құрғақ құтылып кетіп жүрмін. Кейбіреуінің көңілін жықпай қолдау сөз жазғанымды оқи қалсаң, баяғы ақ көңіл құрдасыңды кешіріп қой, сен. Жұрттың бәріне мен бақыт тілейтінімді өзің бала кезден білесің ғой.
Жазушылар одағына хатшы болып кіріскен сағатымды сені Жазушылар одағына мүшелікке алу мәселесімен бастадым. Қара нанды қақ бөліп жеген студент досым, дүниеге бір жылы келген құрдасым, ең құрығанда сенің қалтаңа КСРО Жазушылар одағының мүшесі деген бір қызыл кітапшаны өз қолымнан салғым келді. Және саған тікелей бастық екенімді мойындатқым келді.
Бәрі болды. Одаққа мүше болдың. Жазушылар одағының бар жиылысына қатысып жүрдің. Әрине, ол жиындардың да алғашқы сағатында отырып, қалған сағаттарында қайда жүретініңді өзің білмесең, мен қайдан білейін.
Айтпақшы, Мұқағали ағамыз туралы жазған үлкен поэмаң «Хантәңірім, қайдасың?» шын жүректен құттықтаймын. Сол поэмаң арқылы сен асыл Мұқаңа аса биік ескерткіш орнаттың. Ақындығың да қатты өскен екен. Жарайсың. Жалпы Қадыр екеумізден көп үйренгеніңді көріп қуанып қалдым. Кезінде сол поэмаң жайлы асқақтатып жазамын деп ем, өлеңнен қолым босамады. Жылдар өтер, сен жазған өлеңдердің маңдайы ашылып, біз алған сыйлықтарды да алар. Алмаса да тағдырыңа өкпелеме. Алтынкүлдей жарды Аллам саған жазды маңдайыңа. Тұмаш пен Ерлан, Ербол, Нұрбол сияқты ұлдар мен Айнұр сияқты қызды мұрагер етті саған. Бүкіл Нарынқол, Кеген елінің ең ерке ақыны болып өмір сүріп келесің. Соған да риза бол және Қадыр мен Тұманбайдай үлкен ақындармен сырлас, мұңдас, құрдассың. Мұхит, Мұқағалиға інісің, Алтынкүлдің күнісің, Айтақындарға ірісің. Одан артық кім болайын деп ең сен. Мықты болсаң, Жамбыл атамның жасына жет. Содан кейін қайда кетсең, сонда кет. Жүрек гүлдерің – жырларың үлкен ақындар жазған жырлармен бірге өмір сүретін шығар, егер мен өлеңнен бірдеңе түсінсем. Өйткені сен де үлкен ақынсың, Еркін.
Өз Тұмашың,
Тұманбай Молдағалиев.
Дәуірмен бетпе-бет келіп, сол уақыттың әрқилы кезеңдеріне ақындық жүрекпен үн қосып отырудан, халықтың атынан сөйлеуден Ерекең ешқашанда қағыс қалып көрген емес. Дүбірлі дүниеде не болып жатқанын жүрек сүзгісінен өткізіп, оны өлең өрнегімен жеткізді. Оған дәлел «Төрт таған» деп аталатын лирикалық поэмасы. Оның біріншісі – Азия, екіншісі – Америка, үшіншісі – Африка, төртіншісі – Еуропа. Ақынның осы поэмасын ой елегінен өткізген адам өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы осы төрт тағанда халықтың басынан кешкен оқыс оқиғалар мен тағдыр тауқыметін алдыңызға ақтарыла жайып салады. Сонда ақындық зор дауыспен агрессияшыл әрекеттерді тоқтатуға, тосқауыл қоюға азаматтық арымен араша сұрайды. Жұп-жұмыр осы поэмасында Еркең арынды ақындығымен және сарабдал саясаткерлігімен еріксіз баурап алады. Оның «Шыңырау-шындық» атты толғаныстардан тұратын поэмасы да адамды немқұрайды қалдырмайды. Ақиқаттың ауылын іздеген адамға шырайлы шындық тұнбаларының қалқыған қаймағы мен әрін және нәрін санаңызға шындық шеңберінен шығып кетпей құйып отырады.
Табиғатынан тарланбоз ақын атанған Еркін Ібітанов Абайды, Қасымды, Мұқағалиды поэзия пайғамбарлары деп пір тұтып келген. Оған оқырманы да куә. Ақын өміріндегі соңғы шығармаларының бірі – Қасым Аманжолов туралы жазылған «Дауылпаз ғасыр – дауылпаз жыр» атты дастаны. Дауылпаз жырдың сұңғыла сұңқары болған дауылпаз ақынның алдына қойған арманы асқақ еді ғой. Еркін ақын соны жеті бөлімнен тұратын поэмасында қайсар Қасымның тұрпатты тұлғасын сомдауда көз алдыңызға көлденең тартады.
Дастанның «Науқас» бөлімін де ет жүрегің елжіремей оқымау мүмкін емес. Қасымның қалай ауырғаны жөнінде кезінде классик-жазушы Бердібек Соқпақбаев өз шығармасына арқау етіп алған болатын. Бұл жағынан Ерекең де құлашын кеңінен сермеп, шыбын жаныңызды шырқыратып жібереді.
Аспантаулар аясында алшаң басып жүретін, тау мінезді тарлан ақын, елі мен жерінің еркесі болған Еркін Ібітановқа деген халықтың махаббаты мен сүйіспеншілігі бөлек. Тұманбай ақын айтқандай, Қадыр ақын қастер тұтқандай «Еркін елінің үлкен ақыны» екені әлдеқашан мойындалған. 90 жасқа толып отырған аймаңдай ақынның көгілдір аспан мен Хантәңірін жалғастырып тұрған сеңгір биіктен менмұндалап көрініп тұруының өзі оның міртебесінің мерейлі екенін көрсетеді. Ол туралы айтылар әңгімелер тізбегіне де нүкте қойылмайды. Оның өмірі өлмейтін өлеңдерінің өлшеміне айналды. Ақпа-төкпе адуынды ақынның марқасқалар тобында маңдайы жарқырап келе жатқанының өзі жыр жампозының орындалып отырған арманы емес пе?! Мен Еркін ақынның шәкірті ретінде сөзімнің соңын асыл ағаға арнаған өлеңіммен тиянақтағым келеді.
Жаралғанын білеміз жырдан жаның,
Өлеңінде қазақтың тұлғаң барын…
Ел-жұртың әлі күнге жоқтап жатыр,
Кеудеңменен кеткенін тұнған дарын.
Жанарыңда жүретін шуақ тұнып,
Өн бойыңа өлеңнен қуат кіріп…
Жазғаныңды жарқылдап оқушы едің,
Ауыл болды өзіңе тұрақтылық…
Жұрт алдында бәлсініп сыздамадың,
Сездің бе екен артыңда із қаларын.
Хантәңірге қастерлеп алып шықтың,
Қазақтың Мұқағали мұзбалағын.
Аспантауда жүруші ең алшаң басып,
Болғанменен өзіңнен ортаң қашық…
Ақындығың олардан асып жатты,
…Таңдайларға татитын «сорпаң» тасып.
Биіктерден қол бұлғап ой-шынарың,
Қазағыңның кіргізді-ау бойшыл әрін.
Атакәсіп болғанын өзің айттың…
Отты өлеңмен өмірін қойшылардың.
Жан едің ғой жеріңді сағынар нақ,
Одан басқа жоқ еді табылар бақ…
Байынқол мен Қарасу сырласыңдай,
Қайтушы едің қармақ сап, балық аулап.
Өкінішті-ау, тым ерте көз ілгенің,
Жыр жолында табанды, төзімді едің.
Жазарларың түспеді-ау ақ қағазға,
Сағыныш боп қалды енді әзілдерің…
Көз алдыға елестер қалпың бәрі,
Шабытыңның теңіздей шарқ ұрғаны.
Озық орның бөлек қой елің үшін,
Қастерлеп жүр шәкірттер артыңдағы.
Жер мен көк те қайтейік күрсінуде,
Хантәңір мен Тянь-шань сілкінуде.
Жапырақтан жап-жасыл жас парлады,
Ағыс басқа өзендер бүлкілінде…
Халқың жатыр қастерлеп сыйың барын,
Қара жерді пана етті құйын жаның…
Елің үшін Еркін боп қалдың, аға,
Тәубе дейміз осылай бұйрғанын…
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақ Журналистикасының қайраткері,
Алматы облысының Құрметті азаматы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
