Жақында ауданымыздың орталығында орналасқан Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Осыдан 20 жыл бұрын аяққа тұрып, енді дамып келе жатқан елімізде кәсіптік техникалық мамандарға сұраныс артып, оларды даярлайтын білім ордаларының қажеттілігі туындаған еді. Осылайша 2003 жылы Қарасай ауданында Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжі ашылып, жұмысын бастайды.
ҚР-ның Білім және ғылым министрлігінің лицензиясымен «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Салық ісі» сынды бағыт бойынша білім берген колледжге кейіннен нақтырақ айтқанда, 2007 жылы мамандарға деген сұраныстың көбеюіне байланысты қосымша тағы сегіз мамандық қосылды. Бұған қоса осы жылы тағы бір қуанышты жаңалық орын алып, білім ордасы өзінің жеке ғимаратына көшкен. Алғашқы оқу жылын 29 талапкермен бастаған мекемеде бүгінде 1300-ге жуық студент білім алуда.
Колледж құрылтайшы «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» сынды бірнеше атақтың иегері Несіпбала Әбенқызымен мұнда еңбек ететін білімді де білікті мұғалімдердің арқасында 20 жыл ішінде колледждің жеткен жетістіктері жетерлік. Білім нәрімен сусындаған колледж түлектері де бүгінде еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып жатыр. Ал кейбіреуі өзі білім алып шыққан ордасына оралып, ұстаздарының жолын жалғастырып келеді.
Жыл өткен сайын еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды дайындап отырған оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сәйкес нығайтылып, оқытушылардың кәсіби шеберлігін шыңдау және серіктес ұйымдар мен потенциалды жұмыс берушілермен байланыс орнатуда жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген колледждің еңбегі ерен.
20 жылдың ішінде бірқатар қиын сәттерді бастан өткеріп, бүгінде келешегі зор салалардың дамуына орай мамандар мен жұмысшыларға кәсіптік білім беру, оларды мамандыққа даярлау, қайта даярлау және біліктілікті көтеруде нағыз ұстаханаға айналған білім ордасының мерейтойы жоғары деңгейде өткізілді.
Колледждің қуанышын ұжыммен бірге бөлісуге «Білім және ғылым мекемелері мен кәсіпорындары және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің салалалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоққожа Естенов, аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исагулова, Алматы облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Амина Торебаева сынды басшылар, профессорлар, өзге колледж директорлары, осында еңбек еткен ардагер ұстаздар мен түлектері келді.
Мерекелік шара барысында колледждің атқарушы директоры Майсам Бакиева алдымен оқу орнының тарихына кеңінен тоқталып, білім ордасындағы ұстаздар мен шәкірттердің жетістіктерін ерекше толғаныспен тізіп өтті. 20 жылдық мерейтоймен ұжымы мен білім алушыларды құттықтап, жаңа белестерді бірге бағындыруға шақырды.
Мұнан кейін сөз кезегі құрметті қонақтарға берілді. Олардың бірі жиналғандарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірсе, енді бірі колледж жайлы кешегі күннің әдемі естеліктерімен бөліссе, енді бірі оқу орынның ауданның дамуына, жас мамандардың даярлауына қосқан үлесі жайлы айтып өтті.
Бұған қоса шарада оның негізін қалаған Несіпбала Әбенқызын Тоққожа Естенұлы «Білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің салалық кәсіподағына еңбегі сіңген қайраткер» төс белгісімен және Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ ол кісіге Алматы облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Амина Даукенқызы Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның Алғыс хатын табыстады. Ал Рустам Атшабаров болса аудан басшысы Жасұлан Естеновтың атынан Құрмет грамотасын берді. Бұған қоса «Немере» мектебінің директоры, педагогика саласының үздік қызметкері Эльвира Угай Несіпбала Әбенқызы мен колледж директоры Майсам Бакиеваға бағалы сыйлықтар сыйлап, Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мұнан бөлек мерекеге орай педагогика ғылымдарының магистрі, Абай атындағы ҚазҰПУ бастауыш білім кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Жанкушков колледж кітапханасына Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арнап шығарылған 5 томдық кітабын сыйға тартты.
Колледж мерекесінде келген қонақтар тарапынан құттықтаулар мен ыстық лебіздер айтылып жатса, студенттер тарапанынан тамаша концерт ұйымдастырылып, түрлі ән мен биден шашу шашылып, өлеңдер оқылды.
Осындай керемет көңіл-күймен ауданымыздағы Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжі өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.