Қарасай ауданында күрделі жөндеуді талап ететін білім ошақтарының бірі – Қаскелең қаласында орналасқан Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп. Іргетасы 1985 жылы қаланған ғимаратта күні бүгінге дейін ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тозығы жеткен нысан енді, міне, жаңаша үлгіде жаңартылмақ.
2,62 га аумақта орналасқан мекеменің жалпы ауданы 6809 шаршы метрді құрайды. 200-ден астам мұғалім еңбек ететін білім шаңырағында биыл күрделі жөндеу болады. Оның құрылысына «СП NEFT» ЖШС деп аталатын компания жауапты. Осы аптада аталған серіктестіктің өкілдерімен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов мектепте арнайы кездесіп, құрылыс барысы қалай болатынын талқылады.
Келісімшарт бойынша мердігер мекеме 1 маусымда күрделі жөндеуді бастауы тиіс. Сараптама нәтижесі бойынша қысқа дейін, яғни, күз мезгілдерінде жұмыс толықтай аяқталуы керек.
Ал аудан басшысы оқу жылы басталғанда оқушылардың уақытша оқыту мәселесіне көңіл аударып, олар жақын маңдағы мектептерде білім алу керектігін айтты. Бұл жағдайды реттеу үшін өзінің орынбасары мен аудандық білім бөліміне тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы ғимараттың күрделі жөндеуіне жауапты «СП NEFT» ЖШС-нің директоры Нұрлан Қадірбековке келісімшарт бойынша құрылыс жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы керек екенін ескертті.
Мердігер мекеменің басшысы жөндеуді уақытылы бітіруге және мектеп ұжымына сапасы жоғары болатынына уәде берді. Оның айтуынша, маусым айының алғашқы күнінен бастап жұмыс басталады. Құрылыс барысында мекеменің терезелері, шатыры толығымен жаңартылады.
Айта кету керек, 40 жылға жуық тарихы бар бұл мектепте бүгінгі таңда үш ауысымда 2824 оқушы білім алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.