Ауданымыздың орталығында орналасқан Кеңес Үкіметінен келе жатқан ДОСААФ-тың ескі ғимаратын жандандырып, Өнер мектебі ретінде қолданысқа беру туралы мәселе бұрыннан бері қаралып келген еді. Алайда кезінде аталған нысанның жекеменшікке өтіп кеткендігіне байланысты біразға дейін бұл мәселе шешілмей жүрді. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды.
Нақтырақ айтқанда, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Абутурапұлының мәліметіне сүйенсек, ДОСААФ-тың ескі ғимараты «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің теңгерімінен 2013 жылдың 9 тамыз айында 15 съезд хаттамасы негізінде «Түлек AKG» ЖШС-не өткізілді. Ал 2015 жылдың 25 қараша айында мемлекеттік сатып алудың №2 келісімшарты негізінде «Алматы облысы қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі тарапынан аталған ғимарат сатып алынды. 2020 жылы Қаскелең қаласы әкімінің аппараты теңгеріміне, 2021 жылы Қарасай ауданының білім бөлімінің теңгеріміне өткізіліп берілді.
Алматы облыстық құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып-алу қортындысы бойынша 2023 жылы 20 қазанда аталған ғимараттын құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін «Даулет-Серпін 603» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Жобаның жалпы құны 560,7 млн. теңгені құраған. Алғашқы жұмыстарға мердігер компанияға 147,7 млн. теңге көлемінде аванстық төлем жасалды.
Алайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле басталған кезде «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігі талапкер ретінде жауапкерлер «Түлек АКG» ЖШС және «Алматы облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне «Мәмілені жарамсыз деп тану туралы» арызбен Алматы облысының ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Нәтижесінде басталған құрылыс жұмыстары белгісіз уақытқа тоқтатылып, облыстық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі кейінге шегіріліпті.
Осыған байланысты «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен Алматы облысының қаржы бөлімі, Қарасай ауданының білім бөлімінің арасындағы сот процестері жүріп, 2024 жылы Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша Қарасай ауданы білім бөлімінің арызы орынды болып табылған. Осылайша, ДОСААФ-тың ғимараты толықтай мемлекеттің иелігіне қайтарылып, ағымдағы жылдың қазан айында бюджеттен қаражат бөлініп, тоқтатылған жөндеу жұмыстары қайта жандандырылды.
Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқыны жақсы. «Даулет-Серпін-603» ЖШС директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, сот процесі басталғанымен компания құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, өз қаражатына ақырындап жүргізіп отырған.
Нәтижесінде ғимарат бүгінде 85 пайызға дайын. Кірпіштері қаланып, терезелері орнатылып, шатыры жабылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Ал қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2-ші және 3-ші қабаттарда жылыту жүйесі, кафельдері, ернеулері орнатылған. Енді осындай жұмыстар 1-ші қабатта да жүргізіледі. Жұмыс қарқыны жақсы болғандықтан, мердігер компания оны толығымен биылғы жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр.
Егер жұмыстардың барлығы ойдағыдай жүргізілетін болса, онда келер жылы қарасайлық оқушылар үшін Қаскелеңде жаңа Өнер мектебі есігін ашатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.