Бүкіл әлемге танымал болған хамак йогасы енді Қарасай ауданында да бар. Йоганың бұл бағытын ұстанған алғашқы орталық Қаскелең қаласындағы «Верона» мейрамханасында «Баланс Каскелен» атауымен ашылды.
Бүгінде қала тұрғындары заманауи әдістеме бойынша танымал йога бағытымен танысу мүмкіндігіне ие. Аталмыш йога орталығының нұсқаушысы Динара Алмабекқызының айтуынша, спорттың бұл түрінде ешқандай жас, не салмақ шектеулері жоқ. Хамактағы йога тек денсаулық үшін пайдалы болып қана қоймай, көңіл-күй мен эмоцияларды шоғырландыруға үйретеді. Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесі арасындағы балансты қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы йога сабақтарына бүлдіршіндер 5 жастан бастап қатыса алады. Кішкентай балалардың омыртқа сүйектері дұрыс қалыптасып өсуі үшін арнайы жаттығулар жасау керек. Сонымен қатар, Динара Медеубекова жүкті әйелдерге тигізер пайдасы мол екенін атап өтті. Әрине, аяғы ауыр келіншектерге қиын және жүктемелі жаттығулар жасауға тыйым салынады, алайда, йога спорттың ішіндегі ең қолайлысы болып табылады.
Күннен күнге танымалдығы артып жатқан йоганың бұл бағыты америкалық гимнаст, хореография қоюшы-режиссері Христофор Харистен бастау алған. 1990 жылы арнайы өзінің труппасы үшін ойлап тапқан акробатикалық қозғалыстары бар «Антигравитация» атты сахналық қойылымы, кейіннен осындай әдістің адам денсаулығына және көңіл күйіне берер пайдасы мол екенін көрсетті.
– Йоганың бұл түрі адам денсаулығына пайдалы болып қана қоймай, бойыңызға қосымша қуат сыйлайды. Омыртқаны түзеуге немесе стресстен босатып омыртқаның қысылуы секілді кішігірім ақаулардан арылуға көмектеседі. Жүйке жүйесінің функционалдығына оң әсерін тигізіп, тыныштандырады, – деді Динара Алмабекқызы.
Аталмыш йога орталығындағы сабақтар 8 адамнан құралған топтарда немесе жеке түрде жүргізіледі. «Баланс Каскелен» орталығы нұсқаушысының мәлімдеуінше, алғашқы сабақ тегін түрде өткізіледі.Қалаған адам жаттығулармен танысып, йоганың осы бағытымен қаншалықты үйлесімді екендігін тексеріп шешім қабылдай алады. Әрине, алғаш келген адам үшін қиын жаттығулар берілмей, оның эмоционалдық, психологиялық және физиологиялық жағдайына назар аударылады.
Қорытындылай кетсек, қаскелеңдіктер үшін заманауи және ең танымал йога бағытымен танысуға бірегей мүмкіндік туып отыр. Қаламызда ашылған бұл орталық бүгінде саламатты өмір салтын ұстанам деушілерді күтуде.
Салима БАҒАШАР.