Ағымдағы жылдың 15 мамырында Қаскелең қаласында заңсыз ұйымдастырған көкпар ойынының соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әлеуметтік желіде қаланың қақ ортасында көкпар тартып жүргендер жайлы бейнежазбалар тарады. Бұл оқиға халық арасында үлкен наразылық тудырған болатын. Осы аптаның сейсенбісінде аталған құқықбұзушылық жағдайға байланысты Қарасай аудандық Полиция басқармасының ғимаратында баспасөз жиыны өтті.
Қарасай аудандық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары, полиция майоры Арман Талкамбаев мәселенің мән-жайын толықтай түсіндіріп берді. Бұл кездесуге қарасайлық атбегілер, көкпар жанашырлары Айдар Оқасов пен Дәулет Жанкойликов арнайы шақырылды. Ұлттық ойынның басы-қасында жүрген көкпаршылар алдағы уақытта мұндай шараларды бірлесіп, ақылдасып атқаруға шақырды. Олардың айтуынша, көкпар өткізу үшін алдымен жергілікті атқарушы органдарды және полиция басқармасын хабардар ету керек. Сонымен қатар, ауылдың үлкендерінен барып ақыл-кеңес алу артық етпейтінін жеткізді.
Жиынға сол күнгі резонансты көкпардың ұйымдастырушылары шақырылды. Олар – Қаскелең қаласының 1987 және 1990 жылғы тұрғындары. Ұсталғандардың берген түсініктемелеріне қарағанда, жиенінің туған күніне орай өткізілген ат ойыны алдымен Қаскелеңнің шетіндегі жазық далада өткен, алайда кейін қатысушылар қала көшелеріне қарай ойысқан. Басында көкпар тартуға тек 10 адам ғана ниет білдірген. Олар екі топқа бөлініп, белгіленген аймақта қарсылас топтың аумағына салым салу ережесі арқылы ойнайтын болып жоспарланыпты. Дегенмен ойын басталған соң, жарысқа қатысу үшін бірден 60 ұлттық ойынның жанкүйері жиналыпты. Басында тәртіппен басталған көкпар артынша жабайы көкпарға ұласқан, «делебесі қозған ойыншыларды тежеу мүмкін болмады» деп ақталды ұйымдастырушылар.
Полиция басқармасы, ұсталған ер адамдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша (Ұсақ бұзақылық) және 614-бабы бойынша (Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру) жауапкершілікке тартылатынын айтты. Нақтырақ айтқанда, олар 5 АЕК төлейді немесе 10 тәулікке қамалатын болады. Қазіргі уақытта көкпардың өзге де қатысушыларын іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Құқықбұзушылық жағдайға себепкер болғандар әкімшілік жазаға тартылумен қатар келтірілген шығынды да өтейтін болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.