Қарасай ауданының орталығы болып табылатын Қаскелеңдегі автобекеттің бүгінгі жағдайы көпшілікті алаңдатуда. Расын айтқанда, қоғамдық көліктердің жиі аялдайтын орыны қазіргі заман талабына сай деп айтуға мүлдем келмейді. Сыртқы келбеті де сонау 90 жылдардағы ғимарат тәріздес. Бұл туралы жергілікті тұрғындар да, автобус жүргізушілері де өз уәждерін айтуда. Мәселен, автобусты тізгіндеген азаматтардың айтуынша, автобекеттің аумағындағы жолдар шұрық-шұрық тесік, жаңбар жауса көлшікке айналады. Сондай-ақ, аялдаманың маңайында тұратын таксилер қоғамдық көліктердің емін-еркін қозғалуына кедергі жасайды. Дәл осындай пікірді қала тұрғыны Жамалбек есімді азамат та білдірді.
– Бұл ғимаратты автобекет деп айтуға келмейді. Бұрын, яғни, Кеңес үкіметі кезінде ішінде жылынып отырушы едік. Барлық жағдай жасалынған еді. Қазіргі таңда жан-жағы түсініксіз орындарға айналып кеткен. Такси де, маршрут та жүреді. Қандай мекеме екені белгісіз, – дейді қала тұрғыны.
Пікірін білідірген қаскелендік азаматтың айтар ойына келіспеске амал жоқ. Автобекеттің айналасына көз тастасақ, қаз қатар орналасқан жеміс-жидек пен жеңіл тамақ өнімдерін сататын бірқатар дүңгіршекті көре аламыз. Одан бөлек, ғимараттың ішінде ойын залы, шаштараз, фотосалон, ломбард сияқты түрлі саладағы қызмет көрсету орындарын байқауға болады. Ал теміржол кассасының жағдайы адам таңғаларлықтай. Төлем қабылдауының орны бөлек болса, жолаушыларға арналған орындықтары далада орналасқан.
Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевтің сөзіне сүйенсек, автобекет бүгінгі таңда қала әкімдігінің иелігіндегі ғимарат болып табылмайды. Оған жергілікті әкімдік жауапты емес.
– Бұл автобекет 2007 жылдан бері жекеменшік болып табылады. Сондықтан оның тазалығы және басқа да тиісті жұмыстар ғимарат қожайынының міндеті екенін айтқым келеді. Әрине, біздің тарапымызға түрлі арыз-шағымдар, өтініштер түсіп жатады. Алайда аталған нысан мемлекеттік мекеме болмағандықтан оның жұмысына араласуға құқығымыз жоқ. Яғни, оның жөндеу жұмысына, айналасын абаттандыруға байланысты қаражат бөліп қарастыра алмаймыз, – дейді қала басшысы Асқар Өкенұлы.
Қаскелең қаласының әкімі, міне, осындай пікір білдірді. Автобекет жеке адамның иелігінде екеніне көзіміз жетті. Осыдан кейін айналасындағы жер телімдері жалға беріліп, дүңгіршіктердің саудасы қызып жатқанын түсінуге болатын шығар. Дегенмен олардың орналасуы мен қазіргі уақытта жұмыс істеуі қаншалықты заңды деген сұрақ туады. Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін жақында ғана Қарасай аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған Бақдәулет Сағындықовты әңгімеге тарттық. Ғимаратқа жеке адам иелік ететіні жайлы оның ойы да қала әкімімен бірдей.
– Автобекеттің аумағында орналасқан үш дүңгіршектің ешқандай рұқсат қағазы жоқ. Яғни, жеңіл конструкциялы осындай сауда орындары сәулет жоспарлау тапсырмасын алып, біздің бөлім арқылы келісуі қажет. Дәл сол сияқты ғимараттың ішіндегі басқа да қызмет көрсету орындары да рұқсат алуға міндетті. Алдағы уақытта осы мәселе жөнінде Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолданады. Одан ары қарай қандай шара қолданылу жағы анықталатын болады, – деп түсіндірді Бақдәулет Бақытұлы.
Қаскелеңдегі автобекеттің жай-күйі қоғамды алаңдатқаны өте орынды. Ең бастысы, мекеменің аты өзінің затына сай болса дейміз. Әрине, заңсыздықтың бәріне бірден тосқауыл қою мүмкін емес. Сонда да онымен күресе білуіміз керек. Автобекеттің иесі, бәлкім, жұртшылықтың үніне құлақ асып, назардағы нысанды жаңаша көрініске айналдырады деген үміттеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.