Өздеріңіз білетіндей, биыл Қарасай ауданына 90 жыл толып отыр. Мерекелі мерейтойдың құрметіне орай, ауданда түрлі жұмыстар атқарылып жатса, соның бірі ретінде Қаскелең өзенінің бойында орналасқан қаладағы саябақтың қайта жаңғырту жұмыстарын айтуға болады. Көпшіліктің демалыс орнына айналған бұл саябақтың келешектегі әсем бейнесін қазіргі жағдайынан мүлдем өзгеше болатындай көрінісін көре аласыздар!
Олай деумізге негіз болып отырған «BeyAzh Trans» ЖШС-нің ықпалы болып отыр десек артық айтқандық емес. Аталмыш серіктестік компания Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына бір кісідей атсалысу мақсатында осы демалыс орнын бұрынғы көрінісінен мүлдем өзгеше етіп өзгертіп, жанға сая болатын саябақты күрделі жөндеу арқылы ауданымызға сый ретінде тарту етпекші.
Жалпы, қала ішіндегі бұл демалыс орны осыған дейін бірнеше рет қалыпқа келтіріліп, жөндеу жұмыстары жасалып келген. Алайда, қараусыз қалған саябаққа ешкім жанашырлық танытпағандығын қазіргі жағдайынан-ақ байқасақ болады. Келешекте қаскелеңдіктер мен қала қонақтары жаңа саябақтың айналасынан Қаскелең өзенін бір деңгейде сылдырлап ағып жатқанын тамашалап, қайың ағашының түбінде ерекше демалатындай күй кешетін болады. Одан бөлек, қонақтарын арнайы күтетін дәмханалар мен балаларға арналған түрлі аттракциондар тұрғызылып, ескі футбол, баскетбол алаңдары қайта жаңартылады. Ал, осындай ауқымды жүйелі жұмыстың іске асуын қадағалаушы «BeyAzh Trans» ЖШС-нің өндірістік бөлім басшысы Дәуіржан Бақтыбайұлы құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын айтып, алдағы уақыттағы жоспарымен де бөлісе кетті.
– Жаңа саябақтың жобасы бойынша жөндеу жұмыстары сәуір айында басталса, оның аяқталуын ағымдағы жылдың қыркүйек айына деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта құрылыстың қарқынын жылдамдату үшін бұл құрылыс алаңында екі ауысымды, яғни, күндізгі және түнгі бригада жұмыс атқаруда. Жалпы, саябақты жаңарту үшін 2 га аумақ қамтылған. Егер осы атқарған ісіміз көптің көңілінен шығып жатса, алдағы уақытта базар алдындағы көпірдің арғы өткелін де жаңарту ойда бар, – дейді мердігер компанияның өндірістік бөлім басшысы.
Өз кезегінде Дәуіржан Бақтыбайұлы осындай күрделі жұмыс кезінде тұрғындарды аса сақтыққа шақырып, қауіпсіздік жағдайын барынша қадағаласа екен деген өтінішін жеткізеді.
Келешекте осындай көрікті көрініс табатын жаңа саябаққа арнайы күзет қойылып, бейнебақылаулар орнату жоспарда бар. Сондай-ақ, қазіргі көпірлер жаңартылып қана қоймай, серуендеушілерге қолайлы қосымша тағы бір жаңа көпір салынса, түнгі саябақтың бейнесі әдемі шамдармен жарықтанатын болады.
Ауданымыздың 90 жылдығына осындай ерекше сый-тартуды ойластырған «BeyAzh Trans» мекемесінің ұжымына еңбектері елеулі болатындай толағай табыстар тілейміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.