Аудан орталығы Қаскелең қаласында заманға сай жаңа шағын саябақ салынатын болады. Анығырақ айтқанда, жергілікті әкімдік басшылығы осыдан екі жыл бұрын өртеніп кеткен аудандық сәулет және қалақұрылысы ғимаратын толықтай жандандырудан өткізіп, орнына шағын уақытша саябақ салуға шешім қабылдады. Бүгінде аудан тұрғындарына арналған бастаманы іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, орталық кітапхана маңында орналасқан бір қабатты ескі әкімшілік ғимаратта аудандық сәулет және қалақұрылысы, жер қатынастары және АХАЖ бөлімдері халыққа қызмет көрсететін. Алайда 2023 жылдың маусым айында онда үлкен өрт шыққан. Оқыс жағдайдың нәтижесінде нысанның өзі де, оның жанында орналасқан жекеменшік үй де толықтай жанып кетті. Қуантарлығы өрттен қайтыс болған немесе зардап шеккендер болмады. Бірақ осы уақытқа дейін ғимарат қайта қалпына келтірілмей, жер телімі қолданыссыз тұрды.
Таяуда аудан тұрғындары аталған жер учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқады. Бірден халық арасында оның қандай нысан екені де оның иесіне қатысты сауалдар пайда болды.
Аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бас маманы Диас Даулетовтың айтуынша, аудан тұрғындары тарапынан талай рет серуендеуге арналған демалыс орындарының жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілген еді. Осыған байланысты аудан әкімінің бастамасымен өртеніп кеткен ескі нысанның орнына шағын саябақ салу туралы шешім қабылданды.
– Жалпы бұл жоба біраздан бері талқылауда болған еді. Нәтижесінде аталған жер учаскесі қолданылмай тұрғандықтан, онда тұрғындар үшін уақытша шағын демалыс орнын ашу дұрыс деген ойға келдік. Қазіргі уақтта осы жобаны іске асыру мақсатында аудандық және қалалық әкімдік пен аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі бірлесе жұмыстар атқарылуда. Ал құрылысы жүргізіліп жатқан нысанға келетін болсақ, ол сол өртте зардап шеккен жекеменшік үйдің учаскесінде салынуда. Яғни құрылыс жекеменшік жерде, жеке инвестордың қаражатымен жүргізілуде. Жергілікті әкімдіктің оған қатысы жоқ, – деді бас маман.
Заманға сай шағын саябақ құрылысы нақты қашан басталатыны белгісіз. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамаларын жасау бойынша қадамдар жасалуда. Диас Даулетовтың айтуынша, жоспар бойынша аумағы жеті сотық учаскеде қырлы тастар төселіп, жасыл ағаштар отырғызылып, шамамен 14 орындық пен жарық шамдары орнатылатын болады.
Бірақ бұл жерде ескере кететіні, саябақ халыққа уақытша қызмет көрсетеді. Салынғанымен алдағы уақыттары өзгеріс енгізіліп, оның орнына басқа мекеме тұрғызылуы мүмкін.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ