Өткен аптаның сенбісі күні Қаскелең қаласында елдегі креативті индустрияның дамуына серпін беріп, жас таланттар үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашатын оқиға орын алды. Аудан орталығында әлемге әйгілі америкалық «New York Film» киноакадемиясының Орталық Азиядағы алғашқы кампусы ашылды.
Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасында құрылған жаңа филиал АҚШ-тан тыс жерлерде ашылған үшінші кампус және Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі тұңғыш шығармашылық университет болып табылады.
Айта кетейік, аталған академия ашу бағытындағы жұмыстар екі жылға жуық уақыт жүргізілді. Нақты айтқанда, 2024 жылы Қаскелең қаласында жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы, климаттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кино, анимация және ойындар сияқты жаңа бағыттарда маман дайындауға мүмкіндік беретін Алматы энергетика және байланыс университетінің жаңа кампусы салынған болатын. Оның базасында шығармашылық индустрия паркі ашылды. Сондай-ақ Energo University мен Нью-Йорк киноакадемиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның аясында Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасында әлемге әйгілі «New York Film Academy» (NYFA) Қазақстандағы алғашқы филиалын ашу жұмыстары басталды.
Аталған бастаманың нәтижесінде өткен аптада «New York Film Academy Kazakhstan» корпусының ресми ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға «New York Film Academy» президенті және бас атқарушы директоры Майкл Янг, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркин, сондай-ақ отандық және шетелдік кино мен медиа индустриясының өкілдері қатысты.
Ауқымды кештің шымылдығын New York Film Academy президенті Майкл Янг ашып, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі жемісті болғанымен құттықтап, Қазақстандағы жаңа филиалдың ашылуы білім беру саласындағы ғана емес, мәдениет пен шығармашылық индустриядағы үлкен жетістік екенін атап өтті.
– Қазақстанда креативті индустрияны, білім беруді, технологияларды дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан біз «New York Film Academy» филиалының Қазақстанда ашылғанына мақтан етеміз. Бұл тек білім беру жобасы ғана емес, аймақ таланттарын біріктіріп, оларды әлемдік кино индустриясына жолдама беретін алаң болады. Академия түлектері Нью-Йорк киноөнері академиясының дипломы мойындалған халықаралық қауымдастықтың мүшесі болуға, әлемнің кез келген жерінде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, – деді NYFA президенті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, жаңа кино академияның ашылуы Мемлекет басышысының тапсырмасына сәйкес жүргізілді. Себебі кейінгі жылдары алдыға қойған мақсаттардың бірі – Қазақстанды академиялық хаб ретінде қалыптастыру. Соның аясында министрлік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, таяуда Астана қаласында беделді британдық университеттің филиалы Кардифф университетінің кампусы, Талдықорғанда Марке политехникалық университетінің филиалы ашылды. Олар ауыл шаруашылығы ғылымдары мен экономика саласына маманданатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса береді.
Шетелдік филиалдардың ашылуының арқасында 2024 жылы Қазақстанда 31 500 шетелдік студент білім алды, бұл бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. Нәтижесінде экономикаға 30 миллиард теңгеден астам табыс әкеліп, 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға ықпал етті. Алғаш рет Азиядан келген студенттердің саны ТМД елдерінен асып түсті, оның ішінде Үндістан, Қытай және Пәкістан көш бастады. Ал 2029 жылға қарай еліміздегі шетел студенттерінің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланған.
Іс-шарада сөз сөйлегендер қатарында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те болды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жобаның стратегиялық маңызы туралы сөз етті.
– «Жаңа кино академия – елімізде жетекші әлемдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі бастаманың жемісі. Бұл – білім беру мен креативті индустрияға қуатты серпін беретін маңызды қадам. Академия өңірімізді мәдени әрі технологиялық орталыққа айналдырып, Қазақстан ғана емес, шетелден де дарынды студенттерді тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде Алматы облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар, олардың 30 пайыздан астамын жастар құрайды. Бұл жаңа білім беру жобалары мен шығармашылық кеңістіктерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
«New York Film Academy Kazakhstan» кино, медиа және креативті индустрия саласында білікті мамандарды даярлайтын ірі орталыққа айналып, аймақ пен елдің дамуына серпін бермек, – деді Марат Елеусізұлы.
Шақырылған құрметті қонақтардың құттықтау сөзінен кейін кинематографиялық стильде болған салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. NYFA президенті, Ғылым және жоғары білім министрі, облыс әкімі және АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы қолдарына арнайы нөмірлеу тақтайшасын алып, «дубль түсіру» рәсімін жасады. Осылайша олар «New York Film Academy Kazakhstan» салтанатты түрде ашты.
Мұнан кейін қонақтар жаңа кампустың инфрақұрылымымен танысты. Үлкен кітапхана, дәріс залдары, дыбыс жазу және монтаждау, сондай-ақ фото студияны аралап, бірқатар профессорлармен танысып, Dala Edge креативті паркін көріп шықты. Бұған қоса білім ордасының технологиялық құрал-жабдықтар базасының деңгейін де бағалады.
Дәл осы күні студенттер мен қатысушыларға халықаралық деңгейдегі мамандар тәжірибелік шеберлік сабақтар да өткізді. Олардың қатарында режиссер әрі NYFA оқытушысы Роб Пьетри, актер және импровизация шебері Марк Мочаби, AR және ойын технологиялары бойынша сарапшы Кевин Кейтон, продюсер әрі режиссер Майкл Хсюэ, белгілі клипмейкер және кинорежиссер Ладо Кватания, қазақстандық кинопродюсер Қуаныш Бейсек, Голливуд стандарттарында жұмыс істейтін сценарист Гүлжан Токтогул, режиссер әрі Unreal Engine маманы Болат Ақназар, визуалды эффектілер сарапшысы Денис Вежновец, қазақстандық сценаристер Санат Шапашов пен Сергей Литовченко, сондай-ақ NYFA оқытушысы, актер Тодд Бруно болды.
Шараның соңғы бөлімінде «CIS MEDIA MARKET TOMORROW: CHALLENGES, FOCUS, COMMUNITY» атты панельдік талқылау өтіп, онда аймақтық медианарықтың даму болашағы сөз болды.
NYFA – Қазақстанда филиалын ашқан бірінші әлемдік деңгейдегі шығармашылық университет. Бұған дейін қазақстандықтар американдық кино білімін алу үшін АҚШ-қа баруға мәжбүр болған. 1992 жылдан бері Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі NYFA университетінде 300-ге жуық қазақстандық білім алды.
15 гектар аумақта орналасқан 1000 шаршы метрлік қазақстандық кампуста кітапхана, дәріс оқитын залдар, дыбыс және монтаж студиялары, шығармашылық кеңістіктер бар. Студенттер режиссер, актер, сценарист, дизайнер және визуалды эффект бағытында білім алады. Білім беру бағдарламасы тәжірибелік курс ретінде түзілген: идеядан бастап сценарий жазу, түсірілім, монтаж және көрсетілімге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бағдарламаға қысқаметражды жобалар, режиссерлермен шеберлік сағаттары және жеке менторлық қолдау кіреді. Түлектің дипломдық фильмі оның портфолиосына дайын жұмыс ретінде еніп, түрлі фестивальдерге қатысуға мүмкіндік береді.
Академияда студенттерге сабақты Голливуд пен Нью-Йорктен келген 10 NYFA кәсіби дәріскерлері жүргізеді.
Жаңа кампуста осы аптадан бастап 60 жас кинематографист оқуын бастады, олардың ішінде 11 студент толық грант, 21 студент жартылай грант иегері. Гранттық бағдарламаға 120-дан астам өтінім түскен, ал студенттердің қатарында төрт шетелдік бар.
Сонымен қатар, филиалда саланың жұмыс істейтін мамандары үшін қысқа мерзімді оқу бағдарламалары (4 және 8 апта) жүргізіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
