Биылғы мамыр айының тоғызында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толды. Бұл күні 1941-1945 жылдардағы оқиғаға қатысып, жері үшін шайқасқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы (ТМД) мемлекеттер батыр бабаларының ерлігін еске алып, олардың қаншама қиындық пен сынақтарды жеңгенін құрметтеуге арнайды. Осы атаулы мерекеге орай ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында қазақтың біртуар ұлы, Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлына арналған мурал пайда болды. Даңқты батырдың бейнесі Қарасай батыр мен Мақашев көшелерінің қиылысында орналасқан көп қабатты үйдің қабырғасына салынды.
Батырдың муралы – қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, қазақтың тарихи тұлғаларын насихаттауға арналған арт-нысандардың біріншісі. Аталған өнер туындысының авторы, суретші Еркеғали Иманғалидің айтуынша, суретте солдат формасын киген Бауыржан Момышұлы мен оны үлгі етіп қарап тұрған жас ұрпақтың өкілі бейнеленген. Артқы жағы жылулықтың және жақсы көңіл-күйдің белгісі саналатын сары түспен боялып, қазақтың оюларымен өрнектелген. Астыңғы бөлігіне «Жеңіс лентасымен» батырдың аты-жөні жазылған.
– Жалпы бұл жұмысқа тапсырыс Қарасай ауданы әкімдігінің тарапынан көктемнің басында түскен. Сол уақыттан бастап біз бес түрлі эскиз ұсындық. Соңғы нұсқа ретінде әкімдік Бауыржан Момышұлының осы суретін таңдады. Одан кейін барлық дайындық жұмыстары аяқталған соң, біз іске кірістік. Алдымен кешкі уақытта келіп, арнайы прожектормен эскиздің сұлбасын сызып алдық. Ертеңінде бояумен айналыстық. Жұмысты 3-4 күнде аяқтар едік. Алайда кейінгі күндері біраз құбылған ауа райына байланысты шегеріліп қалдық.
Суретті бояу кезінде біз ресейлік «Артон» деген компанияның аэрозоль бояулары бар құтыларды қолдандық. Олардың сапасы өте жоғары. Өзім осындай мұралдарды салумен алты жылға жуық уақыт айналысып келемін. Алғашқы суретім әлі жақсы күйде тұр. Сондықтан бұл жұмысымның да сапасына уайымдамаймын.
Тек бұл мұрал Қарасай ауданы тұрғындарының көңілінен шығып, ҰОС кезінде ерлік көрсеткен батырларымызды естеріне түсіріп отырса деп телеймін, – деді қабырға суретінің авторы.
Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы бейнеленген мурал 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығана арналған мерекелік шаралар аясында салтанатты түрде аудан тұрғындарына таныстырылды.
Тағы бір айта кетерлігі, Еркеғали Иманғали алдағы уақытта туғанына биыл 100 жыл толып отырған қазақтың біртуар композиторы, күйші, дирижер, халық әртісі Нұрғиса Тілендиевке арналған мұралды салуға кіріседі. Оны да автор 3-4 күннің ішінде бітіруді жоспарлап отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.