2018 жылдан бері ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында «QAZPOCT» оңалту орталығы өз жұмысын жүргізіп келеді. Күні кеше аталған мекеме базасында көптеген ауруларды заманауи әдіспен, яғни инфузиялық терапиямен емдеуге бағытталған «Clean Clinic» орталығы ашылды. Соның арқасында енді Қарасай ауданының тұрғындары да ағзаны дәруменге байытудың жаңашыл әдістемесін қолданып көру мүмкіндігін алды.
Ашылу рәсіміне қала әкімі Асқар Мұқашев пен аудандық мәслихат депутаты Атлана Исаева қатысып, салтанатты лентаны қиып қана қоймай, оңалту орталығы мен заманауи терапиялық клиниканың жұмысымен жақынырақ танысты. Құрметті қонақтарды «QAZPOCT» оңалту орталығының негізін қалаушы Күлбаршын Жиембаеваның өзі қарсы алды.
«Clean Clinic» – көктамырішілік инфузиялық терапияға маман-дандырылған медициналық клиникалардың халықаралық желісі. Бүгінде оның ТМД мен Қазақстанның аумағында 70-тен астам филиалы орналасқан. Бұл орталықтарда дәрумендер, минералдар, аминқышқылдары және басқа да белсенді ингредиенттері бар теңдестірілген ерітінділерді көктамыр ішіне енгізуге негізделген емдеудің заманауи әдісі қолданылады.
«QAZPOCT» орталығының басшысы Күлбаршын Амантайқызының айтуынша, инфузиялық терапия соңғы уақытта түрлі дерттің алдын алу мен оны емдеуде жиі қолданыла бастаған жаңа әрі танымал әдістің бірі болып табылады. Сондықтан олар бұл әдісті өздерінің тараптарынан көрсетілетін емдік қызметтерінің қатарына енгізуді шешкен. Жаңа емдеу бөлмесінде бірнеше сағатқа созылуы мүмкін ем-шара кезінде адам өзін ыңғайлы сезінуі үшін арнайы автоматты креслолар қойылған. Сондай-ақ олардың жанына интернетке қосылған шағын экрандар орнатылған. Ем-домға байланысты күніне 10-12 адам қабылданады.
Мұнда ем алу үшін науқас алдымен барлық қажетті тексерістен өтуі керек. Яғни «QAZPOCT» оңалту орталығының жалпы тәжірибелік-отбасылық дәрігері Ақерке Абзалқызының айтуынша, әр салынатын тамызғының (система) құрамдас бөліктері ем алушының өзіне тән ерекшеліктеріне сай таңдалады. Ол үшін емделуші алдымен барлық қажетті тексерістерден өтеді. Сол арқылы оның қандай дәріге ағзаның тітіркенуі немесе созылмалы аурудың бар-жоғы, денесінде қандай дәрумен жеткілікті немесе жеткіліксіз екендігі анықталады. Тек барлық тексерістің нәтижесі дайын болған соң ғана арнайы тамызғы жасалады. Бұл жерде бір ескере кететіні, инфузиялық терапия балаларға қолданылмайды.
Дәрумен денеге тамызғы арқылы жіберілетіндіктен, қанға тез сіңеді, толыққанды нәтиже береді және ас қорыту жүйесіне зиян келтірмейді. Қазір клиникада тамызғының «Золушка», «Қуат+», «Аминқышқылы», «Антивирус», «Лаеннек» секілді 30-ға жуық түрі бар. Оның әрқайсысы арқылы адам бас пен дененің ауырсынуын, шаршанқылық, детоксикация мен ағзаның тітіркенуі, депрессия секілді ауруларын емдей алады. Есте сақтау қабілеті нашарлаған жағдайда немесе қан қысымы жоғары болған кезге де тиімді. Сонымен қатар уланудан немесе алкогольді интоксикациядан кейін ағзадан токсиндерді шығару үшін детоксикациялық емдеу әдістері де бар.
Жалпы айтқанда, жаңа орталықта адамдар денсаулығы мен иммунитетін жақсартуға және нығайтуға бағытталған витаминдер мен минералдарды толыққанды ала алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
