Қазіргі уақытта эпидахуалдың тұрақталуына және кәсіпкерлердің кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау үшін ел аумағында шектеу шаралары жеңілдетілді. Дегенмен, қоғамдық орындардағы ғимараттарға кіру «Ashyq» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Осы ретте оқырмандар назарына аталған платформаның көмегімен анықталған өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушыларға әкімшілік жаза қарастырылғанын ескерткіміз келеді. Себебі қазір тұрғындардың көпшілігі карантиндік режим бәсеңдеді деген оймен кейбір сақтық шараларды елеусіз қалдырып жатады. Қарасай ауданында «Ashyq» жүйесінде жыл басынан бері құқық бұзған 150 адам анықталған. Ондай тұрғындар қалай анықталады? Нақтырақ мәлімдер болсақ, «Ashyq» жобасына қатысатын қоғамдық нысандарға барғанда бұл жүйе «қызыл» мәртебесі бар адамдардың тіркелу фактісін растайды. Яғни, карантиндегі науқас адамның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы ҚР ӘҚБтК-нің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға және оған әкімшілік жаза шараларын қолдануға себеп болады. Тұрғын өзінің жұқтырылған мәртебесі туралы біле тұра, оқшаулау режимін бұзса және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін тудырса, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігімен оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Иә, 88 мың жуық қаражат аз емес. Дегенмен, «қызыл» немесе «сары» мәртебесі бар тұрғындар қоғамдық орындарда жүрсе, СOVID-19 тасымалдаушылары болып саналады, иммунитеті төмендерге, қарттар мен балаларға және басқаларына ауру жұқтырады. Осылайша ауданымыздың «қызыл» аймақта болу кезеңін ұлғайтып, сырқаттанудың күнделікті өсуіне үлес қосады. Сондықтан науқастар қоғам алдында өз жауапкершіліктерін түсінгені абзал.
«Ashyq» платформасы арқылы «қызыл» мәртебесі бар науқасты анықтау қалай жүзеге асыралатына тоқталсақ. Мәселен, адам QR-кодты сканерлегенде жүйеде қызыл мәртебе шықты делік, бұл деректер Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жіберіледі. Онда барлық ақпарат толық тексеріліп, аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ұсынылады. Ал. Қарасай ауданының тұрғындары мен онда орналасқан нысандарға қатысты деректер аудандыө СЭБ басқармасына жіберіледі. Олар басқа дәлелдер жинайды, мысалы, бейнебақылау камераларынан алынған фотосуреттер. Бәрі расталған жағдайда ғана айыппұл салынады. Бұл алгоритм тек «сары» немесе «қызыл» мәртебесі бар адамдарға ғана қатысты қолданылады. «Көк» мәртебесі бар адамдар үшін айыппұл қарастырылмаған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда «Ashyq» жүйесі COVID-19 індетін таратпау бойынша алдын алу шарасы ретінде енгізілді. Қоғамдық орынға, мысалы, театрға немесе сауда орталығына бару үшін адамдар арнайы QR кодты сканерлеуі керек, нәтижесінде жүйеде келушінің мәртебесі көрсетіледі. Вакцина салдырғандарда немесе 72 сағат бұрын ПТР-тесттің теріс нәтижесін алғандарда мәртебе «жасыл» болады. «Көк» мәртебе адамның коронавирусқа қарсы егілмегенінің, ауру еместігінің және ауру жұқтырған адамдармен байланыста болмағанының белгісі. Науқастармен байланыста болған адамдарға жүйеде «сары» мәртебе беріледі. Қызыл түс адамның COVID-19 жұқтырғанын білдіреді.
Десе де, әлемді әбігерге салған коронавирустық пандемия салдары өткен жылдың наурыз айынан бері біздің елде де бірқатар бизнес түріне шектеулер, тоқыраулар алып келді. Кәсіпкерлердің кірісі саябырсып, шығыны молайды. Себебі індет іргесін әлі де толық алыстата қойған жоқ. Жабық нысанда жұрттың көп шоғырлануы инфекцияның таралу қаупін арттырмақ. Сондықтан да, жоғарыда аталған бизнес түрлерінің қайта тыныстауы үшін шектеулерді ішінара алып тастауға балама ретінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Бұл аудандағы бизнес өкілдерінің кедергісіз жұмыс істеуіне жол ашты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық филиалының кеңесшісі Елена Константинованың айтуынша, ауданда «Ashyq» жобасы арқылы 1395 мемлекеттік мекеме және бизнес нысандар тіркелген. Жоғарыда атап өткендей, осы қоғамдық орындарға кірмек болған «қызыл» статусы бар 150 тұрғын анықталған. Бұл мәліметті бізге аудандық санитариялық-эпедемиологиялық бақылау басқармасы берді. Аталған мекеменің мәліметінше құқықбұзушылар туралы деректерді қабылдап алған соң жергілікті СЭББ мекемесі азаматтарға бірден айыппұл арқалатпайды. Алдымен олар жайлы дәлелдер жиналып, сарапталады. Мәселен, жоғарыда тілге тиек еткен 150 адамның тек үшеуі ғана айыппұл төлеуге міндеттелген. Қалғандары жөнінде айтар болсақ, төрт азаматқа қаулы шығарылып 10 күн карантинде отыру тапсырылған, 47 адамның қосымшаларын жақындары (әйелі, күйеуі, баласы) қолданған, тоғызы Павлодар, Алакөл сияқты басқа қаланың тұрғындары, ал, төртеуі алматылық болып шыққан. Құқық бұзғандар қатарында болған жеті әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы аналар, 29 жүкті әйелдерде айыппұлдан босатылған. Мемлекеттік Бас санитардың 36 қаулысының төртінші қосымшасына сәйкес, ПТР тест нәтижесі «оң» нәтиже көрсеткен кейін, 15 күн каратинде отырмай жеті күннен соң ПТР тестті қайталап тапсыруға болады. Егер оның «теріс» екені анықталса, азаматтың толықтай қалыпты өмірге құқығы бар. Осы өзгерістер негізінде жеті күннен соң қоғамдық орындарға бара бастаған 12 адам «Ashyq» базаның жаңартылып үлгермеуінен құқық бұзушы деп танылған. Әлбетте мұндай азамат айыппұл төлемейді. Ал, қалған 36 тұрғындарға қатысты деректер әлі де анықталу үстінде. 78 мың теңге жерде жатқан жоқ. Сондықтан, елімізден мына дерт толығымен кетіп, «Ashyq» жүйесі толығымен алынып тасталғанша байқау қажеттігін ескертеміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.