16 маусым – халықаралық Әкелер күніне орай, Қарасай аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Асқарым бар, ең биік әке деген» тақырыпта отбасы құндылығы мен әке рөлін дәріптейтін облыстық әкелер форумы өтті. Бұл жиынның мақсаты – қоғамда әкенің рөлін арттыру, ата-ана мәдениетін қалыптастыру және отбасы институтын нығайту.
Форум барысында әкелер мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынас, ер азаматтың отбасындағы жауапгершілігі туралы жақсы ойлар айтылды. Ал осы кешке арнайы шақырылған әдебиеттанушы, филология ғылымдарының директоры Мақсат Тәж-Мұрат, Қарасай аудандық «АХЫСКА» түрік этномәдени орталығының төрағасы Илимдар Камилов, Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлы, Алматы облыстық орталық кітапхананың директоры Ғалия Тоқабаева, психосоматолог, коуч Арман Амангелді сияқты құрметті қонақтар әкелердің рөлі мен отбасы алдындағы міндеттері жайлы пайымды пікірлерін білдірді. Сондай-ақ кейбірі өз өміріндегі әкелерімен болған ерекше естеліктерімен бөлісіп, жастарға келелі ой айтты.
Кеш барысында жасөспірімдер әке жайлы, жүрекке жол табатын әндер шырқады. Интеллектуалды ойындар мен ашық алаңда еркін сұхбат ұйымдастырылды.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.