Қазір екінің бірінде несие бар. Тіпті бір емес, бірнеше банктен ақша алып, қарызға белшесінен батқандар көп. Өкінішке орай, елімізде жыл өткен сайын мұндай адамдар саны өсіп келеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері – мұнын бәрі қарызданған халықтың санын одан сайын арман өсіруде. Бұл мәселені шешу, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін бірінші кезекте халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру керек. Осы ретте олқы тұстардың орнын толтыру жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың көмек көрсету мақсатында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды. Аталмыш жоба барысында «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшылары өңірлерді аралап, тегін ақпараттық тренингтер өткізуде. Жақында аталмыш жоба біздің ауданымызға да жетті.
Нақтырақ айтқанда, өткен аптада Қаскелең қаласында орналасқан «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында республикалық «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының эксперті аудан тұрғындарына тренинг өткізіп, отбасындағы қаржыны қалай тиімді жұмсау керектігін түсіндірді.
Дәріс барысында қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды, қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, дәл қазіргі уақыттағы қарыздар санын азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтардың негізгі алгоритмдерін, ондай әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастағысы келетін кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алады. Арнайы келген сарапшы әртүрлі мысалдар, ойындар арқылы қатысушыларға ақша жұмсау кезінде тізімнен қажетсіз шығындарды қалай алып тастауға болатындығы туралы да көрсетті.
Бұған қоса тренингтер аяқталғаннан кейін қатысушылар «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшысы өткізетін консультацияларға қатысып, өздерінің жеке мәселелері бойынша көмек алды. Әңгімелесу барысында эксперт әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.
– Жалпы елімізде осындай жобалардың қажет екені бұрыннан байқалып келеді. Бүгінде көптеген қазақстандықтар қарызға белшеден батып, одан өз күштерімен құтыла алмай келеді. Тіпті, қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Бұл, әсіресе, шет жақтарда, ауылдық елді мекендердің тұрғындарының арасында өте өзекті мәселе. Сондықтан бірінші кезекте осындай курстар облыс орталықтарында емес, аудандарда өтіп жатыр. Біз өз тарапымыздан қиын жағдайда қалғандарға маман ретінде барынша көмек көрсетуге тырысудамыз, – дейді «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшысы Гульсун Абдуллина.
Айта кетейік, аталмыш тренингтер Қарасай ауданында алты ай жалғасады. Оған өзінің қаржыға байланысты сауатын арттырғысы келетін кез келген тұрғын қатыса алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.