Бүгінгі таңда, өкінішке орай, елімізде несиесін өтей алмай, қарыздан-қарызға кіріп жүрген тұрғындардың саны аз емес. Олардың көбі бірнеше банкке, одан қалса пайызы тым жоғары микрозаймдарға жүгініп, борышкер атануда. Адамдардың дәл осылай берешек атануының басты себебі қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан болуы да мүмкін.
Ал осы мәселемен айналысатын еліміздегі жобалардың бірі – «Қарызсыз коғам». «АMANAT» партиясы мен бірнеше қаржы ұйымдарының бірлескен бастамасы осы аптадан бастап Қарасай ауданында өз жұмысын бастады.
Біз өз кезегімізде бұл жобаның берешегі бар адамдарға қандай тиімді тұстары бар екенін білуге тырыстық. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының Қарасай аудандық филиалында кеңес беретін «Қарызсыз қоғамның» жобасының қаржы сарапшысы Сәтжан Иманғалиевпен тілдесіп көрдік.
– Сәтжан Сәбитұлы, «Қарыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты қандай? Оқырман қауымға осыны түсіндіріп өтіңізші.
– Бұл жоба – «Аманат» саяси партиясы, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» РҚБ бірлескен бастамасы. Оның негізгі негізгі стратегиялық мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Нақты айтқанда ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығы бойынша құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған. Былтыр бұл жоба пилоттық ретінде жұмысын бастаған болатын. Биыл ауқымды түрде Қазақстанның барлық өңірінде жалғасуда. Жоспарға сәйкес 700 мыңдай адамның қаржылық сауатын ашу көзделуде. Өйткені қазіргі таңда 6 млн 300 мыңға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Одан бөлек 1,2 млн адам микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Сонымен қатар 1 млн-нан астам тұрғынның кем дегенде бір несиесі бойынша кешіктіруі бар. Сондықтан осындай берешектің алдын алу, яғни халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін жоба аясында жұмыс істеп жатырмыз.
– «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өзіңізден кез келген адамның кеңес алуына мүмкіндігі бар ма? Әлде жоба аясында белгілі бір санаттар ғана қарасырылған ба?
– Барлық адамға кеңес алуға болады. Бірақ негізгі санатқа несие бойынша берешегі бар және қаржылық жағдайы төмен адамдар жатады. Сондай-ақ ағымдағы несиесі бойынша кешіктірулері болса, оларға кеңес алу артық болмас.
– Тұрғындарға түсінікті болу үшін Сіздің кеңесіңізге қалай жүгінуге болатынын түсіндіріп өтсеңіз жақсы болар еді. Сондай-ақ жоба аясында қызмет көрсетуіңіз қай уақытқа дейін жоспарланған?
– Қазіргі уақытта жобалық кеңсе ретінде Қаскелең қаласында орналасқан «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалында жұмыс істеп жатырмыз. Алайда басқа да елді мекенде тұратын халықтың жағдайын ескере отырып, ауылдық округке барып, кеңес беру жұмысын жүргізе аламыз. Ол үшін жоғарыда аталған мекеменің 8(72771) 2-28-48 жұмыс телефон нөміріне немесе 8 701 285 40 09 мобильді телефонға қоңырау шалып, жазылуға болады. Сондай-ақ біздің жобалық кеңседегі семинар сабақтарға кез келген адам қатысуға болады. Жасқа байланысты шектеу жоқ. Ақылы емес, тегін екенін айтқым келеді. Мұндай форматта білім беру қазіргі нарықта өте құнды болып табылады. Сондықтан бұл жақсы мүмкіндік деп айтар едім.
– Сәтжан Сәбитұлы, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында атқарып жатқан жұмыстарыңыз қашан аяқталады?
– Бұл – мемлекеттік жоба. Үш жылға деп жоспарланған. Биыл Қарасай ауданында жұмыс істеп жатырмыз. Жылдың соңына дейін қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша кеңес беру жұмысымызды жалғастырамыз.
– Қазір біздің қоғамда несиесін төлей алмай, қарызданып жүрген адамдар жетерлік. Оны жасыра алмаймыз. Осы аталған жоба аясында сондай берешегі бар жандарға көмектеріңіз тиді ме? Нақты мысал келтіре аласыз ба?
– Былтыр елімізде 65 мың адам «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауатын арттырды. Солардың көбіне білім беріп, қарыздардан құтылудың жолын көрсеттік. Біз біреудің несиесін жауып береміз деп айта алмаймыз. Бірақ одан тиімді түрде құтылудың амалын үйретеміз.
Тағы бір айта кететін жайт, жоба аясында қазіргі таңда әр өңірде заңгерлеріміз бар. Олар да өз тарапынан кеңес бере алады. Сондай-ақ кәсіп бастауға ниетті жандар болса, бизнес-жоспар құруға қолдау білдіре аламыз. Яғни кәсіп бастауға арналған бағдарламаға қатысты құжатын реттеп, банктерге өтінім беру жағынан көмек көрсетеміз.
– Демек сіздер қарыздан құтылудың амалын қарастырудан бөлек, кәсіп бастаудың да жолын үйретесіздер ме?
– Иә, дәл солай. Мысалы, бүгін Кемертоған ауылының тұрғыны монша салып, халыққа қызмет көрсету бойынша кеңес алуға келді. Біз өз тарапымыздан несие алу үшін қандай құжаттар керек екенін айтып, пайдалы ақпаратымызды жеткіздік.
– Сәтжан Сәбитұлы, осы жобалық кеңседегі жұмыс кестелеріңіз қандай? Тұрғындар өзіңізбен қай кезде кездесе алады?
– Қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша семинар сабақтарымыз дүйсенбі-жұма аралығында 09:00-ден 13:00-ге дейін болады. Ал түстен кейін жеке кеңес алушы азаматтарға түсіндірме жұмысын жүргіземіз.
– Ақпаратыңызға көп рақмет. Негізгі сұрақтарды қамтыдық деген ойдамын. Адамдарға пайдалы жоба екені байқалып тұр.
– Рас. Бұл өте жақсы, әлеуметтік жоба болып табылады. Халыққа үлкен көмек болатыны анық. Ең бастысы сабақ тегін екенін айтқым келеді және жасқа байланысты шектеу жоқ. Адам білім алудан шаршамау керек. Сондықтан тұрғындарды пайдалы ақпарат алуға шақырамын.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.