1993 жылы қараша айының 15-і күні теңге айналымға енген еді. Содан бері елімізде осы күнде тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендік символы Ұлттық валютаның күні аталып өтеді. Таяуда атаулы мерекеге орай аудан әкімі Жасұлан Естенов қаржы саласына өз үлестерін қосып келе жатқан бірқатар мамандарды марапаттады.
Дүйсенбі күні аудан активімен өткен жиында аудан басшысы өңірдің экономикасының дамуына үлес қосып жүрген сала мамандарына жылы лебізін жеткізіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Ағымдағы жылды қорытындылай келсек, ауданымыздың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика сақталған деуге болады. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуге қарасайлық қаржы саласы қызметкерлерінің де қосқан үлесі аз емес.
Осы орайда сіздерді келіп жеткен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз әрдайым табысты бола берсін. Аудан игілігі жолында қарышты қадаммен жаңа жетістіктерге жете беріңіздер, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Мұнан кейін аудан басшысы жыл бойы экономиканың өрлеуі мен қаржы секторының дамуына еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Нақтырақ айтқанда, Жасұлан Естенов аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысын орынбасары Гаухар Бұхарбаеваға Алматы облысының әкімі Мұрат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасын, аталмыш бөлімнің бас маманы Салтанат Байсапароваға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың Алғыс хатын табыс етті. Оған қоса жоғары кәсібилігі мен елеулі еңбегі үшін бір топ маманды өзінің Алғыс хатымен марапаттады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
