Өмірінде өлшеніп берілген ғұмырында елі мен жері үшін ерекше еңбек сіңірген, алдыңғы буын саналатын аталар мен апалардың табан ет, маңдай терлері ешқашан да халықтың есінен шықпайды. Ал, осыдан 80 жыл бұрынғы қан майданда кеудесін оққа тосып, Жеңісті жетелдеткен майдангерлердің алар орны тіптен бөлек. Біздің мына әңгімеміз қарғыс атқыр, қанды балақ соғыстың кейіпкері, ержүрек жауынгер болған Бексұлтан Жабаев жайында болмақ.
Біз бұл кісі туралы деректер мен дәйектерді әкесі Жабайдың, анасы Қағаздың немерелеріне және өзінің көзі тірісінде балаларына айтып кеткен негізіне сүйене отырып, сыр шертуді жөн санадық. Сол сияқты Бексұлтан Жабаев жайында мағлұматтарға тереңірек қанығуымызға жаны қалмай жанашырлығымен атсалысқан Жібек жолы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Абай Жұманиязовтың жасаған жақсылығын, көрсеткен көмегін ұмыта алмаспыз.
Абыройлы өмір сүруді артына қалдырған ол 1924 жылы Батыс Қазақстан облысының, Қаратөбе өңіріндегі қыстаулардың бірінде кәдімгі жертөледе дүниеге келген. Бұған таңырқайтын да ештеңе жоқ. Өйткені сол жылдардағы сұрапылға бұқара халықтың көнбеске амалы жоқ еді. Аштықтың жаппай алқымнан алуы, түрлі салықтардың адам шыдамас ауыр салмағы қиындықтың қыспағына алып жатты. Міне, сол кездегі сорақылықтардың бәрін ол бала кезінен көзімен көріп, санасына сіңіріп, ащы сабақ алды.
Жастайынан тұрмыстың адам төзбес ауыртпашылығын тартқан ол қатарынан қалмай, жеті жылдық мектепті үздіктер тобында бітірді. Әрине, бұған оның алғырлығы мен зеректігінің ұшан-теңіз пайдасы тиген екен. Бексұлтан ат жалын тартып мінер азаматтық шаққа жеткенде сол уақыттағы «сауатсыздықпен күрес» науқанына бел шеше араласқан. Ол 17 жасында Отанымызға опасыз жаудың тұтқиылдан шабуыл жасағанынан хабардар болды. Ауылдық Кенестің төңірегіне жиналған халықтың осынау қаралы хабарды естігеннен кейінгі кейіптері, тіптен қорқынышты әрі аянышты болатын. Аупарткомның, әскери комиссариаттың, ішкі істер органының арнайы өткізген жиналысынан кейін соғыстың қалай басталғанының мән-жайына толық қанық болған.
Сондағы ауыл тұрғындарының атынан сөйлеген мына сөзін Бексұлтан көзінің тірі кезінде «балаларым біліп жүрсін» дегендей, жиі-жиі айтып тұрады екен. Ақсақал айтқан ол сөздің мәнісі мынандай: «Антты бұзған ант ұрғыр Гитлер опасыз болып шықты. Антты бұзған адам түбінде оңбайды», – деп ақиқатты шындықты ашу-ызаға булығып тұрып айтыпты. Содан кейін кеуделерін кек кернеген ауыл тұрғындары «Бәрі майдан үшін!», «Бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранды ту етіп ұстап, алда тұрған тиісті іс-әрекетке көшуге жұдырықтай жұмылып, бекем бел буған.
Бексұлтан осы бас қосудан кейін өзінің үзеңгілес құрдастарымен бірге ұйымшылдық үрдісі бойынша тылдағы шаруашылық жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Оның қолына қару алып, майдан шебіне баруына азаматтық жасқа толмағандығы айтарлықтай кедергі келтіріпті. Соған шыдамасқа амалы жоқ. Бұл тосқауылды ол ғана көріп қана қойған жоқ, оның қатарластары да көрді. Бірақ бозбала жастардың күндері босқа өтпеді. Ауылдың атқамінерлері айтқан жұмыстарды құлшына істеп, бойларын кернеп тұрған күш-қуаттың бар екенін көрсетті. Олардың жұмысты жапырып істейтін жастық жалынына ауыл адамдары да риза болып жүрді. Сөйтіп, олар «жас қайраты елімнің» деген абыройды арқалады.
Көп уақыт өтпей Бексұлтан да діттеген тілеуіне жетті. 1942 жылдың күзінде 18 жасқа толып, әскерге шақырылды. Қуаныштары қойнына сыймаған өршіл жастар өздерінің Отан қорғауға деген патриоттық сезімдерін ашық түрде анық байқатқан. Әскери жағынан ешетеңеден хабарлары жоқ жастарды бір айдай уақыт шамасында Арджоу қаласында әскери жаттығулардың сан түрінен күндіз-түні жаттығулардан өткізеді. Сол бір естен кетпес сынақта винтовка атудан, граната лақтырудан, танкке қарсы іс-әрекет жасаудан, тағы басқа талаптардан Бексұлтанның басқалардан самдағайлық басымдығы әлдеқайда ерекшеленіп тұрды. Күздің аяғына таман осындағы жауынгерлерді Лабақ пристанынан параходпен майдан бағытына қарай алып жүрді. Жолдағы Мойнақ, Хожеліден бұлардың қатарына тағы да 20 жауынгер қосылды.
Чарджоу қаласында әскери ант қабылдаған олардың беталысы Сталинград майданы болды. Расында да олар осы майдан шебіне табан тіреді. Осындағы қазандай қайнап жатқан майданның барысын көргенде, олардың көздері алақандай болып кеткен. Санына адам жетіп болмас арлы-берлі ағылған жауынгерлер, алуан түрлі әскери техникалар: танкілер, артилериялық зеңбіректер, автокөліктер, жаңадан сапқа қосылған техникалардан да көз сүрінеді. Жаудың жойқын күші Сталинградты басып алу үшін жанталаста. Олар осы үшін бар амалдарын жасап бақты. Өте қатерлі де қауыпты кезең болатын.
Тарих тарауларынан жақсы білетініміздей, біздің әскерлеріміз жауға бір сүйем де жер бермей, оларды баса-көктеп жаншып, Сталинградтың Мамаев қорғанын аман алып қалу міндеті болатын. Құрамында Бексұлтан Жабаев та бар атқыштар полкі де осы мақсатты берік ұстанып шайқасқа кірді. Майданның аса ауыр болғандығын кезінде көзі тірі жауынгерлердің аузынан естігеніміз бар. Сонда қаза болғандардан, жараланғандардан аққан қан траншеяларда судай ағып жатыпты. Қаза болғандар саны да қисабы жоқ, көп болған. Әсіресе, артилерия снарядтары мен жарылып жатқан миналардың салдарынан жауынгерлер шығыны адам қарауға батылы бармайтындай жағдайға жетіпті.
Осы бір өмір мен өлім сынаққа түскен сындарлы шақта Бексұлтан жүрген полк жауынгерлері жаудың алдыңғы тобындағы екі қатарды артқа шегіндіріп келе жатқан. Соғыс қимылдары да басымдықта болатын. Бексұлтандардың жаудың үшінші қатарын шегіндіріп бара жатқан сәтте олардың оң қапталынан жарылған снарядтың жарықшақтарының құлақ тұндырар қатты даусы мен бұрқ еткізіп қара топырақпен қауып кеткені ғана Бексұлтанның есінде қалыпты. Арғы жағын мүлдем білмейді.
Кейін есін жиған кезінде майдандастарынан естиді. Снаряд жарықшағынан контузия алып, сол жерде құлап, топыраққа жартылай көміліп қалыпты. Қанша сағат, қанша уақыт жатқанын бірде-бір адам білмей шығады. Тек Бексұлтанды санитарлар ғана іздеп тауып, санитар поезына апарып тапсырыпты. Тексере келгенде, снаряд жарықшағы оның жауырынының етін және оң аяқтың жуан сан етін жапырып, тіліп кетіпті. Құдай оңдағанда сүйегі сау екен. Әйтеуір, бір тәулік дегенде өзіне-өзі келіпті. Оны ауыр жараланғандардың ішіне кіргізіпті. Бұларды көп кешіктірмей санитар поезды Шығысқа қарай алып жүрген. Сондағы жүректі ауыртар жайт, ауыр жараланғандардың ішінен жол-жөнекей қаза болғандарын жол бекеттеріне тастап кетіп отырған. Соғыстың аты соғыс қой.
Санитарлар поезды желтоқсан айының басында Владивосток қаласына жеткен. Жаралылардың басым көпшілігі №8 Владивосток әскери-теңіз госпиталына жатқызылды. Ал Бексұлтанның өкпе қабынуы барған сайын асқынып, ішер дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен жағдайы одан әрі қиындап, тамақ ішуден де қалып, аза бастаған. Осыдан оны үмітсіздер жатқан бөлмеге шығарып қойды. Бұл бөлмеде ол шала-жансар қалпында бірнеше тәулік жатқан. Қиыр шетте мынандай жағдайда жатқанына қарап, жарық дүниеден күдерін үзе бастапты.
Дегенмен оның көрер күні бар екен. Құдай оңдап, осы жерге Ленинградтан эвакуацияланғандар келіп қалады. Сәтін салған іс осы шығар. Олардың арасында атақ-даңқы халыққа кеңінен мәшҺұр хирург, профессор Бирюков бар екен. Профессор хирург алдымен үмітсіздер бөлмесінде жатқандарды көріп шығады. Сонда Бексұлтанның өлмеусіреп жатқан әлжуаз күйін көргенде, шұғыл түрде: «немедленно на операционный стол», – деп айтқан. Оның бұл сөзін Бексұлтан еміс-еміс қана естіп қалған. Қалған жай мүлдем қаперіне кірмеген.
Тек ота жасалған соң ғана, төрт күнге дейін ес-түссіз жатыпты. Ол есін жиғанда медбикелер: «парень занова родился, если бы не профессор, в живых тебя не было бы», – деп қалжың сөздерді араластырып, қағытып тастапты. Содан ол аталған госпиталда бес ай емделіп, өзіне-өзі келе бастады. Соғыстың барысынан ел-жұрт арқылы құлақдар болып жатты. 1944 жылдың күзінің аяғында медкомиссияның шешімімен ІІ топтағы мүгедек болып, ауылына қайтты. Мекендестері мұны құшақ жая қарсы алып, аман қалғанына тәубешілік жасады. Ауылдың жағдайын ой елегінен өткізген ол да сары алтындай сабырымен барды қанағат тұтқан.
Ол алақандай ауылда қарап жатпады. Ауыл мектебіне әскери дайындық пәні бойынша мұғалім болып, жұмысқа кірісіп кетті. Оның осы пәннің білгірі болумен қатар, тарих пәнін де жан-жақты білетіндігімен елді аузына қаратты. Бексұлтан Жабаевтың қазақи қарапайымдылығымен бірге, адам баласына қылдай қиянаты жоқ адалдығы, әділеттілікті жақтайтын турашылдығы, аққа қараны жұқтырмайтын парасаттылық пайымы дараланып тұратын. Сондай-ақ ол халықтың қамын ойлайтын, ашық-жарқын, аңқылдаған қадірлі қария болыпты. Абыройы асқақ ақсақалды ауылдастары төбелеріне көтеріп жүріпті. Ондай екінің бірінің басына бұйыра бермейтін мұндай зор құрметке ол асып-таспапты. Кеудесін де керіп көрмепті. Сол жаратылысынан дарыған жайсаңдығынан айнымапты. Сол үшін халық оған қызыға қараған.
Өмірінің соңына дейін ұстаздық ұлағатынан 40 жыл ажырамаған Бекеңнің артына қалдырған ғибраты мен өнегелі өмір жолы артында қалған жас ұрпақ үшін үлгі аларлық үрдісі бар үлкен мектеп екенін айта кеткен абзал. Пешенесіне жазған жазудан адам баласы құтыла алмайды ғой. Бексұлтан Жабаев 2014 жылы 91 жасында дүниеден өтіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көре алмай кеткен екен. Ол осы мерекені көрсем деп қатты армандапты. Егер тірі болса, абыройлы ақсақал, қадірменді қария бүгінгі күні 101 жасқа келіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көріп, төбесі көкке жетіп жатар еді. «Әттең, тонның келтесі-ай…» дегендей бұл мерейлі мерекені ол кісінің маңдайына жазбапты. Бейбіт күннің берекесін тасытқандардың қатарында Бексұлтан Жабаев та бар ғой. Осының өзі мәні бөлек мәртебе емес пе?!
Қазақта ежелден айтылып келе жатқан «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл сөз бар. Осы бір қастерлі де қасиетті сөз марқұм Бексұлтан Жабаевқа да қарап айтылған сияқты. Олай болатын жөні де бар. Ол кісіні ауылдастары көзі тірі кезінде жапырақ жайған алып бәйтерекке тегін теңемепті. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген шымырлап айтылған шындыққа сенбеске болмас. Оның өмірлік қосағы Айғаным екеуінен тараған ұрпақтар тізбегі қолдағы он саусақтан асып жығылады. Ал немерелері, шөберелері, неменелеріне келер болсақ та кереметтей сүйіспеншілікке бөленесіз. Ерлі-зайыпты екеуі – жарық дүниеде жақсы өмір сүрген адамдар. Өнеге жолдары өрге жүзген адамдар.
Осы жерде оқырман қауым сіздер Бексұлтан Жабаевтың мына суретіне нағыз салып қарасаңыздар, соғыстан ІІ-ші топтағы мүгедек болып қайтқан қарияның кеудесіндегі алты марапатына көздеріңіз түседі. Соның ішінде сол жағынан санағандағы ерекшеленіп тұрған екі ордені бірінші және екінші дәрежелі «Даңқ» ордендері екеніне көздеріңіз жетеді. Бекеңнің бар марапаты осымен ғана шектеліп қалмайды. Оның киілмеген басқа костюмінде де тағылған марапаттары баршылық. Өйткені Бекеңде қол жеткен атақтарын мақтаныш ететіндей қасиет табиғатынан жоқ. Оның бойына біткен жаратылысы сондай. Өмірінде артына айтарлықтай із қалдырған жайсаң жанның тазалықтан тамыр алған әруғы мен рухына да халық құрметпен қарайды…
Қанат ТҰРСЫНҰЛЫ,
Қазақ Журналистикасының қайраткері,
Алматы облысының Құрметті азаматы.