Қазақ халқы ежелден қарияны қазынаға, дананы дараға балаған. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деп, ел ішіндегі үлкендерге құрмет көрсетіп, ұлағатты сөзін ұрпаққа аманат еткен. 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні осы ұлы дәстүрдің бүгінгі жалғасы іспетті. Осыған орай Қарасай аудандық кітапханасында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, ақылдың кені, өмірдің мектебі болған асыл қазыналарға құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиынды Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов ашып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
«Қария – ұлттың тірегі, ұрпаққа жол көрсетуші шамшырағы. Ардагерлеріміздің еңбегі мен өнегесі болашаққа жол сілтейді», – деп Сағат Ұлтарақұлы ақ тілегін арнады.
Мерекелік кеш барысында Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп пен Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушылары сахнаға шығып, жүрекжарды жырларынан шашу шашты. Жастардың әрбір өлең жолынан аталары мен әжелеріне деген шынайы махаббат пен құрмет сезіліп тұрды.
Жас буынға өнеге болып жүрген асыл аналар – ардагер ұстаз, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы мен ардагер ұстаз Ақлима Көсемова да сахна төрінен сөз сөйлеп, қарияның қоғамдағы орнын ерекше атап өтті. «Қарияны құрметтеу – елдіктің белгісі. Біздің ата-бабамыз үлкенін сыйлап, сөзін тыңдағандықтан елдігін сақтап қалды. Бұл дәстүр ешқашан үзілмеуі тиіс», – деді ардагер ұстаздар бір-бірінің тілегін жалғап.
Береке ауылындағы М.Бейсебаев атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Еркін Маканчиннің орындауындағы «Қариялар азайып бара жатыр» әні көпшілікті толқытып, жүректеріне ізгілік ұялатты. Әннің әрбір сөзі уақыттың бағасын ұғындырғандай әсер етті. Ал «Қалбибі» өнер студиясының өнерлі өрендері орындаған «Ата-әже», «Қос бәйтерегім», «Перзент сыры» сынды әндер жиналған жұртшылыққа шаттық сыйлап, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Кеш соңында Қарасай аудандық кітапханасының директоры Ұлдархан Өтеева сөз сөйлеп, ардагерлерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, мерекелік жиынды қорытындылады. Қазыналы қарттар да кітапхана ұжымына алғыстарын айтып, ақ батасын берді.
Бұл күні ардагерлердің жүзінен шаттықтың шуағы сезіліп, жүректерін ризашылық сезімі кернеді. Өйткені қарияға көрсетілген құрмет – халықтың өз тарихына, өз болашағына деген құрметі. Шынында да, қарттарын қадірлеген ел ғана ардақты!
Гүлмира САДЫҚ,
Қарасай аудандық кітапханасының кітапханашысы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
