Қазіргі таңда біздің салт-санамызға жат нәрселер етек алып келеді. Солардың бірі қарттар үйінің көбеюі. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп үлкендерді сыйлап, құрметтеген халықпыз. Қазіргі кезде немерелеріне ертегі айтар әжелер мен балаларына өсиет айтар аталарымыз жоқтың қасы.Оның бірден-бір себебі, осындай қарттар үйінің көптеп етек жаюында. Ғаламтор ақпараттарына сүйенсек, еліміздегі қарттар үйінің саны 87-ге жуықтапты. Отыз мыңдай адам амалсыздан осы интернат-үйлерді паналайды екен. Жуырда, М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Ғалия Рахымбаева және Көксай ауылындағы «Ақылды бала» шағын білім беру орталығының жетекшісі Тленова Мөлдірмен бірге Қарасай ауданының әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының өкілі Саят Жұматаевтың қолдауымен, Алматы қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бардық.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты оқушылардың үлкенге құрмет көрсетуге баулуға негізделді. Көңілдері жарым қариялардың мекеніне жай бармай, мектебіміздің бастауыш сынып оқушыларымен «Қарттарым, аман-саумысың?!» атты шағын концерттік бағдарлама қойып, кішкене сый-сияпат көрсетіп қайттық. Аталмыш шараны мектебіміздің қазақ тілі пәні мұғалімі Майя Кутукбаева, бастауыш сынып жетекшісі Қарлығаш Сартоловамен бірлесе ұйымдастырдық.
Тағдыры қиын қарияларымыздың көңілін көтеруге жас жеткіншіктердің барлығы өз үлесін қосуға тырысты. Әуезді әуендердің басын Айғаным Өскенбай «Ата-әже» деген әнімен бастап, Айым Садықжан «Еркесімін», Таңшолпан Дарибаева «Детство», Рахат Айдаров «Мен мақтаншақ» атты өлеңдерімен жиналғандардың ыстық ықаласына бөленді. Алуа Алдекенова, Ерсұлтан Айдар «Қыдырып қайтайық» әнін дуэтте орындады. Концерттік бағдарламада мектебіміздің бишілері де қалыс қалмай «Ягодка» пен «Томирис» би топтары өзбек мен испан ұлтының билерін нақышына келтіре орындап, өз өнерлерімен тәнті етті. Өткізген шарамызға қарттарымыз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, батасын берді. Оқушылар да ерекше әсермен қайтып, көп дүниені түйсінді. Балалардың алған әсерімен бөліскенде байқағанымыз, мұндай істер ерекше мейірімділікке, сыйластыққа үйретеді екен.
Арайлым ЕЛАМАНОВА,
М. Мәметова атындағы мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.