Газет пен гаджет бетпе-бет тұрған заманда қаламы ұшқыр, тәжірибелі өз ісінің нағыз майталманы саналатын журналист атану оңай емес. Десе де сан алуан қасиет пен мамандықты бойына сіңірген саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, 30 жылға жуық аянбай еңбек етіп келе жатқан Ұлбосын Исабек – бүгінде сондай санаулы кәсіпқой атанғандардың бірі. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, көшбасшы басылым болып табылатын «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі бұқарамен тығыз байланыс ұстап, облыстағы маңызды оқиғаларды уақытылы әрі сапалы жеткізу жұмыстарын қалтқысыз атқарып отырып, бүгінде отандық баспасөзде өзіндік қолтаңбасын қалдыруда.
Сондықтан алдағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Алматы облысы оның ішінде біздің Қарасай ауданының тынысын басылым беттерінде зерделеген білікті журналист жайында әңгіме қозғап, оның еңбек жолы жайында кеңірек айтып өтуді жөн санадық.
30 жылға жуық уақытын мерзімді басылымның дамуына арнап, көптеген жас мамандарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп келе жатқан Ұлбосын Исабектің журналистика саласындағы еңбегі зор. Ол туралы бүгінде «өз саласының жілігін шағып, майын ішкен маман» деуге болады.
Ұлбосын әпкеміздің кіндік қаны көрікті жерлері мен тарихы тартымды Кеген ауданы, оның ішінде теңдессіз әсем табиғатымен әйгілі жайлауы бар қасиетті мекен Қарқара ауылының топырағына тамған. Әке-шешесі қарапайым ешуақытта жұмыстан қашпайтын еңбекқор жандар болған. Олар көптеген жылдар шопан таяғын ұстап, мал бағып, ауылдың өркендеуіне үлестерін қосумен айналысады. Сол елеулі еңбектерінің арқасында аудан басшылығының алғысын арқалағандар қатарында болған. Өздерінің алты ұлы мен екі қызын да еңбекке ерте жастан баулып, адал жұмыс істеп, үлгілі болуларын айтып отырған. Сондықтан жастайынан көздері малмен, егіншілікпен ашылған олар жас болса да Қызыл империяның мал басын өлтірмей, өсіру тапсырмасын орындау жолында қой бағып, шөп шабумен айналысқан. Сөйтіп, үлкен әулеттің балалары еңбекпен есейген.
Өмірлерін шопандыққа арнағанымен кейіпкеріміздің ата-анасы өнерге де жақын болған. Анасы – қараөлеңді төгілтіп айтатын ақынжанды әрі әнге құмар, ал әкесі – қарасөздің қаймағын қалқып сөйлейтін сөзге шебер жандар. Олардың осы дарындары балаларына берілген. Мұның айғағы бүгінде Ұлболсын әпкеміз белгілі журналист болса, інісі Асанқадыр Исабек Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, танымал ақын. Тағы бір інісі Жұмақадыр музей ісіне қызығып, этнография саласында сүбелі еңбек етуде. Ал өзге әпкелері мен сіңлілері қарапайым еңбек адамы ретінде отбасыларын асырап, ұл-қыздарын өсіруде.
Ұлбосын әпкеміздің бойында журналистика саласына деген құштарлық мектеп қабырғасында оқып жүргенде оянған. Нақтырақ айтқанда, бастауыш сыныпта білім алып жүргенде ол «Қазақ радиосынан» берілген «Жұмбақбай ата» хабарын үзбей тыңдағанды ұнатқан. Бағдарламадағы жұмбақтардың шешімін тауып, редакцияға хатпен жолдап отырған. Келесі хабарламада дұрыс жауап бергендер қатарында өз есімін естіген сайын үйдегілеріне айтып, қарт апасы мен ата-анасын қуантып жүрген.
Кейіннен сүйіп оқитын балалар басылымдарына мектептегі хабар-ошарды арқау еткен шағын мақалалар жазды. Сөйтіп жүріп, қолына қалам алып, бірте-бірте хат және мақала жазуды үйреніп, аңсары ауған жеткіншектің ойында өзіндік қыры мен сыры мол журналистика мамандығына деген қызығушылық туындайды.
Жазғандарының жариялануы қанат бітіріп, бала арманын орындау мақсатында ол Қарқара ауылының орта мектебін тәмамдаған соң, «журналистика» мамандығына оқуға түсуге ынталы болады. Алайда осы бағытта жасаған алғашқы қадамы сәтсіз аяқталды. Көңілі түскен жас амалсыздан ауылына қайтып барып, шопанның көмекшісі ретінде еңбектеніп, келер жылға дайындалды. Бірақ бұл жолы да оқу орнына түсе алмай қалады.
Екінші сәтсіздіктен әбден көңілі түскен бойжеткен алдына қойған мақсатынан айнымай, тәжірибе жинақтау үшін аудандық «Қарқара» газетіне жұмысқа орналасқан. Жас тілшіге сол жылдары редакция ісін басқарып отырған бас редактор Жолшы Бікебаев ағалық қамқорлығын көрсетіп, өз білгенін үйреткен. Соның арқасында келер жылдың жазында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «журналистика» факультетіне оқуға түседі.
Қазақ журналистикасының ошағы болып саналған университет қабырғасында отандық журналистиканың хас шеберлерімен танысып, дәріс алды. Сондай-ақ студенттік шағында аудандық және облыстық газеттерде өндірістік тәжірибеден өткен. Ең алғашқы сұқбатында осындай студенттік практика кезінде жүргізген екен.
– Екінші курсты тәмамдаған соң, Алматы облыстық «Жетісу» қоғамдық-саяси газетінде тәжірибеден өткен едім. Бас редактор Баймолда Мусин маған шалғайдағы Ақши ауылына барып, сол кездегі аудандық комитеттің төрағасы Серік Үмбетовтен ауқымды сауалнама жүргіз деп тапсырма берді. Тәжірибесі аз журналист болғандығымнан әрине, тапсырманы орындауға жүрексіндім. Әсіресе, танымайтын алыс ауданға жалғыз барып, қонақүйге орналасу керек екенін білгенде одан сайын уайымдаған едім.
Алайда сұқбат алатын кісіге өзімнің тәжірибесіздігімді білдіргім келмей, Серік Әбікенұлының кабинетіне имене кіріп, дайындаған сұрақтарыма жауап алып шықтым. Қажетті ақпаратты алып шыққан сәтте өзімді үлкен ерлік істеген адам ретінде сезінген едім. Әлі күнге дейін сол бір кезең есімнен кетпейді.
Мұнан кейін Кеген ауданына барып, халықты қысқан нарықтың ауыртпалығын арқалаған әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты аналардың тұрмыс-тіршілігі, күнкөрістері зерделенген «Жаралы жүрек жабырқамасын» атты ауқымды мақала жаздым. Бұл жұмысым басшылықтың көңілінен шығып, жарты ставкамен «Жетісу» газетіне жұмысқа кірдім, – деп студенттік шағындағы сәтті күліп есіне алды.
Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, қолына дипломын алған соң, жас маман қызмет орнын ауыстырмай, «Жетісу» газетінің штатына кіріп, тілші болып жұмыс істей бастады. Уақыт өте келе біраз тәжірибе жинақтаған журналистің лауазымы «аға тілшіге» ауысты. Кейіннен басылым ұжымы Талдықорғанға қоныс аударғандықтан, Ұлбосын әпкеміз газеттің Талғар ауданындағы меншікті тілшісі ретінде қалуды жөн көрген. Сөйтіп, ол аудандық басылымда 20 жылға жуық еңбек етіп, жемісті жұмыс істеп, ауданның өзекті мәселелерін қаламына арқау етті.
2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа Жетісу облысы құрылды. Сол кездері Алматы облысының жаңалықтарын жариялайтын «Алатау арайы» атты жеке басылым пайда болған еді. Ұлбосын әпкеміз бұл газетте де біраз уақыт еңбек етіп, көптеген танымдық мақалалардың авторы болды.
Ал жарты жыл өткеннен кейін өз ісіне әбден төселген, тәжірибелі маман еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетіне Алматы облысының меншікті тілшісі болып жұмысқа қабылданды. Бүгінде ол басылым бетіне экономикасы белсенді дамып келе жатқан Алматы облысының тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін, оның даму жолында тер төккен жандар жайлы тың ақпаратқа толы мақалалар жазуда. Қаламынан туған тартымды материалдары «Egemen Qazaqstan» газетінен бөлек өзге баспасөз беттерінде де жариялануда.
Журналистиканың даңғыл жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан журналистің еңбегі лайықты бағаланып, талай рет аудан, облыс басшылығы тарапынан алғыс хаттармен марапатталған. Ақпарат саласының үздігі атанды.
– Журналист болу деген – уақытқа, ауа райына, тіпті, көңіл-күйіңе қарамастан жол жүруге, мақала жазуға дайын тұру. Осы орайда, бұл мамандықтың қиындығы сезілмей қалмайды, қыздарға оңайға соқпайтыны да сондықтан болар. Десе де саланың өзіндік қызығы да көп.
Қазақта «атың барда желіп жүріп, ел таны» деген тәмсіл бар. Осы мамандықтың арқасында бай өлкемізді шарлап, аудан, ауылдардың тарихын, тұлғаларын, тыныс-тіршілігін танып-біліп жатырмын. Еңбек адамдарының ел дамуына қосып жүрген еселі еңбектері, жастардың белсенділігі, экономикамыздың өрлеуі мен әлеуметтік салалардың жандануы сынды толғауы тоқсан тақырыптарды қаузап, оқырманға жеткізу жолында ерінбей-жалықпай еңбектену – айнымас қағидам десем артық айтқандық емес, – деді журналистика саласының кәсіпқой маманы.
Ұлбосын әпкеміз – берекесі мен мерекесі мол орнықты отбасының ұйытқысы. Өз уақытында Құдай қосқан қосағымен ұлын тәрбиелеп, өсірген. Ата-ана өнегесін бойларына сіңірген ұлдары бүгінде өмірден өз жолын тауып, олардың қолдауы болуда.
Мақаламыздың соңында бірқатар басылымдарда ұзақ жыл жемісті қызмет етіп, газеттің уақыт ағымына сай дамуына еселі еңбек етіп жүрген ұшқыр қалам иесі Ұлбосын Исабек әпкемізді төл мерекесімен құттықтай отырып, жазары таусылмасын дейміз. Отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ