Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің ерлігі – көзге жас алып мақтанатын, кеудені рух кернеп, көкіректе намыс оятатын ерлік екені хақ! Екі тағдыр, екі аяулы ғұмыр…
… Жиырмаға да толмаған өрімдей мерген қыз Әлия командирінен айырылып, жаудың қарша бораған оғынан жер бауырлап қалған жауынгерлерді ұран салып шабуылға көтерсе, келесі бір майдан даласында пулеметші Мәншүк жараланған жауды беттетпей, қырғаны мәлім. Әлияның соңғы сөзі: «Отан үшін алға!» болса, Мәншүктікі «Гитлердің қай әскерін қырып таусысасың, позицияны ауыстырып, күш жинайық» дегенге көнбей, сол жотада жалғыз қалып, қаруластарына: «Сендер бара беріңдер, мен сендерді қорғай тұрамын» болған екен. Азия республикаларынан соғыста қару ұстанып, жаумен айқасқа түскен 500 қыз-келіншектің арасында қос қазақ қызы – Әлия мен Мәншүк қана Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың қысқа да мәнді ғұмыры өнегеге толы. Рас, ержүрек қыздардың жер бетіндегі сүрген өмірі, көрген жарығы аз болды. Тіптен, ширек ғасырға да жетпейді. Сондықтан да, қос шынар туралы дерек те көп емес. Десек те, өшпес өнегеге толы қос тағдырды әрбір жас өскіннің жүрегінде тәрбиенің темірқазығы, отансүйгіштік, шынайы патриотизмнің, елді, жерді сүюдің нағыз үлгісі ретінде ата мен ананы, халықты, туған жерді құрметтеудің өнегесі ретінде қалдыруға тиіспіз. Бұл ұлт тұтастығын, ел ішіндегі бірлікті, халықтың бейбіт тірлігін, ұрпақтың кемел болашағын ойлайтын, қысқасы, ұлт үшін жаны ауыратын әр қазақтың мұраты һәм міндеті болуы тиіс. Өйткені, Әлия мен Мәншүк – тәрбиенің діңгегі болуға лайықты аяулыларымыз.
Әлия мен Мәншүк қарлығаштың қос қанаты сияқты, екеуін бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Өмірлерінің де көп тұсы ұқсайды. Екеуі де ата-анасынан жастай қалған. Тіптен, туған үйлерінде өспеген, Әлия нағашысының, Мәншүк ағасының тәрбиесінде болған. Кейіннен екеуі де балалар үйінде тәрбиеленген, майданға өз еріктерімен аттанған. Ауыл аралары алыс та болмаған. Біреуі Ақтөбенің Қобдасында өмірге келсе, екіншісі Оралдың Ордасында туыпты.
Әлияның әкесі Нұрмұхаммед ауқатты, бай саудагер болған, жаңа үкімет қыр соңынан қалмағаннан кейін партияға да өтіпті. Мәншүктің әкесі Жеңісәлі Саратовта университет бітірген, көзі қарақты, зиялы адам болған. «Ойыл-Әулие ата» атты газет ашқан. Алашордашылармен байланысы бар екен, міне, сонысы түбіне жетіпті. Мәншүк медучилищенің 1 курсын бітірген жылы өз еркімен майданға аттанған. 4 рет сұранған хаты жаупсыз қалғасын, бесіншісін тура Сталиннің өзіне жолдапты. Хатта мынадай: «Менің әкеме жабылғаны – жала. Мен оны дәлелдеймін» деген сөзі болыпты.
Ұмытылмас қос батырдың есімдері бір емес, бірнеше ағарту ошақтарына берілген екен. Оралдағы №27 мектеп М.Мәметова есімімен аталса, Ақтөбедегі №27 орта мектепте Әлия мен Мәншүктің мұражайы бар екен. Ақтөбедегі гуманитарлық колледж Әлия Молдағұлованың атында, сол жердегі медицина колледжіне Мәншүк Мәметованың есімі берілген.
Бүгінгі жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеудің басы ретінде кешегі өткен асылдарымызды, тарихи тұлғаларымызды, батырларымыз мен билерімізді құрметтеп ұлықтауды өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсету парыз.
Айта берсе, осы уақыт аралығында қаһарман қыздар жайында атқарылған жұмыс көп. Алдағы жұмыстың ауқымы да кең. Өйткені, Әлия мен Мәншүк ерлігі әлі талай ұрпақтың тәрбиесіне өнеге болары сөзсіз. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген көрегендік сөз бар. Бүгін бесікте жатқан ұрпақ Әлия мен Мәншүктің ерлігін естіп өссе, ертең отансүйгіш, ұлтжанды боларына күмән жоқ. Ал, өнеге болар батырлардың ерлігін паш етіп, тәрбиенің діңгегіне айналдыру – баршамыздың міндетіміз.
«АНАҒА ҚҰРМЕТ» музейі.