Өскелең ұрпаққа ұлағатты өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттар қашанда құрметке лайық. Халқымызды өзгелерден дара ететін бір ерекшелік те осы. Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – бабадан балаға сіңген қасиет. Осы орайда жылына бір рет келетін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында ауданымыздың Жастар ресурстық орталығының белсенділері орталықтағы «Нұр Отау» қарттар үйінің ата-әжелеріне арнайы барып, мейраммен құттықтады.
«Қайырымды ұлт» республикалық қайырымдылық акциясы аясында өткен «Қарттарым – асыл қазынам» атты шара барысында С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері шағын мерекелік концерт ұйымдастырды. Білімгерлер абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің көңілдерін аулап, олардың алдында әсем әндер орындап, тамаша көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, мейрамға орай сыйлықтарды да табыс етті.
Бұл күні белсенді жастармен бірге қолдауларын білдіріп қарттар үйіне аудандық мәслихат депутаттары Адельтай Алишев, Болат Туганбаев арнайы келіп, қарияларды мерекелерімен құттықтап, өзек жарды тілектері мен ыстық лебіздерін білдірді.
Осылайша мерекеге орай өткен шарада «Нұр Отау» қарттар үйінің қариялары жастармен емен-жарқын әңгіме құрып, көңілдері бір марқайып қалды.
Мерекелік кештің соныңда үлкендерді сыйлап, алдыңғы толқын өкілдерінің ықыласына бөленген қарасайлық белсенді жастар қарттардың ақ батасын алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.