«Nur Otan» партиясының Қарасай аудандық филиалы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Жастар ресурстық орталығы бірлесіп жалғыз басты қарияларға азық-түліктер себеттерін таратты. Бұл «Bizbirgemiz» қайырымдылық акциясы партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларының аясында өткізілді.
Адамзатты алаңдатып қойған аты жаман ауру, өкінішке қарай, Қазақстанды айналып өткен жоқ. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күн санып артып келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жариялағаннан кейін халықтың көмекке мұқтаж тобына көмектесу туралы ұсыныс тастады. Себебі, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметіне сәйкес коронавирус індетін жұқтырғандардың басым көпшілігін егде жастағы адамдар құрайды екен. Қариялардың коронавирусқа төзімсіз екендігін ескерген шараның ұйымдастырушылары мүмкіндігінше қауіпті індеттің алдын алып, оларға қажетті азық-түлік себеттерін тарту етті. Осылайша, қиын сәтте мұқтаж жандарға қол ұшын созған еріктілер қариялардың ризашылығына бөленіп қайтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.