Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзіне тарап, ел-жұртты қатты дүрліктіріп отырған аса қауіпті коронавирус індетімен Қазақстан да күресуде. Осы орайда мемлекет тарапынан көп жұмыс атқарылып отырғанын, әсіресе, тиісті көмек-қолдау жасалып жатқанын бәріміз де білеміз.
Кеше ғана ұзақ уақыт Қазақ елін байыпты басқарып, оны әлемдегі қуатты мемлекет қатарына жеткізген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласын баспасөзден оқыдық.
Онда Нұрекең «Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын» дей келе қауіпті індетті жеңіп шығу үшін елімізде қаржы, қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түліктің бәрі де бар екенін, алаңдауға еш негіз жоқ екенін атап айтқан.
Нұрсұлтан Әбішұлы, сонымен қатар: «Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алуы – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер» деп біздерге, ардагерлерге де, тілегін білдірген.
Ендеше, аға ұрпақ өкілдері дәл осындай ауыр кезде де өзінің тәрбиелік жұмыстарын жүйелі жүргізе береді.
Иә, біз бірлігі мығым, ынтымағы жарасқан елміз. Сондықтан да бұл сыннан да өтетініміз анық!
Елтай ХАСЕНОВ,
Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.