Жуырда «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне азық-түлік себеттері таратылды.
Отанын оттан қорғап, жеңіс деп жанын шүберекке түйген азаматтардың ерліктері еш ұмытылмақ емес. Қан майданның қаһарынан ықпай, намысты ту еткен батырларымыз қатары жыл санап азайып келеді. Бүгінгі таңда біздің ауданда сегіз майдангер ғана қалды. Бүгілген беліне демеу көрсетер шақта біздің ізгі ілтипатымыз олар үшін өте маңызды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қанша алғыс айтылса да, көп болмасы анық. Бірінші мамыр – Бірлік күні қарсаңында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы қызметкерлері «RG Brands» және «Efes Kazakhstan» компанияларының демеушілігімен алынған азық-түлік жиынтықтарын қарт майдангерлердің үйлеріне апарып беріп, хал-жағдайларын сұрап қайтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.