Ауданымызға қарасты Елтай ауылдық округінде 2017 жылы, Индустрияландыру күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей эфир арқылы және Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың арнайы қатысуымен, машина жасау зауыты ашылғаны баршаңызға белгілі. Тіпті, сол уақыттарда аталмыш кәсіпорын 200-дей адамды бірден жұмыспен қамтыған еді. Түрлі металл құрастырмаларын жасап шығаратын өндірістік орта қазіргі таңда «Қарасай машина өңдеу зауыты» деген атаумен республикамызға танымал зауыттардың бірі болып табылады.
Заманауи әрі сапалы құрылғылардың түр-түрімен жабдықталған кәсіпорынға Германия, Италия, Польша, Швеция сияқты елдерден арнайы тапсырыспен құрал-жабдықтар әкелінген. Аталған зауыт бүгінгі таңда еліміз бойынша ауқымды тапсырыстарды орындаушы ретінде белгілі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Соның бір дәлелі ретінде «Shneider Electric» компаниясының біздің «Қарасай машина өңдеу зауытымен» бірлесіп дайындаған өнімін айтсақ болады. Айтылғандай-ақ, жүзеге асырылатын өнімнің жасалу барысында аудандық кәсіпорынның атқаратын еңбегі зор. Өйткені, «Shneider Electric» компаниясы дайындаған модульді қосалқы стансасының сыртқы сапалы қаңқасын қарасайлық зауыт өндіріп шығарды. Қондырғының негізгі атқаратын қызметі – мұнай-газ өндіру саласындағы электр қуатын бақылауды қамтамасыз ету. Бір айта кетерлігі, бұл өнім Қазақстан бойынша алғаш дайындалған модульді қосалқы станса болып есептеледі. Ал, оның ішкі құрылысына қажетті заттар 65%-ды отандық өнім болып табылады.
Жалпы айтқанда, тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (ҚПО) компаниясы болғандықтан, басты мақсат еліміздегі мұнай-газ саласының стратегиялық дамуын арттыра отырып, отандық өнім үлесін көбейту. Тіпті, қазіргі нәтиже де жаман емес. Себебі, 2017 жылмен салыстырғанда 40%-дан 60%-ға дейін қазақстандық өнімдердің үлес салмағы едәуір артқан.Осыған орай, осы аптада ҚПО-ның шетелдік өкілдері, инвесторлары, Қарашығанақ жобасының акционерлері және Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының басшылары ауданымыздағы зауытта бас қосып, «Shneider Electric» компаниясы дайындаған модульді қосалқы стансаларының жөнелту рәсіміне қатысты. Алдымен олар «Қарасай машина өңдеу зауытының» тыныс-тіршілігімен танысып, өнімдердің қалай дайындалу үрдісіне көз жеткізіп, азды-кем ақпараттардан құлағдар болды. Одан кейін компания басшылары мен өкілдерінің қатысуымен модульді қосалқы стансалардың жөнелтілуіне байланысты мәжіліс залда мәмілеге қатысты ойлары тыңдалынды.
Сондай-ақ, мұндай маңызды басқосу барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев пен «Shneider Electric» ЖШС-нің бөлімше директоры Рахым Алим де сөз сөйлеп, Елбасының бастамасын қолдау мақсатында ішкі өнімді дамыту алға қойған мақсаттардың бірі екенін айтты.
Осылайша салтанатты рәсімнен кейін «Shneider Electric» компаниясының модульді қосалқы стансаларының бірі арнайы жүк көлігіне тиеліп, Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны орналасқан БҚО, Бөрілі ауданы, Ақсай қаласына жөнелтілді
Дидар МУХАМАДИЕВ.