Қарасайлық спортшылар республикалық, тіпті әлемдік жарыстарда еліміздің, ауданның атын шығарып, көк туымызды желбіретіп жұр. Облыстық жарыстарда да аудан спортшылары әрқашан алдыңғы қатардан көрінуде. Ауданымызда топтық ойындардан бөлек жеке жетістіктерге жетіп жүрген жас спортшыларымыз жетерлік. Солардың бірі – қарасайлық волейболшы Айсұлу Кенжебек. Жерлесіміз таяуда Қазақстн құрамасының қатарынан табылып, Орта Азия чемпионатынан жеңіспен оралды.
Нақтырақ айтқанда, тамыз айының 18-24 күндері Өзбекстанның Наманған қаласында Азия елдеріндегі спортшылардың қатысуымен чемпионат өткен еді. Аталмыш байрақты бәсекеге біздің Қазақстанның спорт саңлақтарынан құралған командалар қатысты. Олардың арасында біздің спортшы қызымыз Айсұлу да болды.
Айта кетейік, аталмыш чемпионатқа қатысу үшін ол алдымен елімізде облыстар арасында өткен іріктеулерден өтіп, өзінің жеке кәсіби қасиеттерінің арқасында қазақстанның волейболшылар құрамына алынған. Мұнан кейін құрамамен Наманғанда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрініп, Азия чемпионы атанған.
– Менің Азия чемпионатында жеңіске жеткеніме ең алдымен бапкерлер мен ата-анамның арқасы деп білемін. Өзбекстанның Наманған қаласында өткізілген жарыс барысында ойындар өте қиын әрі қызықты өтті. Құрамамыз аса дайындықпен келгендіктен, чемпиондық атаққа қол жеткізе алдық. Командамен бірге кубогымызды қолға алған сәтте қуанышымда шек болмады, – дейді Айсұлу Нұрболқызы.
Осы жерде тағы бір айта кететіні, әрине жас спортшымыздың мұндай жетістіктердің артында ауданның спорт саласындағы мамандардың еңбегі де тұрғаны сөзсіз.
Айсұлу волейболмен мектеп оқып жүргенде айналыса бастап, 2019 жылы ауданымыздың волейбол құрамасына кірген. Мұндағы Дархан Манас пен Бақыт Иманбек сияқты жаттықтырушылар жетекшілігімен командасымен облыстық және аудандық жарыстарға қатысып, көптеген жетістікке жетіп, соңғы екі жылдың ішінде жеңісті орындардан түспей жүрген. Соның арқасында аудандық құрамадағы жас спортшылар республикалық және халықаралық дәрежедегі жарыстарға қатысып, көптеген жеке жетістіктерге қол жеткізуде.
Бүгінде жас спортшы Айсұлу Алматы қаласындағы ҚазБСҚА – жоғарғы оқу орнында «архитектура» мамандығында білім алуда. Болашақ мамандығы басқа болғанымен қарасайлық жас спортшы алдағы уақытта волейболды тастамай, жарыстарға қатысып, еліміздің, ауданымыздың атын шығарғысы келетінін жеткізді.
Олай болса, жерлесіміздің алдағы уақытта да бағы жанып, ел абыройын асқақтатарына сеніміміз мол.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Қарасай ауданы.