Коронавирус инфекциясынан қорғану құралдарының бірі бетперде екені белгілі. Ел бойынша жұқпалы індеттің алдын алу шарасы күшейтілген күннен бастап аудандағы бірқатар тігін цехтары медициналық маска тігіуге бейімделіп, өнім шығаруға кіріскен. Солардың бірі – Райымбек ауылында орналасқан Үміт Мендібаеваның «Дина» жеке кәсіпкерлігі. Аталған цех бұған дейін кешкі көйлектер мен суға шомылуға арналған киімдер тігумен айналысатын. Осы кезеңдегі елдегі бетперде тапшылығы ескеріліп, басшылық тарапынан тігіншілердің жұмыс бағытын ауыстыруға шешім қабылданды. Аз уақыт ішінде жаңа өнім шығаруға қажетті жабдықтар алынды. Қазір жеті адам тұрақты жұмыс істеп, күн сайын 500 дана бетперде дайындауда. Маскалар бір реттік тұтынуға арналып, «спанбонд» атты матадан тігілуде. Өнімнің бағасы да арзан, аудан тұрғындарының қалтасы көтеретіндей.
Үміт Мұхамадиқызының бастамасымен тігілген бетперделер бүгінгі таңда Райымбек ауылдық округінің басым бөлігінде және ауданға қарасты бірқатар ауылдардағы дәріханаларда сатылымда бар. Аталған тігін цехы қайырымдылықпен айналысуды да әсте естен шығарған емес. Мәселен, Райымбек ауылындағы амбулаторияға 300 дана, «Асыл-арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына 200 дана бетпердені тегін үлестіріпті. Оған қоса, Абай ауылындағы «Перзент» балалар үйіне 200-ге жуық бетперде дайындап қойыпты. Бұл мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Түскі асымен де, тегін қорғаныс құралымен де қамтамасыз етіп отыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.