Тарихымызда жылдан-жылға жаңғырып, айрықша аталып өтетін Ұлы Жеңіске биыл 77 жыл. 1941 жылы басталып төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысына Кеңес Одағы республикалары азаматтарымен қатар, біздің қазақстандықтар да қатысып, ерен ерлік көрсеткен еді. Еліміздің сан ғасырлық тарихында Отан алдындағы адал қызметімен ел есінде қалған батырларымыз аз емес. Бүгінде сол соғыста Отан үшін, жер үшін соғысып, майдан даласында болған ата-бабаларымыздың ерліктерін құрметтеп, олардың рухына бас ию кейінгі буынның парызы. Осы ретте елімізде оның ішінде біздің ауданымызда жылда 9 мамыр күні әр түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты.
Осы аптаның дүйсенбісі күні мерекеге орай ұйымдастырылған шара әкімдік маңындағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою салтанатымен бастау алды. Алдымен жиналған жұрт туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жанын қиғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев құттықтау сөз сөйлеп, атаулы күннің маңыздылығына тоқталып, жиналған жұртқа жақсы тілегін арнады.
– Бүгін Ұлы Жеңістің 77-ші жылын бізбен бірге ардақты ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлері қарсы алуда. Бейбіт күннің қадірін олардан артық кім біледі?.. Бұл мейрамның қадір-қасиетін келешек ұрпаққа ұғындыру – біздің парыз. Өйткені Ұлы Жеңіс ата-бабаларымыздың ерен еңбегінің арқасында келді. Осы ретте сұрапыл соғыс жылдары елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен аталарымыз бен әжелерімізге мың алғыс айтқым келеді. Сіздердің ерліктеріңіз біздің және келешек ұрпақтың жүректерінде мәңгі қалады, – деді аудан басшысы.
Одан кейін Жандарбек Ермекұлы шараға арнайы келген тыл еңбеккерлерімен, ауған соғысы ардагерлерімен және майдангерлердің ұрпақтарымен бірге соғыста шейіт болған батырлардың асқақ рухын ардақ тұтып, «Мәңгілік алау» маңына гүл шоқтарын қойды.
Мерейлі жиын әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда қарасайлық өнерпаздар концерттік бағдарлама ұйымдастырып, жиналған жұртқа арнайы сахналық көріністер қойды. Сонымен қатар, бәріне танымал, санада жатталған соғыста шығарылған әндерді шырқап, әртүрлі билер билеп, мерекені ерекше сәнге бөлеп, жиналған жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Бұған қоса, мерекелік іс-шарадан кейін аудан әкімі ауданымыздағы Ұлы Отан соғысының ардагері Иса Керімтаевқа барып, майдангерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті. Сұрапыл соғыста атамыздың көрсеткен ерлігіне бүгінгі ұрпақ бас иетінін тілге тиек етіп, бейбіт өмір сыйлаған қарияға алғысын білдірді. Сондай-ақ жеңісті жақындатқан жанға сый-сияпатын тарту етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.