Қарасайлық спортшылар жақында жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында таэквандо мен еркін күрестен табысты өнер көрсетіп, Азия чемпионатына жолдама алды.
Атап айтқанда, сәуір айының 19-22-сі аралығында Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты ұйымдастырылған еді. Осы жарыста ауданымыздың орталығы – Қаскелеңде орналасқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Анастасия Ни мен Әліби Рахымбек облыс құрамасы сапында еркін күрестен өнер көрсетіп, 32, 46 кг салмақ дәрежесінде І-орынды жеңіп алды. Сөйтіп, осы чемпионатта мықтылықтарын танытып, еркін күрестен өз салмақ дәрежелерінде бас жүлдемен бірге, Ливан мемлекетінің астанасы – Бейрут қаласында маусым айының 9-14-і аралығында өтетін Азия чемпионатына жолдаманы иеленді.
Сондай-ақ, наурыз айының 1-4-і аралығында Өскемен қаласында болған республика чемпионатында асқан шеберлікпен қарсыластарына дес бермеген аталмыш мектептің оқушылары Әсел Әбубакир мен Айдана Сүндетбай жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Олар болса Австралия мемлекетінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшыларымызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі алдындағы осындай жетістіктерімен құттықтап, алдағы бәсекеде де жеңіс тұғырынан көрінуді тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.