Алматы облысының әкімі болып жақында ғана тағайындалған Марат Сұлтанғазиев облысқа қарасты өңірлерді аралауын бастап кетті. Өткен аптаның сенбісінде Қарасай жеріне арнайы келді.
Облыс басшысы Марат Елеусізұлының халықпен кездесуі аудандық Мәдениет үйінде өтті. Жиынға келген тұрғындардың көп болғаны соншалық, үлкен залға сыймағандар ғимараттың фойесінде LED-экран арқылы облыс әкімінің баяндамасын тыңдады. Одан кейін облыс әкімі қарасайлықтардың 30-дан астам сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын ескерді.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев осы уақытқа дейін облыс көлемінде атқарылған шаруаларға шолу жасады. Бұл жұмыстардың ішінде Қарасай ауданының рөлі зор екенін айтып, ауданда жүзеге асқан жұмыстарға оң бағасын берді. Десе де шешілмей жатқан мәселелер бар екенін тілге тиек етіп, оны халықтың өз аузынан естуді жөн санады.
Қарасайлықтардың тарапынан қойылған алғашқы сұрақтың бірі «Өнер» мектебіне қатысты болды. Бұл жайлы Қаскелең қаласының тұрғыны Әмина Абдраманова сауал жолдап, оның қашан салынатынын сұрады. Облыс басшысы көтерілген мәселе өте орынды, оны қарастыру керек деп жатқанда, аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы сауалға бірден жауабын берді. Айтуынша, бұрынғы ДОСААФ ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, «Өнер» мектебіне айналады. Бұл мекеме 2019 жылы мемлекеттің меншігіне беріліп, оның жөнделуіне биыл жыл басында 17 млн. теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Қошмамбет ауылының тұрғыны Сайлаубек есімді азамат өз ауылында мектептің жоқтығын алға тартып, 600-ге жуық оқушы көрші елдімекенге барып оқитынына наразылығын білдірді. Одан бөлек ауыл ішіндегі ескі көшелерге жөндеу керектігін айта келе, жарықпен, газбен, сумен қамтамасыз ететін жекеменшік мекемелерге көңілі толмай, оларды мемлекеттің балансына өткізуін сұрады. Ауыл тұрғынының өтініші мен ұсынысын өңір басшысы назарға алып, аталған мәселелер қаржыға байланысты екенін түсіндірді. Алайда оның барлығы бақылаусыз қалмайтынын, оңды шешу жағын қарастыратынын жеткізді.
Жиын барысында көптің қолдауына ие болып, талқыланған сұрақтың ішінде Жаңатұрмыс ауылындағы қоқыс жинау, ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты мәселелер назарға ілінді. Белсенді Нелли Пак бастаған ауыл тұрғындарының айтуынша, осы екеуіне жауапты «Тазалық» ЖШС-нің және «Таусамалы» КМК-нің жұмыстары мардымсыз, олар коммуналдық қызмет саласынан мүлдем кетулері керек. Жаңатұрмыстың белсенділері осыны облыс басшысынан талап етті. Марат Елеусізұлы бұл жағдайды бақылауға алатынын түсіндіріп, осы сұрақпен облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ аталған мәселе-ні бір аптаның ішінде шешетінін айтты.
Білім мен денсаулық салаларына қатысты жұмыстардың жүйесіздігі де облыс басшысының назарына ілінді. Ол жайында Көксай ауылының тұрғыны, белсенді Әсет Аманбаев есімді азамат жіпке тізіп айтты. Оның сөзіне сүйенсек, биыл Балалар жылы деп жарияланғанымен жас ұрпақтың қамы үшін дұрыс жұмыс атқарылмай жатыр. Тіпті, оқушылардың мектепте тамақтануының өзі күрделі мәселеге айналған. Асхана білім мекемесінің меншігінде емес, басқа біреудің ас үйіне айналған. Алайда балалар тамақтан уланса, директорлар кінәлі болып шығатын көрінеді. Тұрғынның уәжі бойынша мектеп ішіндегі асханалар сол мекемеге тиесілі болуы керек. Бұл мәселені көпшілік қолдай кетті. Талай өзекті мәселені қозғаған көксайлық азамат сондай-ақ аудан ішінде мектеп немесе оқушылардың болашағы үшін басқа да ойын алаңдарын салу үшін жердің жетіспейтінін жоққа шығарды. Айтуынша, әлеуметтік маңызы бар мекемелер салу үшін сатылатын жер телімі жетіп артылады, тек әкімдік қаржы жағын қарастырса жеткілікті.
– Бізде жер жоқ емес, бар. Егер сатып алсақ, табылады. Келешек ұрпақ үшін 10 сотық жер таба алмасақ, онда кім болғанымыз? Одан кейін ауруханалардың көбісі жекеменшікке айналған. Барлық қызметі ақылы. Оның барлығы мемлекетке қайтарылуы керек, – деп ашынды көксайлық азамат.
Облыс басшысы Марат Елеусізұлы айтылған сын-ескертпенің барлығын мұқият тыңдады. Мектептердегі тамақтану мәселесін қарастырып, оның жүйесін зерделейтінін жеткізді. Басқа да сауалдарды назардан тыс қалдырмайтынын түсіндірді.
Жиында Алмалыбақ ауылындағы жалғыз саябақтың жағдайы да айтылды. Ауылдастардың атынан сөйлеген Зәуре Мұхамедованың сөзіне сүйенсек, бұл демалыс орнына Мәдениет үйі салынбақшы. Алайда халық саябақты сақтағысы келеді. Өйткені оның өз тарихы, құндылығы бар. Ал Мәдениет үйі үшін басқа жер қарастырылу қажет. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев алмалыбақтықтардың жан-айқайын түсініп, саябақты сақтайтынын жеткізіп, жиындағы осы ауылдың тұрғындарын қуантып тастады. Сондай-ақ ол өз сөзінде Мәдениет үйін басқа жерде салатынын бірден айтты.
Алматы облысының басшысы аудандағы жеке сот орындаушыларына қатысты шағымды да тыңдады. Өзін Алим Акишев деп таныстырған қаскелеңдік азамат осы салада қызмет ететіндерге көңілі толмайтынын жеткізіп, облыс басшысынан жеке сот орындаушыларын бақылауға алуын өтініп сұрады. Ал Марат Елеусізұлы, «бұл жағдайды анықтаймыз» деп нақты жауабын берді.
Облыс әкімімен өткен кездесу барысында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың жұмысын даттағандар да, жақтағандар да болды. Көбісі атқарған ісіне оң бағасын беріп, алдағы өміріне жақсылық тілеп жатты.
Аудан әкімінің қызметіне қатысты сынды айтқандардың бірі Қаскелең қаласының тұрғыны, заңгер Сәуле Бикитеева болды. Оның айтуынша, аудан ішінде кейбір жұмыстар өз уақытысында атқарылмауда. Қаскелеңдік белсенді өз тарапынан осыны ескере отырып, ауданды төрт жыл басқарған Жандарбек Ермекұлының зейнет жасына жетуіне байланысты орнын босатар деген болжамды ойын білдірді. Ал облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев айтылған ақпараттың растығын нақтылап, бүгінгі күнге дейін ауданға жетекшілік еткен Жандарбек Далабаевтың әкімдік лауазымдағы қызметі дәл осы күні аяқталатынын айтты. Осылайша облыс басшысы Жандардек Ермекұлын сахна төріне шақырып, өзінің атынан Құрмет грамотасын табыстап, атқарған еңбегіне зор алғыс білдірді. Қарасай жұртшылығы да айтылған мақтауларға қосылып, қошемет арқылы ризашылықтарын жеткізіп жатты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.