Аптаның сейсенбісі астанамыз Нұр-Сұлтан күнін қасиетті Қарасай ауданының жұртшылығы да ақжарма көңілімен, ақ ниетімен сән-салтанатты түрде атап өтті. Еңселі елордамызға арналған мерекелік концерттік шара орталық Мәдениет үйінің алаңына жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік басқосудың шымылдығын Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, жаһандық сәулет өнеріндегі қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды. Ұлы Даланың елордасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтың басын қосатын халықаралық бітімгерлік алаңы болып танылды. Бұл шаһарда дүниежүзілік мәселелер талқыланып, жалпы адамзаттық озық идеялар жүзеге асырылуда. Астана қаласының мерекесі құтты болсын! Еліміз дамып, өркендей берсін, – деді қала басшысы.
Келесі кезекте сахна төріне аудан өнерпаздары көтеріліп, тамаша концерт қойды. Қарасайлық бишілер астана мерекесіне орай арнаған мерекелік бағдарламаларын көрсетіп, жиналғандарға керемет көңіл-күй сыйлады. Жиналған жұртшылық Астана, туған жер, туған ел, Отан, ынтымақ, бірлік туралы әдемі әндер орындаған әншілерге сүйсіне қол соқты.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл күні қала әкімі кішкентай қарасайлықтарды мерекелерімен құттықтап, олардың көңілдерін көтеру үшін тәтті сусындар таратты.
Осылайша, аудан халқы ашық аспан астындағы мерекелік іс-шарадан ұмытылмас әсер алып, Сарыарқаның сайын даласының қақ ортасында орналасып, қанатын кеңге жайған елордамыздың мейрамын атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.