Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде құсбегі Руслан Абылдың бекзада өнерге қалай келгені жайлы жазып, осы мәдениет жолында жеткен жетістігін де жария еткен едік. Қыран құстарға жаны жақын кейіпкеріміздің бүгінде құсбегілік лагері өркендеу үстінде. Жанына сая болатын орталығына осы уақытқа дейін талай шетелдік туристер де келіп, Русланның құс баптау өнеріне қызығып қайтқан. Өткен аптада Алматы облыстық туризм басқармасының бастамасымен инфотур аясында туристік индустрияның өкілдері де атбасын бұрып, қарасайлық құсбегінің жұмысымен жақын танысты.
Бүгінде саятшылықты серік еткен Русланның осы уақытқа дейін елімізде әлі болмаған құстарды жаттықтыруға арналған құсбегілік лагерін айтқан едік. Ауданымызға қарасты Ұлан ауылының маңайында орналасқан бұл дархан даладағы демалыс орнында қыран құстарды үйретуге барынша жағдай жасалған. Құтты қонақтарға арналған қазақ үйі мен жаздық күрке тәрізді демалыс орындары да бар.
Жақында келген Алматы облыстық туристік индустрияның өкілдері Русланның қанаттылары мекен ететін құсбегілік лагерінен лашын, бүркіт сияқты құстардың қырағылықтарына тәнті болып, жақсы әсерге бөленді. Ал, қонақжай құсбегі Руслан алыстан арнайы келген қонақтар мен БАҚ өкілдеріне өзінің қанатты құстарын жан-жақты таныстырып, атакәсіпке келудегі мақсатын да айтып берді. Қырағы құстардың бабын тауып, көне дәстүрді өрге бастырып жүрген Руслан Абыл құсбегілік өнерді төрткүл дүниеге бреэнд ретінде қалыптастырсам дейді. Өнерлі отбасында дүниеге келсе де қарасайлық құсбегінің мәдениет жолында таңдаған жолы мүлдем бөлек. Жастайынан құсбегі атануға құмар болған кейіпкеріміз бала арманына қол жеткізу үшін осы дәстүрлі өнер жолында тынбай еңбек етіп келеді екен.
Туристік қонақтарға Руслан өзі жайлы әңгіме барысында айта жүріп, қанатты құстарының қырағылық өнерлерін көпшілікке көрсетті. Алдымен лашынның шапшаңдығын байқатып, кейін бүркітінің алыстан барлайтын қасиетін танытты. Әсіресе, оның алып қанатымен биік кеңістікте қалықтап жүріп, түлкіні тырп еткізбей орнында ұстауы өте әсерлі болды. Бұл жерде «түлкі» деп отырғанымыз – бүркітті қырағылыққа үйрететін шетелден арнайы әкелінген түлкі терісіне негізделіп жасалған заманауи құрылғы.
Жалпы, қарасайлық құсбегінің алдағы арманы жетіп артылады. Алдымен – іргетасы қаланғанына көп болмаған осы «Falconry Camp» құсбегілік лагерінің кеңістігін кеңейтіп, қазақтың қанына біткен осы өнер арқылы елдің мәдениетін әлемге таныту. Осы уақытқа дейін Малайзия, Сингапур, Италия сияқты елдердің туристері де бұл орталыққа келіп, Русланның құс баптау шеберліктеріне куә болған. Жақында Талдықорған қаласында өткен Орбұлақ шайқасының қойылымына да қатысып, құстарының өнерін жетісулықтарға танытып келді.
Осындай ауыз толтырып айтатын қарасайлық құсбегінің еңбектері жана берсін, дегіміз келеді. Қазақтың қанына біткен осы өнердің арқасында еліміздің мәдениеті мен туризм саласы өркендейді деп сенеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.