Жақында Қонаев қаласында 2024-2025 оқу жылында халықаралық және республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда топ жарып, білімімен дараланған жеңімпаздарды марапаттау шарасы өтті. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, аталған жарыста оза шапқан үздіктерді марапаттады.
Шара барысында алдымен беделді байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған 147 оқушы марапатталды. Оның ішінде білім сынында жеңімпаз атанған 22 қарасайлық оқушы бар. Олар да өңір басшысының ыстық ықыласына бөленіп, қуанышқа кенелді.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы өз сөзінде жеңімпаздарға ақшалай сертификаттарды табыстап, олардың егемен еліміздің еңсесін биіктетуге үлес қосатын жігерлі жастардың бірі болатындарына сенімін білдірді.
«2024-2025 оқу жылын сәтті аяқтап, замандастарының ортасынан білімімен, өнерімен танылып, «жүзден жүйрік» атанған, облысымыздың абыройын асқақтатқан жас дарындармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде биыл облыстағы 483 мектепте 352 мыңнан астам оқушы білім алғанын атап өтті.
Салтанатты шараның соңында оқушылар мен ұстаздар «Дарын» гимнін орындап, естелікке суретке түсті.
Айта кетейік, жалпы облыс бойынша білім сапасы 68,3%-ке жеткен. Биыл 17 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, олардың 1433-і – «Алтын белгі», 1513-і – «Үздік аттестат» иегері атанған.
Ал 2022-2023 оқу жылында 104 оқушы халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жеңімпаз атанса, 2023-2024 оқу жылында бұл көрсеткіш 145-ке жеткен. Биыл бұл сан 160-қа дейін өсіп отыр.