Алғашқы қоңырау соғылып, балалардың мектепке барар сәті жақындап қалды. Бұл кезде оқушы жасындағы балалары бар ата-ананың мойнындағы жауапкершілігі арта түседі. Өйткені жылда бағасы өсе түсетін мектеп формасын, оқуға қажетті құрал-жабдықты сатып алуға кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жыл сайын елімізде көп балалы мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмек ретінде «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. Аталған бастама аясында 21 қарасайлық балаға мектеп сөмкесімен оқуға қажетті құрал-жабдықтар берілді.
Нақтырақ айтқанда, өткен аптада аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен орталық кітапханада қайырымдылық шарасы өтті. Айта кетейік, көптегене игі бастамаларға атсалысып жүрген аталмыш ұйым мұндай шараны жыл сайын өткізіп келеді.
Қайырымдылық кештің шымылдығын аудандық кәсіподақ ұйымның төрағасы Сағындық Жылқыбаев ашып, келген ата-аналар мен кішкентай бүлдіршіндерді алда келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, балаларға сәттілік тілеп, оқуда озат, тәрбиеде алда, ертеңгі елдің жарқын болашағы болуды тіледі.
– ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Сондықтан біз еліміздің келешегі жастарымызға лайықты, сапалы білім алуымен тәрбиеленуіне қолайлы жағдай жасау, олардың мүдделерін қорғау аса маңызды. Бүгінгі шарамыз да осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бірі.
Ешкімге жасырын емес, жаңа оқу жылы кезінде кейбір ата-анаға баласын керек жарақпен қамту қиынға соғады. Әсіресе, бұл көп баласы бар отбасыларға қатысты. Сол себепті біз өз тарапымыздан осындай акцияны өткізуді дұрыс деп санаймыз. Өйткені әрбір бала мектепке келер алдында сақадай сай болғаны абзал, – деді Сағындық Жылқыбаев.
Мұнан кейін аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 21 балаға жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылған сөмкелер табыстады. Жинақта – дәптер, қаламсап, оқушы күнделігі, бояу және еңбек сабақтарына арналған құралдар, ауыз су құйып алатын ыдыс және тағы да басқа заттар болды.
Игі бағыттағы шара соңында ата-аналар өз тараптарынан осындай қайырымдылық көмегін көрсе-тіп, мейірімділік сыйлаған Сағындық Жұмабайұлы мен аудандық кәсіподақ ұйы-мының мүше-леріне шексіз ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, аталған шараға мұрындық болған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде тамыз айының 1-нен бастап қыркүйек айының 30-на дейін жүзеге асырылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
